ЕҢБЕКШІ ҚҰҚЫҒЫ – АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА

DSC_0310

Жақында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов облысымызға арнайы келіп, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы кезінде жаңа тағайындалған басшы – Бағлан Қарашолақовқа кәсіподақ жұмысын жандандыру бойынша тың ұсыныстар айтып, алдағы істеріне сәттілік тілеп қайтқан болатын.

Иә, жалпы, дүниежүзінде, оның ішінде, кешегі Кеңес заманы кезінде еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғайтын бірден бір күш – кәсіподақ қозғалысының тегеурінді тірліктері айтарлықтай болатын. Әділдігін айту парызымыз, еліміз егеменділік алып, іргесін бекітіп, өз алдына шаңырағын көтерген алғашқы кезеңде күні кеше шарықтаған кәсіподақ жұмыстары саябырсып, ал, бар болса, қағаз жүзінен аса алмаған қауқарсыз қалпын көргенбіз.

Ендігі жерде замана талабы жаңа арнамен алға жүргендіктен, еңбекшілердің еңбек қатынастарын, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғап, олардың тұрмыстық деңгейі мен оның сапасына мән беру, сонымен қатар, ұжымдық еңбек дауларын реттеп отыратын институт – кәсіподақ жүйесі қайта жанданудың жолына түсіп отыр.

Міне, осы ретте, өткен дүйсенбі күні, жаңа тағайындалған ҚР-ның кәсіподақтар Федерациясы Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов бастаған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Базантай Данияров, төраға орынбасары Жанәлі Көбеев, «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Шамсат Исабеков, төраға орынбасары Асанбек Наурызбаевтар ауданымызда арнайы іс-сапармен болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кәсіподақтық қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Руслан Нұрсипатов ауданымыздың тыныс-тіршілігінен ақпар беріп, алға қойылған жоспарлардың бірқатарымен таныстырып өтті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға өңіріміздегі мемлекеттік, мәдени және спорт, білім мен ғылым, медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, ірі саналатын кәсіпорындардың басшылары, сонымен қатар, барлық ауылдық округтерден келген бизнес пен шаруа қожалықтардың жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға төрағалық етуші аудан әкімі Руслан Нұрсипатов жоғарыда аталған облыстық қонақтарды көпшілікке таныстырып өткен соң, Ата заңымызда көрсетілгендей, еліміздегі басты байлық – адам болғандықтан, оның құқығы мен мүдделерін қорғау үрдісі үздіксіз жүруі керектігіне тоқталды. Осы ретте, кәсіподақтардың рөлі ерекше болуын айтқан Руслан Маратұлы бұл қоғамдық институттың өз ауданымыздағы жұмысын да зерделеп өтті.

Келесі кезекте аудан басшысы Р.Нұрсипатов бүгінгі жиынның күн тәртібінде тұрған «Ауданда кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандырып, шағын-орта бизнес және ауыл шаруашылығы саласында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру туралы» мәселе бойынша сөз кезегін Бағлан Қарашолақовқа ұсынды.

Бағлан Жиенәліұлының айтуынша, облыс бойынша 122054 еңбеккер қамтылған барлығы 15 салалық кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасаса, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 1302-ні құрайтынын жеткізді. Ал, аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 984 өндірістік кеңестер құрылған. Олардың құрамында 1302 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар еңбек етуде екен. Б.Қарашолақов ағымдағы жылдың 1-маусымына дейін барлық ұжымдарда бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, өздерінің жанды жұмыс атқаруда екендіктерін қағаз емес, іс жүзінде көрсетулері керектігіне тоқталды. Ол үшін ұжымдық шарттар мен меморандумдар санын көбейтудің маңыздылығы да атап өтілді. Сонымен қатар, халықтың мүддесін ойлап, еңбек шартын сақтау, ай сайынғы еңбек жалақысын уақтылы төлеу мен еңбеккерлерді бағалап, марапаттау арқылы кез келген өндіріс пен ұжымдағы психологиялық ахуалды реттеуге болатынын, ол бойынша жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп, оң нәтижелерді бағындыру оңайға түсетінін айтқан Б.Қарашолақов алдағы уақытта өзінің жіті бақылауында болатын осы мәселеден ауытқымау жағын нықтап тапсырды.

Келесі сөз алған Асанбек Наурызбаев пен Базантай Данияров мырзалар да кәсіподақ қозғалысы, оның халықтың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалына тигізетін септігі турасында сөз қозғады. Сондай-ақ, экономиканың локомативі саналатын бизнес саласы мен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер ортасында кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасауын заңдылық деп есептеуді сұраған олар жұмыс беруші мен қызметкер арасында дау болмау үшін барлық талаптарды сақтауға шақырды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Руслан Нұрсипатов әлеуметтік әріптестік аясында ауданымыздағы кәсіподақ ұйымдарының санын арттыра отырып, кәсіподақтардың жұмысын жандандыруға бағытталған жұмыстар өз ретімен атқарылатынын айтты. Сонымен қатар, аудан басшылығы мен жергілікті билік өкілдері бұл қозғалысты толық қолдайтынын айтып, түсіндіру-насихат жұмыстары үшін облыстық қонақтарға деген алғысын жеткізді.

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *