ОҚ БОРАП, ОТ ТҮТЕГЕН ОН ЖЫЛ

DSC_0736

Адамзат жаралғалы бері жер бетіндегі бейбіт жылдардан гөрі, қантөгіс пен күйреуден тұратын отты кезеңдердің үлесі басым – дейді, кейбір сарапшы-тарихшылар.

Иә, түрлі тоталдық және локалды әскери қақтығыстар былай тұрсын, тарихтан бәріміз білетін, Франция мен Англия арасындағы 100 жылдық соғысты (1337-1453 жылдар аралығы) еске алсақ, адам баласының басына түскен ауыртпашылықтың қасіретін сезініп, бағасын бағамдау да қиын емес. Дегенмен, басқа жағы батпаққа батса-дағы қалтасындағы қаражаттың басым көпшілігін қару-жарағын қамдауға жұмсап, түрлі жағдайларда асығы алшысынан түспей қалса, бірден соғысқа жүгінетін адамзат қашан ғана толық бейбітшілікке қол қойылар келіссөз столына отырады? Оны дәл қазір дөп басып, айту да қиын…

Қалай десек те қауіп төнгенде Отан іргесін қорғауымыз сауапты іс. Осы ретте, «КСРО – бейбітшіліктің қорғаны» деп, ұран салғанымызбен, сол кездегі геосаяси ахуалдың ушығып, шын мәнісінде, империалистердің шекара шебімізден сығалап, оған жақындамауының алдын алу мақсатында, 1979 жылы, көрші Ауғанстан Демократиялық Республикасына кеңестік әскери шектеулі контингентті кіргізуге мәжбүр болғанымыз рас.

Міне, 10 жыл бойы ұрыс алаңына айналған Ауғанстан жеріндегі 40-шы Армия әскерлерінің кері шыққанына да биыл 32 жылдың жүзі болыпты. Өткен жұма күні, осы датаның құрметіне орай, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ербол Байболсынов пен округтің тап сол күні көптің қолдауымен жаңадан сайланған ақсақалдар алқасының төрағасы Медербек Өзбеков (жоғарғы суретте ортада) округтегі 13 ауған соғысы және олармен мәртебелері бірдей 4 Чернобыль-Семей ардагерлерін қабылдап, жиын өткізді.

Жиынды ашқан округ әкімі Ербол Байболсынұлы соғыс қаншалықты қасірет болса, оның өртін өшіруге қатысқан әрбір ардагер – елі ұлықтайтын азамат ретінде жергілікті биліктің назарында жүретінін айтып, әрбір ардагерге денсаулық тіледі. Сонымен қатар, ол Ауғанстанда ерліктерімен танылса, бейбіт өмірде заман талабына сай «Дәмен» шаруа қожалығын құрып, аудан экономикасының дамуына үлесін қосумен қатар, түрлі демеушілік акциялардың бел ортасында жүретін Қазбек Салаховқа жерлестері атынан алғысын жеткізді.

Одан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, чернобылшы Алижан Керімқұлов пен жоғарыда айтылғандай, жауапты есептелетін жаңа лауазымға бекітілген Медербек Өзбеков ағаларымыз ауданымыздың қоғамдық
тыныс-тіршілігіне дем беріп, бітер істің қасынан табылатын ақылгөй ҰОС ардагерлерінің орнын басу үшін барлық заңды құқыққа ие – ауғандықтар мен чернобылдықтарды мерекелерімен құттықтап, өз кезегінде оларды қоғам құрылысының керекті жердегі «кірпіштерін қаласа» жүруге шақырды.

Келесі сөз алған, ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай, ауданымыздың Құрметті азаматы атанған, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұратбек Байдәулетов, төраға орынбасары Мұхиддин Зарипов, Жамбыл ауылдық округі Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Асхат Шарафутдиновтар отты жылдар мен ауыр күндерді еске алып, елдің Тәуелсіздігін сақтау мен әлемдегі бейбітшілікті қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

Жиынды қорытқан округ әкімі Е.Байболсынов мерекеге сай демеушілік жасаған «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-нің директоры Дастан Айтөленов пен жамбылдық жеке кәсіпкерлер Әділхан Керімбаев және Исмайыл Халиловтарға өз алғысын айтып, жиынға қатысушы барлық ардагерлерге демеушілер әзірлеген бағалы сыйлықтарды тапсырды.

????????????????????????????????????

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *