Өткен аптаның бейсенбі-жұмасы күндері, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен және аудандық мәслихат депутаты, «Меркі» тұтынушылар кооперативі мекемесінің директоры Азамат Рахымбаевтың қолдауымен, «30 жылдыққа – 30 игі іс» жобасын іске асыру мақсатында, «Өзгеге жақсылық жасау – өз бақытыңның кілті» тақырыбында қайырымдылық акциясы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9-ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 30-желтоқсандағы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңдарын іске асыру, жастарды ерікті қызметке тартып, оларды қайырымдылыққа үйрету, сондай-ақ, жағдайы төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, қарттарымызға көмек беру және құрметтеу, сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық сияқты қасиеттерді дарыту болып табылады.
Қайырымдылық акциясының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, Меркі ауданының бас имамы Батырбек қажы Қасымалиев, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Рахымбаев және 50-ден астам ауданның ерікті жастары
қатысты (суретте). Алғы сөзді алған Берік Дүйсенбайұлы еліміздің 30 жылдығын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мерекелетіп емес, осындай ізгі іс-шараларды көптеп ұйымдастырып, халыққа көмек көрсету жолында еңбек етіп өткізуіміз керектігін айтты. Ал, Батырбек қажы болса, қайырымды істің мол сауабы турасында әңгіме өрбітіп, осынау іс-шараны ұйымдастырып, атсалысып жүрген жастарға өзінің алғысын білдірді. Өз кезегінде, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Рахымбаев та халыққа қызмет етіп, азаматтарға барынша қолдау көрсету – бәріміздің ортақ міндетіміз екенін жеткізді.
Одан кейін қайырымдылық акциясы екі күн бойы бірнеше бағытта жалғасын тапты. Іс-шара барысында «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен аудандық «Merki Eriktileri» волонтерлар қозғалысының мүшелері тарапынан Жамбыл, Сарымолдаев, Ойтал, Ақарал, Андас батыр ауылдық округтеріндегі көп балалы аналарымызға (5 отбасы) және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратылып берілді. Ақтоған, Жамбыл, Меркі, Сарымолдаев, Ойтал, Ақарал, Жаңатоған, Андас батыр, Ақермен, Аспара ауылдық округтеріндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне керекті құрал-жабдықтар алып берілді (10 мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне). Сонымен қатар, Ақтоған, Меркі, Жаңатоған, Ақермен, Аспара ауылдық округтеріндегі жалғызілікті қарт кісілерге үй шаруасында көмек көрсетіліп (5 қарт кісінің үйіне), аудан тұрғындарына 200-ден астам медициналық бетперде тарату жұмыстары жүргізілді.
Айтбек КҮШІКБАЙ,
«Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары.