ЖЫЛ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСЫ БАҒАЛАНДЫ

IMG-20210210-WA0099

Өткен жылы аудан көлемінде атқарылған барлық шаруа мен алдағы уақыттағы жұмыс жоспарына енгізілген міндеттер сараланған аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің елді мекендердегі тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері сәрсенбінің сәтті күні, аудандық Мәдениет үйінде, аудан халқының алдында қорытынды есеп беру жиынымен өз мәресіне жетті.

Аталған жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы келіп қатысты (суретте). Сонымен қатар, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық округ әкімдері, мекемелер мен бөлімдердің басшылары, ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық кеңестің мүшелері, білім мекемелерінің басшылары, аудан тұрғындары және т.б. қатысты.

Алдымен, аудан әкімі Мейірхан Өмірбек өткен жылы ауданымызда атқарылған жұмыстар мен барлық салалар бойынша қолжеткізілген көрсеткіштерге тоқталып, негізгі жетістіктерді саралап көрсетті. Олар жайында газетімізде жарияланған аудан әкімі есебінің толық мәтінінде де, ауылдарда, тұрғындар алдында өткізілген есепті кездесулерде де айтылған еді.

Назар аударатын жайт, өткен жылғы дәл осындай есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан жалпы 144 мәселе көтерілген. Солардың 122-сіне аудан басшылығы тарапынан жауап берілген. 22 мәселе іс жоспарына еніп, 18-і нақты шешімін тапқан. Тағы 2 мәселе тұрақты түрде бақылауға алынған болса, 2 мәселе орындалу үстінде екен.

Аудан әкімінің айтуынша, 2021 жылы ауданымызда өңдеу саласында бірқатар инвестициялық ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Сүт өнімдерін өндіру бойынша, жобалық құны 800 млн. теңгелік, жылына 864 тонна ірімшік өндіруге қауқарлы цех қыркүйек айында іске қосылады. Жобалық құны 300 млн. теңгені құрайтын су электр станциясы 2021 жылы пайдалануға беріледі. Балық өсіру және балық өнімдерін өндіру жобасы да биыл жүзеге асырылса, 2015 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған Сарымолдаев ауылындағы «Алкопищепром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де биыл өз жұмысын қайта бастайды екен. Мамыр айынан арақ өнімдері шығарыла бастаса, шілде айынан бастап табиғи минералды су өндіріледі. Асфальт, шағал-тас шығаратын жаңа зауыт та биылғы жылы іске қосылады. Ол үшін арнайы жер беріліп, құрылғылары әкелініп, орнатылуда. Сондай-ақ, Сәбит Бейсенбетов есімді азамат қолға алған модульді сүт өңдейтін цехы да осы жылы іске қосылады деп жоспарлануда екен. Бұл жобалар жүзеге асырылса, аудан тұрғындары үшін көптеген жұмыс орындары ашылып, өзіміздің жергілікті өнімдер нарыққа шығарылмақ. Сол арқылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері одан әрі жақсаруға тиіс.

Аудан әкімінің есебінен соң, аудан тұрғындарына сөз кезегі берілді. Белгілі ақын Шырын Мамасерікова ауданда атқарылған жұмыстарға өзінің оң бағасын беріп, аудан мен облыс басшыларына өзінің ризашылығын білдірді. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Дастан ауданымызға қатысты бірнеше мәселелерді көтерді. Оның ішінде, негізгі капиталға салынатын инвестицияның көлемі, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны, суармалы жерлер алқабын қалпына келтіру жөніндегі бірнеше индикаторларға және аудандық полиция қызметі, оның ішінде, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы мен Кенесары хан ескерткішіне қатысты бірнеше сұрақтар қамтылды. Одан кейін, ауданның құрметті азаматтары Қайнаркүл Татығұлова, Нұрсұлтан Жәнібеков, Шамсаддин Сулейманов, аудандық мәслихаттың бұрынғы депутаты Ерназар Нартбаев, жеке кәсіпкер Ержан Қырғабақов, Өсер Құрманалиев, Әшен Қырғабақұлы және т.б азаматтар өздерінің сауалдары мен өтініш-ұсыныстарын жолдап, әкімдерге деген жылы лебіздерін де білдіріп жатты. Олардың базыналарының ішінде, ел бірлігін арттыру, ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың құнарын арттыру, тұқым шаруашылығы, қайтарымсыз гранттар, аудандағы дәрі-дәрмектің қымбатшылығы, өзімізде кәмпит өнімдерін шығаруды қайта жолға қою және тағы басқа жайттар жөнінде айтылды.

Аудан әкімінің есебі әлеуметтік желілер арқылы да тікелей эфир арқылы аудан тұрғындарына көрсетіліп, Мейірхан Азатұлы оқырмандардың бірнеше сұрақтарына жауап берді. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі қорытындылады. Ол өткен жылдың бәріміз үшін күрделі болғанын ескеріп, ауданымыздың негізгі көрсеткіштерінің бәріне жақсы деген бағасын берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы орынды екенін жеткізіп, халықтың үніне құлақ асу – мемлекеттің әрдайым алға қойған міндеттерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ, әрдайым осындай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағы, ел болашағы үшін жас ұрпаққа берілетін тәрбиенің маңызы жоғары екенін де ескертіп, жиынды қорытындылады.

IMG-20210210-WA0105         IMG-20210210-WA0104

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *