КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

DSC_0357

Өткен аптаның жұмасы күні, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов ауданымыздағы көпбалалы аналарды Алтын және Күміс алқалармен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Аудан әкімдігінде өткен салтанатты жиында Руслан Маратұлы, алдымен, көпбалалы аналарды Жаңа жыл басы – Наурыз мерекесімен құттықтады. Одан кейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және бүкіл халықтың атынан алғыс айтып, өзінің ізгі тілектерін жеткізді. Елімізде халық санын көбейту басты басымдықтардың бірі болып саналатындықтан, 6-7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеу – нағыз ерлік екенін атап өтті.

Одан кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 5-наурыздағы №531 Жарлығы бойынша, 7 баланың анасы Үміт Биманова апамыз Алтын алқамен марапатталды. Одан кейін, Майя Абдраймова, Ұшыға Абатова, Марина Винокурова, Зайнаб Жумакова, Нұрсұлу Қыдыралиева, Марина Кожахметова, Гүлнар Нұрғалиева, Мадина Керімбекова және Индира Рахымбаева 6 баладан дүниеге әкеліп, демографиялық ахуалдың жақсаруына қосқан үлестері үшін Күміс алқаларды кеуделеріне тақты.

Алқалармен қатар, аналарға гүлдер сыйлап, иықтарына ақ жаулықтар жауып сый көрсеткен Руслан Маратұлы: «Сіздердің әрбіріңіз – бүгінгі күннің батырысыздар. Қазақ – ат төбеліндей аз-ақ халықпыз. Сондықтан, санымызды көбейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ал, сіздер, мемлекетіміздің демографиялық дамуына үлкен үлес қостыңыздар. Енді, сол өсіріп отырған балапандарыңыз дені сау, саналы ұрпақтан болсын, болашақта халық үшін адал қызмет ететін және еліміздің атын әлемге одан әрі танытатын азаматтардан болуын тілеймін», – деп аналарға деген ізгі тілектерін тағы да жаудырды.

Жиын барысында, аналар да сөз алып, арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғыстарын айтып, аналық ақ тілектерін жеткізді. Ұшыға Абатова мен Индира Рахымбаева аудан әкіміне барша аналардың атынан алғыс білдіріп, жаңа қызметке кіріскеніне көп уақыт болмаған аудан басшысына толағай табыстар тіледі.

Қазыбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *