МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ немесе табиғи дарыны һәм білімі мен мінезі ұштасқан өнер адамы жайлы бірер сөз

Тәтті

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – дейді, Алаштың арда туған бел баласы Әлихан Бөкейханов. Ғұлама азаматтың бір ауыз осы сөзі «Тек білімің болса ғана өзгеден ерек, жалпақ жұрттан жоғарысың» дегенге саятын кейбіреулерге тән теріс қағидатты  кейін тебетіні бар.

Иә, мейлі, тасып-шалқыған ұлық бол, мейлі, адал еңбекпен бір үзім нанды тауып, қара шайды қанағат етуге мәжбүр пақыр бол (екеуі де уақытша құбылыс). Бірақ, «ақын болу шарт емес, азамат болу міндетің!» – демекші, адамгершіліктен еш аттамай, ар-ұятың алда жүретін мәдениетті болуың, сонымен қатар, адамды адам баласынан ерек көрсететін жалғыз ғана қасиет – қарапайымдылықты қатар алып жүретін пенделік сипаттан ажырамауың керек. Бәрін айт та бірін айт, барлығын бүтін алып, бір көрсетсек – мінезді болуың басты шарт, замандас!

Ал, мінез деген ауқымы кең қасиет, негізінен, текті саналған ата-бабаңның қанымен келеді. Не болмаса, өмірдің ащы-тұщысын көп татып, оның ырық бермес небір өткелдерінен әупіріммен өткен кезіңде өзгенің өзегін орынсыз тебуге болмайтынын, әркімді өзіңдей көріп, басқаның жан-қайғысын айналып өту – күнә екенін бағамдаған кезіңде бойыңа сіңіп, қалыптасуы да бек кәдік.

Бүгінгі әңгіме, адамның асыл қасиеті – мінезді болу мәселесінен басталды. Оның да өзіндік себебі жоқ емес шығар. Басты кейіпкеріміз – Тәтті ауылдық клубының меңгерушісі Жуасбекова Шәрбану Тілеуқұлқызының бар болмысына байыппен қарасаңыз, өзгеге ұқсамас ерекшелігі мол осы мәдениет саласы маманының тұла бойынан өз кәсібіне қосымша әр беретін тап сол бір асыл қасиеттерді бірден аңғаруға болады. Шәрбану айнала ортасы мен ұжым мүшелерін сонысымен қызықтырып, бір мақсатқа еріксіз жұмылдырады, клуб жүйесі ісіндегі озық тәжірибелеріне де білім мен тамаша мінезінің ұштасуы жетелегені даусыз!

Ал, енді Тәтті ауылдық клубының жетістіктеріне келсек, көсіліп жатуға көрпе қысқа кезең – 2007 жылдың өзінде облыстық «Ең үздік клуб» конкурсында 2-орын алған аталмыш клуб 2019 жылы «Жамбылым қандай тамаша!» атты аудандық өнер фестивалінде қатысушы ауыл тұрғындарының саны басым болып, «Шығармашыл ауыл» номинациясын жеңіп алған. Еске алып, айта кетсек, облыс әкімдігі мәдениет басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығы өзге аудандармен қатар, Тәтті ауылдық клубының жұмысын насихаттау мақсатында арнайы кітапша шығарғаны да күні кеше болатын. 2020 жылы аудандық «Батагөй қария» онлайн байқауында өзінің тума таланты болғанымен, клуб үйінің баптауы да келіскен ауыл азаматы Белгібай Айнақұлов 2 орынға жайғасты.

Клуб жанынан құрылып, ауданымыз бойынша тек осында ғана ашылған қуыршақ үйірмесіне оның жұмысын жүргізу үшін арнайы курсты тәмамдап келген Шәрбану Тілеуқұлқызының өзі жетекшілік жасайды екен. Ал, әншілікке де ден қойып жүрген
клуб меңгерушісінің айтуы бойынша, қолөнер жағын №13 М.Мәметова атындағы ЖББМ-нің технология пәнінің мұғалімі Гүлшат Разакова алып жүрсе, би үйірмесіне тәлімгер, өте білікті маман Гүлшат Алдабергенова дәріс береді. Вокал мен домбыра үйірмесінің жетістіктерге жиі жетуі ауданымызға танымал музыкант Гүлсім Мәнкееваның арқасы деп білсек, көркемсөз оқу жағынан мектеп ұстазы Сандуғаш Қарынбаеваның еңбегі зор екен.

Ендігі кезекте, Шәрбану Тілеуқұлқызының өміржолына да біраз тоқталып өтсек, артық етпес.
Ш.Жуасбекова қазіргі Байзақ ауданының Шахан елді мекенінде, ауылдық кеңестің хатшысы, одан кейін партия ұйымының төрағасы қызметін атқарған Тілеуқұл ағамыз мен балабақша меңгерушісі Майра жеңгеміздің отбасында туған. Негізі, Шәрбану өнер саласына ғайыптан келіп, киелі сахна төріне кездейсоқ тап болған тұлға емес. Кеңес заманы кезінде жұрт өнері тасыған Шахан ауылында халық театры жұмыс жасап, сол ұжымның белді мүшелері болған ата-анаға қарап өсуі мен сол тәрбиенің әсері болар, Шәрбану Қаскелең мәдениет училищесін «Мәдени-демалыс қызметін ұйымдастырушы», «Көпшілік қойылымдар режиссері» мамандығы бойынша аяқтаған. Одан кейін білімін жетілдіру мақсатында, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтына түсіп, 1997 жылы «Драма және кино актері» мамандығын алып шығады.

Ш.Жуасбекованың бауырлары да өнер адамдары. Мысалы, ағасы Еркін Жуасбек Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының директоры, інілері – Ербол Семей облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері, ал, Ерлік кезінде Павлодардағы театрдың көркемдік жетекшісі болса, қазір Алматыдағы атақты ТЮЗ директорының орынбасары.

Сонымен, Шәрбану Тараз қаласындағы Абай атындағы облыстық драма театрында актерлік қызмет атқарып жүргенінде, қазіргі таңда Тәтті ауылындағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі болып еңбек ететін Мақсат Қалыңбаев атты жігітке тұрмысқа шығады. Осылайша, шалғай ауылда қат саналатын керекті маман иесі, яғни, Шәрбану сол олқылықтың орнын толтырғаны бар!
– «Қала жағалап, мансап қумадым» – деп еш өкінбеймін. Ауылда өз орнымды тауып, қаракөз қандастарым – өнерлі жастарды, өз ұлтымды өрге шығаруға титтей де болса үлес қосып жүргеніме ризамын. Себебі, игі жақсының бәрі ауылдан шыққан ғой. Өз ұл-қыздарым – Нұрислам мен Жанель де өнерге икемді болып өсуде – дейді, Шәрбану бір сөзінде.

Иә, Жүргеновты бітірген өнер жампозы Ш.Жуасбекованың ерен еңбектері еленбей қалған жоқ. Облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттары бір төбе, өткен жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін омырауына таққан санаулы жерлестеріміздің бірі де осы Шәрбану ханым болатын.

Біздер, газет ұжымы, сәті түсіп тұрғанда Шәрбану Тілеуқұлқызына жаңа шығармашылық табыстар тілеп, алдағы 8-наурыз – Халықаралық Әйелдер күнімен құттықтап өткіміз келеді.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *