ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН ОЙЛАП, ҚОЛ ҰШЫН БЕРДІ, МАМАНДАР!

DSC_0277

Ағымдағы айдың 10-12-сі күні аралығында, аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың тапсырмасы бойынша құрылған арнайы жұмысшы тобы, аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров бекіткен кестеге сай, барлық ауылдық округтерде болып, шаруалармен кездесулер өткізді.

Топ құрамында аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиев, бас мамандары Алмас Ерғазыұлы мен Ғалым Хамит, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Шәдет, аудандық тұқым зертханасының меңгерушісі Нышан Бәзілов, «Қазсушар» мекемесінің аудандағы басшысы Мәлік Әділқұлов, аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Жолмерген Хубиев, Меркі орман шаруашылығы мекемесінің заңгері, орман пайдалану инженерінің міндетін атқарушы Талғат Әмірәлиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық бөлімінің менеджер-кеңесшісі Саят Отарбаев, фитосанитария және т.б. мекемелердің басшы-өкілдері болды.

Жиынның алғашқысы барлығы 104 шаруа қожалығы бар Ақтоғаннан басталды. Осындағы ауылдық округ әкімі аппаратының акт залында жиналған шаруалар алдында, алдымен, С.Бұтабаев жиын мақсатына тоқталып өтті. Онда соңғы тәуліктерде күннің жылымығын пайдаланып, топырағы дегдіген тиесілі жерлеріне соқа салып үлгерген диқандар мен қыста жылы қорада ұстаған төрт түлігін жақын арада қырға өргізбек малшыларға үкіметтік қолдаулар мен жеңілдіктерге көңіл бөлінді. Сонымен қатар, несие мен субсидиялардың пайыздық мөлшерлемелері, кей заңдылықтарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар турасында жалпылама түрде айтқан С.Бұтабаев әр сала мен бағыт бойынша терең түсіндіру мақсатында барлық тиісті тұлғаларға кезегімен сөз берді.

Жиын мінберіне көтерілген, өз саласында салмақты ісі болғандықтан, ауданымыздың бас агрономы атты теңеуге толық жауап беретін Достай Сәрсембиевтің (суретте) тұқым себер уақыт болғанын ескергені сол, ол сөзін осы түйткілді мәселеден бастап, алдымен, оның сапасына қарауға назар аударды. 3-репродукциядан кем тұқым себу арқылы өзіңді алдаусыратқанмен, Жер-Ананы арбап, оның төсінен талғажаулыққа жеткенімен, тойып ішер нәр ала алмайтыныңды айтқан Д.Сәрсембиев осы жайтты
айналып өтпеуді тапсырды. Ал, 1-2 репродукциялы тұқым сатып алып сепкен шаруа оған кеткен шығынның біраз бөлігін үкіметтің субсидиялау саясаты бойынша кері қайтарып алмақ екен. Мол өнімнің кепілі – түрлі тыңайтқыш пен гербицидтер де үкімет тарапынан 50 пайызға дейін субсидиялануға жатады. Көктемгі-жазғы дала жұмыстары үшін түрлі қаржылық ұйымдардан тиімді несие алу жағы тағы бар. Д.Сәрсембиевтің айтуынша, ағын судың тапшылығына байланысты, жер құдық ұрып, жаңбырлатып немесе тамшылатып суару қондырғыларын пайдаланушылар үшін жұмсалған шығынның 50 пайызын үкімет қайтармақ.

Д.Сәрсембиев аталған жиындар кезінде қант қызылшасын өсіру мәселелеріне де барынша уақыт бөліп, ден қойды. Сонымен қатар, шаруа үшін құнды құжат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30-наурыздағы №107 бұйрығында көрсетілген «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» көптеген мағлұматтар жеткізді.

Міне, осы және басқа да мәселелер бойынша сұрақ-сауалдар туындап жатса немесе өзіңізді қызықтырған сала бойынша толық ақпарат алғыңыз келсе, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөліміне қайырылып, тұщымды жауаптар алуға болады.

Келесі сөз алған Н.Бәзілов те тұқым сапасына салғырт қарамауды сұрап, оны зертхана арқылы тексертіп алған соң себуді ұсынды.
Малға азық ретінде ғана пайдалануға болатын ескірген тұқым себу, әсіресе, ұсақ шаруалар арасында жылда қайталанатын үйреншікті іске айналғаны жасырын емес, оны мамандар жиі айтса, біз бұл кедейшілікке апарар кереғар құбылысты газет бетінде жазып-ақ жүрміз. Осы ретте, өзіміздің аудандағы тәуір тұқым аздық етсе, көрші Т.Рысқұлов ауданындағы атақты «Шәушен» қожалығында келісі 120 теңгеден сатылымға қойылған 1-2 репродукциялы сапалы тұқым әзірше бар екенін тағы бір мәрте еске сала кетпекпіз.

Сөз алған фитосанитария мекемесінің өкілі арам шөптерді химиялық әдіспен уақтылы жою мәселесін көтерді. Кері жағдайда, олар егістік алқаптың 30-40 пайызын ластаса, алынатын өнімді 20-30 пайызға дейін төмендетеді екен.

Ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Ерғазыұлы шаруаларға дала жұмыстары үшін литрі 160 теңгеден бөлінген дизель отынын алу мәселесі мен лизинг арқылы қол жеткізуге болатын ауылшаруашылық техникалары, несиенің пайыздық мөлшері, сонымен қатар, техника алудағы үкіметтік субсидия алу тәртібін түсіндірді. Бұл жөнінде де барлық сұрақтарыңызбен аталған бөлімге қайырылуға болады.

«Қазсушар» басшысы М.Әділқұлов су алушыларды 1-сәуірге дейін келісім-шарт жасасуға шақырды. Алайда, солай дегенімен, арнайы мамандардың айтуынша қар аз түскендіктен, тау басындағы мұздақтардың жұқа болып, көрші қырғыз елінен келетін Үлкен Шу каналындағы судың текше метрге шаққандағы көлемі мүлде төмен екенін айтқан М.Әділқұлов суды барынша үнемдеу керектігіне де тоқталды.

Осы ретте, оқырман қауымға, ортадан ұрылған 2 жер құдығы арқылы тамшылатып суару әдісімен 26 гектар бау-бақшасын жайқалтып отырған Ақаралдағы А.Бондарьдың «Гүлдер» шаруа қожалығын айтып өтпекпін. Ешкімді жатсынбайтын, таза қазақшасымен кей «шала» қазақты жаңылыстырып, «ұмытқан» тіліңді үйретуге де қауқарлы Александр бауырымыз алдына келгенге барын көрсетіп, білгенін бөлісетініне шүбә келтірмейміз. Өз құдығыңыз болса, «Қазсушардан» су сұрап, арасында көкке қарап, табиғаттан жауын күтпейсіз. Ал, мерейлі Меркіміздің астында суы мол екі «жерасты бассейні» жатқанын ескерсек, ұзақ жылдар жер еміп, ризығымызды табуға мүмкіндік әбден жетеді.

Аталған жиындар барысында жайылым мәселесі жиі көтерілді. Жуырда ғана аудан әкімі Руслан Нұрсипатов та малдың өріске шығар кезеңі алдында барлық округ әкімдеріне ауыл сыртындағы жайылымдық учаскелерді қайта қарап, жиынтықтау туралы тапсырма берген. Ол бойынша жұмыстар атқарылуда.

Осы жайылым туралы Меркі орман шаруашылығының өкілі Талғат Әмірәлиев сөз қозғады. Оның айтуынша, тау ішінде жайылым жерлер жетерлік, алайда, көпшілік ауылдан алыс ұзамай, тау етегіне қол салып, оған «жабыса жатып, жармасады» екен. Ал, ауыл іргесі бос емес, немесе жаздың басында-ақ шөбі күнге қурап, шаңы шығады. Ал, енді жайылым бағаларына келсек, арнайы шешім бойынша таулы аймақта жайылатын ірі қара мал мен жылқының 1 басына 146 теңге, қойға 36 теңге төлесеңіз, құмды, шөлейт жерлерде түйеге 847 теңге, ірі қара мал мен жылқыға 678 теңге, қойдың әр басына 169 теңгеден төлем қарастырылған екен.

Алғашқы күні, жақын орналасқан 6 ауылдық округте өткен осы сарындағы жиындар, келесі күндері, шалғай жатқан басқа да елді мекендерде болып өтті. Кездесулер барысында ауданымыздың агросаласына байланысты тұрғындардан түскен барлық ұсыныстар мен тілектер және сұрақ-сауалдардың бірқатарына бірден жауап табылып, жергілікті жерде шешімін тапса, жекелеген мәселелер топтамасы арнайы хаттамаға енгізіліп, аудан басшысының тікелей танысуына ұсынылмақ.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *