МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛЫП, НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Осы аптаның сәрсенбісі күні, кезекті аудандық аппараттық кеңес болып өтті. Кеңес отырысына төрағалық еткен аудан әкімі Руслан Нұрсипатов күн тәртібіне сәйкес, «Инвестиция тарту мәселелері туралы» хабарлама жасау үшін, сөз кезегін аудан әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Бақытхан Әбжапаровқа берді.

– Өткен жылы ауданымызда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 16 млрд. 960,9 млн. теңгені құрады. Осы бойынша биылғы, 2021 жылға жоспарымыз мынадай: құрылыс саласына салынатын инвестиция – 697 млн. теңге, ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция – 2016,0 млн. теңге, жеке тұрғын үй құрылысына – 1950,0 млн. теңге, «ҚазАвтоЖол» бойынша – 10783,5 млн. теңге, ал, кәсіпкерлік нысандар бойынша салынатын инвестиция – 2870,0 млн. теңге. Барлығы – 18316,5 млн. теңгені құрауы тиіс, – деді Бақытхан Жақанұлы.

2021 жылы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында жалпы сомасы – 2870,0 млн. теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске асырылып, 189 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде екен. Атап айтар болсақ, олар:
1. «Bester Yard» ЖШС-гі: «Инновациялық балық шаруашылығы және балық өңдеу» – жоба құны 250,0 млн. теңге (5 адам).
2. ЖК С.Бейсембетов: «Модульді сүт цехы» – жоба құны 45 млн. теңге (10 адам).
3. ЖК А.Рахымбаев: «Жылыжай құрылысы» – жоба құны 70 млн. теңге (5 адам).
4. ЖК С.Қалманбетов: «Асфальт, тас-шағал зауыты» – жоба құны 150 млн. теңге (40 адам).
5. «Agro-Kasip» ЖШС-гі: «Сүт өнімдерін өндіру» – жоба құны 800,0 млн. теңге (20 адам).
6. «Алкопищепром» ЖШС-гі: «Меркі минералды суы» – жоба құны 220,0 млн. теңге (25 адам).
7. «ФаБ Строй» ЖШС-гі: «СЭС құрылысы» – жоба құны 200,0 млн. теңге (5 адам).
8. «Ар-Ас» ШҚ: 100 га жаңбырлатып суару жүйесі – 405,0 млн. теңге (15 адам).
9. «Береке» ШҚ: 14 га қарқынды бақ – 200,0 млн. теңге (40 адам).
10. «Гүлдер» ШҚ: 1300 тонна жеміс сақтау қоймасы – 320,0 млн. теңге (3 адам).
11. «Рузиев» ШҚ: Форель балығын өсіру – 15,0 млн. теңге (1 адам).
12. «Тау самалы» ШҚ: Гранитогор алма бағы – 225,0 млн. теңге (20 адам).

– Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы Германия мемлекетінен тартылатын қосымша 3 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша алғашқы қадамдар жасалуда. Олар: жел электр стансасы, күн электр стансасы мен ешкі сүтін және өнімдерін өндіру жобасы. Аталған жобалар іске асқан кезде еңбек өнімділігін, тұрақты жұмыс орындарын арттыруға және жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуіне мол мүмкіндік беретін болады, – деді Б.Әбжапаров.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Арғымбаев «Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы туралы» хабарлама жасады. Қайрат Рахымбайұлы слайд арқылы ауылдық округтер аумақтарындағы күл-қоқыстар төгілген орындарды көрсетіп, сынға алды. Дәлірек айтсақ, Жамбыл ауылдық округіндегі ескі айналма жолдың жағасы, Ө.Қабылов пен О.Үмбетов көшелері және мал базарының маңында күл-қоқыстар үйіліп, әлі күнге шығарылмаған.

Меркі ауылдық округінде де жағдай мәз емес, Қ.Сарымолдаев, Т. Бокин, Карцаг, Б.Оспаналы, Қажымұхан, Мұхамеджанов, С.Сейфуллин, А.Асқаров және т.б. көшелердегі үйілген күл-қоқыстар шашылып жатыр.

Аудан басшысы мына көріністердің сын көтермейтінін айтып, ауылдық округ әкімдерін орнынан көтерді. Жамбыл ауылдық округінің әкімі Е.Байболсынов кемшіліктерді жоятынын айтты.
Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстан:
– Жұмыс жүргізіп, тұрғындармен сөйлесіп жатырмыз. 12 күл- қоқыс орнын анықтап, оның 4-уін жойдық. Қалғандарын тазалап, шығарып тастауға техникамыз дайын. Тек, мына ауа райының қолайсыздығынан, ол жерлерге техникалар кіре алмауда. Қалай мүмкіндік болады, бәрін реттейміз, – деді.

Сарымолдаев ауылдық округінде тазалық жұмыстары біршама жүргізіліп жатқанына қарамастан, слайдтағы суреттерде мұндағы Восточный, Ахтамбердиев көшелерінде, «Маратбек» дүкенінің маңында қоқыс үйінділері сол күйі жатыр. Ал, Низами көшесінен түсірілген суретте жайылып жатқан малдың қиынан көз сүрінеді.

Руслан Маратұлы көрсетілген олқылықтарды тез жоюды тапсырды. Сонымен қатар, Жамбыл, Сарымолдаев және Ойтал ауылдық округтерінің аумақтарындағы ауданның сыртқы келбетіне нұқсан келтіріп тұрған нысандарды, қалай болса, солай ілінген, ескі жарнамаларды ретке келтіру бойынша да қатаң тапсырмалар берді.

Кеңесте сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімінің басшысы Қ.Асанжанов – «Асарлатып үй салу туралы», ветеринариялық қызмет басшысы Ж.Шоғалов – «Аудан аумағындағы жабайы ит-мысықтарды жою туралы», жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Юсупов – «Жер қойнауын пайдалану туралы» – хабарлама жасады.

Аппараттық кеңесті аудан әкімі Р.Нұрсипатов қорытындылап, барлық ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына, жекелеген ұйым-мекеме жетекшілеріне халықпен тығыз жұмыс істеу арқылы кемшіліктерді жоюды міндеттеп, нақты тапсырмалар берді.

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *