АППАРАТ ЖИЫНЫ БОЛЫП ӨТТІ

ұтабаев

Осы аптаның сәрсенбісі күні, аудан әкімінің төрағалық етуімен, кеңейтілген аппарат жиыны болып өтті. Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Нұрсипатов Руслан Маратұлы жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып, «Көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы туралы» баяндау үшін сөзді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаевқа берді.

С.Бұтабаевтың айтуынша (суретте), бүгінгі таңға 1437 гектар алқапқа қант қызылшасын өсіру шешімін тапса, 2021 жылға белгіленген жоспар – 2000 гектарды құрап отыр. Оны орындауға мүмкіндіктер қарастырылуда екен. Күздік бидай жоспардағы 25 мың гектардың орнына, 28 мың гектарға, яғни, артығымен себілген.

Ауданда тұқым мәселесі назарға алынған. Мысалы, элиталысы – 9%, І, ІІ және ІІІ репродукциялысы – 86%, ал, қалғандары – 4%. Қант қызылшасының тұқымы жылда «СПК-Тараз» арқылы алынады, үстіміздегі жылы да солай. Суғармалы жердің көлемі – 4284 гектар болса, биылғы жоспарға тағы 2122 гектар қосылып, барлығы 6406 гектарды құрамақ. Оған қажетті техника кешені жеткілікті, биылдың өзінде 10 дана жаңбырлатқыш техника сатып алынған. Өткен жылы ауыл шаруашылығы бойынша 1 млрд. 680 мың теңгенің инвестициясы тартылса, 2021 жылы бұл көрсеткішті 2 млрд. теңгеге жеткізу межеленіпті.

С.Бұтабаевтың мағлұматтарын ден қоя тыңдаған Руслан Маратұлы мемлекеттік бағдарламалар бойынша еңбеккерлерге жан-жақты түсіндіруде олқылықтар бар екенін баса айтып, бағыт-бағдар берді. Ауылдық округ әкімдерімен, ондағы шаруа қожалықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігін тапсырды.

«Мал жайылымы тапшылығын жою мәселелері туралы» қысқаша хабарлама жасаған жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекнұр Юсуповқа аудан басшысы, негізінен, проблемалы мәселелер туралы айтуды ескертті.
– Әрине, мал жайылымы тапшылығы бар, әсіресе, Ақарал мен Андас батыр ауылдық округтерінде, басқа да жекелеген елді мекендерде. Бұл бағытта жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінгі таңға 137 гектар жайылымдық жер нақтыланды («Ақарал» ӨК-нен алынған). Одан бөлек тау бөктерінен 3000 гектар алқап нақтыланып отыр. Негізінен, жерді тозудан сақтау үшін, көп малдарды ауыл ішінде ұстамай, алыс мал жайылымдарына шығаруымыз керек. Ветеринариялық нормаларды сақтау үшін орман шаруашылығындағы жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесі күн тәртібінде тұр. Жалпы, орман шаруашылығында 438270 гектар жер бар болса, соның 206000 гектары жайылымдық жерлер болып табылады. Соларды пайдалануымыз керек, – деді Бекнұр Серікұлы.

АЖ және ТҮКШ бөлімінің басшысы Қ.Арғымбаев «Аудандағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша көктемгі екі айлық жұмыстарының барысы туралы» хабарлама жасады.
– Баршаңызға мәлім, өткен жылдың күзінде Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Жасыл белдеу» бойынша мәселе көтерген болатын. Соған сәйкес, биыл бізге 20 мың тал-тарақ отырғызу керек. Табиғи ресурстар басқармасымен келісілген, қаражаты бөлінген. Тек, кей ауылдық округтерде тал-тарақтың өзіне ақша қойылғанымен, қоршаулары мен суғаруға қаржы қарастырылмаған, – деді Қайрат Арғымбаев. Одан әрі:
– Екінші мәселе – бұрыннан да қордаланып келе жатқан стихиялы күл-қоқыс орындарының жайы болып отыр. Бұл бойынша екіайлық аясында да зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тапсырмалар берілген болатын. Ауданда күл-қоқыс орындары анықталған, бірақ, оларды жою бойынша жұмыстар аяғына дейін орындалмай отыр. Айыппұл бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Алдыңғы жылдары айыппұл салу өте аз болса, былтыр бұл бағытта біршама серпін болды. Күл-қоқыс орындары дер кезінде анықталып, тәртіпке бағынбайтындарға айыппұлдар көбірек салынса, ауданымызда тазалық жұмыстары өз деңгейінде жүреді деп есептеймін, – деді.

Ауданымызда 10 полигон бар, оның 4-уі типтік үлгідегі полигон, қалғандары күл-қоқыс тастайтын шұңқырлар. Бұл жерде оларға апаратын жолдарда мәселе бар. Дәлірек айтар болсақ, 3 полигонға баратын жол қанағаттанарлық, ал қалған 7-уінің жолдарына қиыршық тас төсеу керек.

Хабарламашы жарықтандыру шамдарының кейбіреулерінің күйіп кетуіне байланысты да мәліметтерді слайд арқылы көрсетті. Осыған орай, аудан басшысы Жамбыл мен Меркі ауылдық округтерінің әкімдеріне ескертіп, нақты тапсырмалар берді.

Аппарат жиынында, одан кейін Ковид-19-ға қарсы атқарылып жатқан шаралар мен асарлатып үй салу жөнінде сөз болды.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Д.Кударова аудандағы эпидахуалдың бірқалыпты екенін, кафелер мен тойханаларда жеке тамақтануға түнгі 24.00-ге дейін рұхсат бар болғанымен, ұжымдық жиын-отырыстарды, көкпар ойындарын өткізуге тыйым салынғанына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Руслан Нұрсипатов жиында берілген барлық тапсырмалардың уақтылы, әрі жауапкершілікпен жүзеге асырылуы қажеттігін ескертті.

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *