ХАЛЫҚ ҮШІН ҚАРАКЕТ ЕТУ – МІНДЕТІМІЗ немесе жаңа басшы құрған жоспарлар тізбегі қандай?

DSC_0633

Өткен бейсенбі күні, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жаңадан тағайындалған аудан әкімі Руслан Нұрсипатов ауданымыздың зиялы қауым өкілдері мен әр ауылдық округтерден арнайы шақырылған жасы үлкен ел ағалары және қоғам жанашырларымен кездесу өткізді (суретте).

Жиынды ашып, өзін тағы бір мәрте таныстырып өткен Руслан Маратұлы «уақыт тығыз, сөз қысқа» принципін ұстанып, бірден іске көшіп, алға қойған мақсат-міндеттерінің ішіндегі ең маңыздыларына тоқталды. Сонымен қатар, ауданымыздың одан әрі әлеуметтік-экономикалық өрлеуі мен халықтық тұрмыстық ахуалының жақсаруына негіз болатын басты критерийлерді зерделеп, жалаң сөздің жетегіне ілеспей, жанды әрі жүйелі жұмыстарды бірлесе «жусату» жағына мән берді.

Ал, өз тарапынан, тағайындалу мерзімі облыстық бюджеттің нақтылану кезеңіне дөп келіп тұрғанын жеткізген Р.Нұрсипатов 2021 жылға 1 млрд. 900 млн. теңгені құрап тұрған аудан бюджетін қайта қарап, оны алдағы жартыжылдықта кемі 2,5 млрд. теңгеге көтеру жөнінде тиісті тұлғаларға тапсырма беріп үлгергенін айтты. Бұл бағытты «Меркінің өркендеу әлеуеті өзгелерден көш ілгері» деп есептейтін облыс әкімі Б.Сапарбаев та қолдап, аймақ басшысының тікелей тапсырмасында ауданымыздың алға адымдауы үшін қандай жолды таңдап, нендей іс атқару керектігіне басты назар аударғанын жеткізген Руслан Маратұлы бірқатар мәселелерге талдау жасады. Оның ішінде, агросалада салмақты ізі болуы тиіс, климаттық- географиялық өте қолайлы аймақта орналасқан ауданымызда 20 мың 500 га. суармалы жер болса, қазіргі таңда шаруалар оның небары 3,5 мың гектарын ғана пайдаланып отырғандықтан, су қоймасын салу ісін қолға алып, кемі 10-15 мың гектар алқапты суландыру жоспары бар екен.

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қарасы да жыл сайын өсе түсуде. Міне, келгеніне небары екі күн болған аудан әкімі бұл мәселенің айналасында да бірқатар жұмыс жасап үлгергенін байқатып, аудан орталығынан көпқабатты 2-3 үй салу жоспарын да көпшілік алдына жайып салды. Ол үшін тиімді жер телімін қарастырып жатқан меркілік құрылыс және сәулет мамандары бұл мәселені жоғары жақ та қолдаса деген ойда.

Біздің Меркі көрші жатқан айыр қалпақты қырғыз ағайындарға барыс-келісті реттейтін жол күресінде орналасқандықтан, ол бүкіл мемлекетіміздің кескін- келбетін боямасыз көрсететін айна, жалғыз дәліз де іспетті. Сондықтан, елдігімізге сын келмеу жағына мән берген аудан әкімі Руслан Нұрсипатов шекараға апаратын көше бойларын ажарландыру керектігін қадап айтты.

Меркі жері тарихы бай, табиғатына көп сүйсінетін киелі мекен. Ауданымызда алыс-жақын шетелге белгілі сауықтыру-емдеу орындары қоныс тепкен. Осы ретте, «Меркі шипажайының» басшысы С.Мақажановпен кездесіп үлгерген аудан әкімі тәжірибесі мол мекеменің ісін жандандыру мен туризм мәселесін май шаммен қайта қарау жағына да басымдық жасапты.

Өзінің бойын кабинеттік жүйеден аулақ ұстап, ел арасында жиі болуды қалайтынын айтқан аудан басшысы алдағы онкүндіктерде барлық ауылдық округтерді аралап, елмен кездесетінін де айтып өтті. Сол жиындарда «жаманды жасырып, жылт еткенді есі кетіп мақтайтын, немесе бас шұлғуға жақын тұратын «кезекші көкелер» емес, керісінше, көкейтесті мәселелерді қырынан қойып, ашық көрсететін ел ағаларымен жүздескісі келетінін жеткізген Руслан Нұрсипатов көпшіліктің ой-пікір, ұсыныстарын тыңдамаққа да ниетін білдірді.

Бірден айта кетейік, әр ауылдан жиналған ел қалаулылары мен ауданымыздың зиялы қауым өкілдері жаңа әкімнің алға қойған жоспарларының іс жүзіне асуына сәттілік тілесе, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне біркісідей тер төккен бұрынғы басшы Мейірхан Өмірбектің еңбектеріне де жоғары бағаларын аямай, берісіп жатты.

Ал, енді көпшіліктің тілек пен базына, уәж бен ұйғарымдарына тоқталсақ, ақермендік Нұржан Жұманов «аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» керімен, басқа ауыл шаруасында гектарлаған жер телімі болса, олардың қолы оған жетпегенін ел атынан жеткізіп, Алтынарықтағы құлағалы тұрған «арық әрі жыртық» мектептің жай-күйімен танысуды да сұрады.

Аналық батасын беріп, ынтымақты ел болуға шақырған жыр шайыры Шырын Мамасерікова мен «облыс бойынша алдыңғы орындардан түспеген Меркіміздің мерейін бірлесе тасыта беру – міндетіміз» деген Жаңатоғандық ардагер апамыз Қайнаркүл Татығұлова жаңа әкімге тіреу болып, бірлесе іс атқаруға үндеді.

Нұрсұлтан Жәнібеков орталықтағы жер асты өткелдері өз қызметін толық атқарса деген ұсынысын айтса, Тастан Дуанабаев «Үміт» сарайының артындағы қоқыс полигонын алысқа көшіру мен бірқатар шаруалардың жерді өңдеуде агротехнологиялық талаптарды сақтамайтынын, оның ішінде, тыңайтқыш қолдану тұйыққа тіреліп жатқанын жеткізді.

«Сырбаз» ш/қ жетекшісі Жеңісбек Манапов ұсақ шаруалардың аздаған тыңайтқыш алуы үшін облысқа сандалатын жайын көтерді, сонымен қатар, ағын су тапшылығына байланысты, ілгерідегі аталарымыздың игі дәстүр, істері – таудағы бұлақ көздерін аршып,
тазалау мәселесін ортаға салды. Айтуынша, «су жоқ» деп, әкімдікке бос шелегін көтеріп келіп, елді мазаламаған ол былтыр Жалаңаш деген жерде өз күшімен 7 бірдей қайнардың көзін ашқан екен.

Сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, қоғам жанашырлары Бақыт Сауранбаев, Шамиль Сулеймановтар да ақиқаттан алып тастай алмайтын ойларымен бөлісіп, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілесті.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы» 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *