ҚАРЛЫҒАШ. ҰЖЫМ. ЖЕТІСТІКТЕР

Қарлығаш

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы уақыт ішінде етек-жеңін жинап үлгерген елімізде енді мәдени мұраларымызды түгендеп, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге баса назар аударылуда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болашаққа бағдар – рухани жаңғырудан басталатыны жайында арнайы мақала жазып, болашағымызға бағдаршам жасап берген еді. Ал, қазақ үшін руханият пен мәдениеттің түпқазығы – қашанда ауыл болып келген болса, жаңарған заманда рухани жаңғыруымыздың да бастауы – ауыл болмақ. Ендеше, осы бағытта ауылдағы жұмыстың жайы қалай? Мәдениет саласында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рухани жаңғыруымызды жеделдету жолында ауылда нендей шаруалар атқарылуда?

Меркі жерінде, ауыл дегенде, ең алдымен, қазақы қаймағы бұзылмаған, ортақ мүдде мен ортақ істе үнемі алдыңғы қатардан табылатын Кеңес ауылы ойға оралады. Ал, осы ауылдағы мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, ауыл тұрғындарын сол іс-шараларға атсалысуға барынша жұмылдырып жүрген өнердің, ұлттық құндылықтарымыздың жанашыры, ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Еламан Қарлығаш Ақылжанқызы екеніне шүбәміз жоқ. Қарлығаш жетекшілік еткен 2005 жылдан бері, Кеңес ауылы мәдениет үйінің өнерпаздары талай жетістіктерге жетіп, талай шыңдарды бағындырды. Мысалы, Кеңес ауылының мәдениет үйіне қарасты «Балдәурен» би тобының бишісі Ақжарқын Меркістан 2018 жылы республикалық «Атадан мұра» байқауына қатысып 1-орынды алса, сол жылы ол Грузияда өткен халықаралық бишілер байқауына да қатысып, жүлделі 2-орынды иеленіп, елімізбен қатар, ауданымыздың да мерейін үстем еткен-ді. Жалпы, Кеңес тұрғындары мәдени іс-шараларға жұрт
болып жұмылады. «Ауылым – алтын бесігім» атты ауданның 90 жылдығына арналған салт-дәстүрлерді дәріптеу байқауында өзге округтерден оқ бойы оза шауып, бас жүлдені жеңіп алғаны да кеңестіктердің ортақ жеңісі деп білеміз. Ауылдық мәдениет үйі 2017 жылы облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталса, Қарлығаш Ақылжанқызының өзі 2018 жылы аудандық мәдениет бөлімінің «Алғыс хатына» ие болған. Әрине, бұл Қарлығаш пен ол жетекшілік ететін ұжымның жеткен жетістіктерінің кішкентай ғана бір бөлігі.

Қазіргі уақытта Кеңес ауылдық мәдениет үйінің жанында «ВИА» – вокал, «Қызғалдақ» – би, «Ақ ниет» – әжелер және театр мен қолөнер үйірмелері жұмыс жасайды. Ал, осы үйірмелердің жетекшілері мен мүшелерінің бәрі Кеңес ауылының тұрғындары және олардың бәрі ауылдың шын патриоттары, өнердің нағыз жанашырлары. Өйткені, олардың өздерінің негізігі жұмыстары бар болғанына қарамастан, үйірмелердің жұмыстарына алтындай уақыттарын бөліп, үнемі назар аударады. Мысалы, театр үйірмесінің жетекшісі Рая Сәрсенбаева ауылдағы №6 мектепте орыс тілінен сабақ жүргізсе, «ВИА» үйірмесінің жетекшісі Мелс Телтаев та ауыл мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Осы «ВИА» үйірмесіндегі Мұхит Өмірсеріковтың музыка өнерінен алғаны дипломы болмаса да, табиғи талантымен музыкалық аспап – барабанда сол кісі ойнайды екен. Сол сияқты Елубай Қошановты да ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, Рыскүл Таубаева жетекшілік ететін әжелер тобының мүшелері А.Мырзахметова, А.Іңкәрбекова, Ш.Белдікбаева, Л.Айтбаева, М.Салмаханбетова, Р.Байдаулетова, Н.Иманбаева, С.Іңкәрбекова және жоғарыда айтып өткен Р.Сәрсенбаева да, бәрі зейнеткер, немере бағып, кейбірі шөбере сүйіп отырған әжелер. Әжелер үйірмесіндегі жасы 75-ке келген Шолпан Белдікбаева апай қолөнер үйірмесіне жетекшілік етсе, Л.Айтбаева және А.Иманқұлова, А.Күзенбаева да ауыл жастарын, әсіресе, қыз балаларды қолөнердің түр-түріне баулуда.

Ауылдағы мәдени, қайырымдылық және т.б іс-шаралар ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен өткізіледі. Сонымен қатар, ауылдың Ақылжан Иманқұлов, Бауыржан Байдәулетов және т.б. жасы үлкендері де өзгелерден қалыспай іс-шараларға қатысып, атсалысады. Мысалы, 2020 жылы рухани байлығымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізілген аудандық «Батагөй қария» байқауында ауыл ақсақалдары Хайрулла Қоңырбаев атамыз Бас жүлдені жеңіп алса, Ақылжан мен Бауыржан аталарымыз жүлделі 1-2-орындарды иеленіпті.

Кеңестік жастардың да ауылдың атын асқақтатуға қосқан үлестері зор. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аудан бойынша дәл осы Кеңес ауылында қызу қолдау тапты. Ауданымызда бір ауыл бола тұрып, бір үй сала алмаған ауылдар бар болса, Кеңесте асарлатып салынған 1 үй мұқтаж отбасыға берілсе, тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Ауылдағы мәдени іс-шараларға ауыл әкімі Есберген Жапарқұлов тарапынан да үнемі қолдау көрсетіліп тұрады екен. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйі де «Қызғалдақ» би тобына 25 оқушыға киім тіктіріп берсе, ауылдың азаматы Ербол Төлеуішов те киім тіктіруге көмек көрсеткен.

Кеңес ауылында Қарлығаш Ақылжанқызының ұйымдастыруымен және «Нұрбақыт» бөбекжай- бақшасының демеушілігімен, 1-наурыз – Алғыс айту күніне орай, мектеп, балабақша, ауылдық медпункт қызметкерлері және оқушылар мен бүлдіршіндердің қатысуымен «Көтер көкке Туыңды» атты үлкен мерекелік іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, Қарлығаш басқа ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен клубтарының жетекшілерімен бірігіп, аудан бойынша концерттік тур ұйымдастырып, өткізді. Қарлығаш болса кеңестіктердің осындай жетістіктерге жетуі – ауыл тұрғындарының мызғымас бірлігінің арқасында екенін айтады. Дегенмен, жоғары тараптан әлі де болса қолдау керек дейді. Қазіргі уақытта, ауылдық мәдениет үйінде 3 штаттық бірлік қана бар болса, олар жетекшінің өзі, қалған екеуі техқызметші мен қарауыл. Көбіне, іс-шараларды ұйымдастыру ісінде қарауыл Бақтияр Тайжанов та, техқызметші Малика Салмаханбетова да өте белсенділік танытады екен. Қарлығаш Ақылжанқызының айтуынша, «ВИА» үйірмесіне вокалшы штаты және Халық театры атағын қорғау үшін режиссер керек екен.

Міне, кеңестіктердің, оның ішінде Қарлығаш Ақылжанқызы бастаған ұжымның мәдениет саласында атқарып жүрген ерен еңбектері мен жеткен жетістіктерінің бір көрінісі осындай. Шағын ғана бұл ауылдың жайы – рухани жаңғырудың даңғыл жолына түскен біздің еліміздегі кез келген ауылға өнеге етіп, үлгі ретінде дәріптеуге әбден лайық дегіміз келеді.

Орайы келгенде, Қарлығаш Ақылжанқызын  8-наурыз – Халықаралық Әйелдер күнімен және 9-наурызда, осынау мерекенің ізін жалғай келген туған күні – жекеменшік төл мерекесімен де құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *