АҚЫЛЫ ЖОЛ ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ…

????????????????????????????????????

Осы аптаның сейсенбісінде, аудан әкімдігінде, «Қайнар-Тараз» автожолының ақылы жүйеге ауыстырылуы туралы қоғамдық тыңдау болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Асхат Медетбеков, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Мадиев, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Дәурен Тультаев, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, Ақсақалдар кеңесі мен Қоғамдық кеңестің мүшелері және т.б. қатысты.

Қоғамдық тыңдаудың күн тәртібінде Меркі ауданында «Қайнар-Тараз» автомобиль жолы учаскесіне қауіпсіз жүйені енгізу, яғни, ақылы жүйеге ауыстыру, сол арқылы аталған учаскедегі жолдардың және қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселесі қаралып, көпшіліктің талқысына салынды.

Республикада ақылы жол жүйесі тәжірибеден өткен, қолданыста бар жүйе. Елімізде алғашқы рет «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автожолына ақылы жүйе енгізілген. Тәжірибе нәтижелі болғандықтан, 2019 жылы елімізде «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» ақылы учаскелері іске қосылған. Сол жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, алдағы 4 жылда республикалықмаңызы бар 11 мың шақырым жолда ақылы жүйе енгізу жоспарлануда екен.

Дінмұхамед Ғалымжанұлының айтуынша, ақылы жүйе енгізу арқылы жолдарда жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етуге, жол апатын азайтуға, сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамытуға ықпал етіледі. Ақылы жүйеден түскен қаражат сол учаскедегі жолдардың күтіміне жұмсалатын болады. Ол күтімнің ішіне ақылы учаскелердегі тәулік бойы жұмыс істейтін патруль қызметі кіреді. Яғни, жолдың жай-күйі тұрақты түрде тексеріледі, жол жиектерін тазалау жүзеге асырылып, төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсетіледі.

Төлем жүйесі енгізілген барлық автожол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен түнгі мезгілде жанып тұратын жарық сигналдары (катафоттар) орнатылады. Ал, мониторинг жүргізудің заманауи смарт-жүйесі жолдағы көліктердің легі мен жылдамдығын бақылайтын болады. Сонымен қатар, ақылы жолдарды енгізу – жол бойындағы демалыс орындары мен көлік тұрақтарын, қонақ үйлер, супермаркеттер, дәретханалар мен дәріханалар сияқты және т.б инфрақұрылымдарды қамтитын болады.

Ал, енді жергілікті қоғам өкілдерінің пікіріне назар аударсақ, ауданның құрметті азаматтары Қайнаркүл Татығұлова, Нұрсұлтан Жәнібеков және тағы басқа бірқатар азаматтардың пікірлері ортақ бір мақсатта үйлесті. Жергілікті тұрғындардың бар тілегі – жолдардың күтімі мен сапасын сақтауды басты назарға алу болып табылды. Яғни, жиынның қатысушылары жүк көліктерінің жүктемесін қатаң қадағалауға, жол бойы мен жол бойындағы дәретханалардағы тазалықтың нашарлығына, сервистік кешендердің қызметіне қатысты мәселелерге баса назар аударды. Сондай-ақ, ақылы жүйенің енгізілетін мерзімі мен бағасына, әлеуметтік жеңілдіктерге және аудан аумағындағы республикалық дәрежедегі жолдардағы көлік қозғалысына байланысты өздерінің бірнеше сауалдарын жолдады.

Көпшіліктің сұрақтарына жауап берген Дәурен Алматайұлы көтерілген мәселелердің бәрі орынды екенін ескеріп, алдағы уақытта осы мәселелерді шешу жөнінде жүйелі жұмыстардың жоспарымен де таныстырды.

«Тараз-Қайнар» автожолындағы төлем ақысы жылына бір мың теңгені құрайды. Ал, басқа учаскелердегі ақылы жолдарда жүретін болсаңыз, қосымша ақы төлеуге тура келеді. Бірақ, ҰОС және ауған соғысының ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға төлем қарастырылмаған. Дәурен Алматайұлының айтуынша, ақылы жүйе сәуір айында тәжірибе ретінде, тестілеу режимінде ресми түрде енгізіледі екен.

«ҚазАвтоЖол» мекемесі өкілдерінің мәлімдеуінше, ақылы автожолға қатысты сұрақтар бойынша 1403 байланыс орталығы жұмыс істейді. Жүргізішілер тәулік бойы хабарласып, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша жауап ала алады. Сондай-ақ, QAJ Mobile қосымшасы арқылы жүргізушілер өз теңгеріміндегі қаржыны бақылап, көптеген қызметтерге жүгінуге болады.

DSC_0781        DSC_0778

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *