Т.РЫСҚҰЛОВ АУЫЛЫ: ОЙТАЛДЫҚТАР ОЗА ШАПТЫ

4

Осы күні, түс әлетінде, Ойтал ауылдық округінің көркемөнерпаздары Т.Рысқұлов ауылына келді. Мұнда да алқызыл ұлттық киімдерімен айналаға ерекше сән берген қыздар, тамаша нақыштағы ұлттық киімдерімен дараланған ата-апалар, бәрі де көпшіліктің көңілдерін көтеріп тастағандай.

Сахнада – «Наурыз биі», бұл бүгінгі той-думанға ерекше реңк беріп, залдағы көрермендерді бір серпілтті. «Айдай» тобы «Қазағым-ай» әнін орындап болысымен, сахна төріне қайын сіңілісін аялай алып шыққан қос жеңге көтерілді. Ару қыздың шашын аялай сипап (суретте), шашбауларын таққан жеңгелер ерке сұлуды ата-анасы мен бауырларына қарай бастап, бойжеткен сыңсу айтып, қоштасты… Басына сәукелесі кигізіліп, әсем әнмен шығарып салынды. Қыз ұзату салтынан қойылған көрініс өте сәтті болды.

Ойтал ауылдық округінің бас маманы Мақсұт Сатиков М.Мақатаевтың «Өтініш» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. «Көңіл толқыны» күйінің аясында орындалған бұл орындауға көрермен риза көңілмен қол соқты. Сандуғаш Раймаханова «Жақсы адамдарым», Ералы Зауыт «Қазақ елі» әндерін жоғары деңгейде айтса, «Айшолпан» қобызшылар ансамблі А.Жұбановтың «Көктем» шығармасын, ал, №2 балалар саз мектебінің ұстаздары Ерік Жақсылықов, Арнат Мұсабаев және Амантай Аманқос «Қазақ күйлерінен» попурри орындады.

Ойталдық өнерпаздардың концертіндегі бір ерекшелік – аумақтағы «Ақбота» бөбекжай балабақшасының қуыршақ театры қойған «Алтын сақа» ертегісі еді. …Әсем безендірілген жартылай киіз үй ішінде әжесін сұрақтың астына алған қос немере… Әжесі оларға Тәуелсіздік, жыр алыбы Жамбыл мен ақиық ақын Мұқағали туралы әңгіме айтып, толғана сөйлейді. Осы сәтте, киіз үйдің жоғарғы жағынан қуыршақ театры «Алтын сақа» ертегісінің желісімен көріністі бастап кетті. Қуыршақтар әдемі киіндірілген, орындаушылар дауыстары да нық, ертегі мәтінін бүлдіршіндерге тән ерке үнмен жалғастырып жатты.

№2 балалар саз мектебінің ұстаздары орындаған қазақ әндерінен попурри, Арзыгүл Диярованың «Ұйғыр» биі, бір топ қыздардың «Молдаван» биі, Ойтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Қанат Шакибаевтың орындауындағы «Майлықожаның термесі», бәрі-бәрі сәтті шығармалар болды. Концерт Ерасыл Қазақбайдың шырқаған «Қазағым» әнімен ерекше көңіл- күйде қорытындыланды.

«Тәуелсіздік толғауы» атты Ойтал ауылдық округі өнерпаздарының концерті жақсы ұйымдастырылуымен, әрбір нөмірлердің сәтті таңдалуымен, қатысушылардың көптігімен дараланды, десек қателеспейміз

Әтіркүл ТӘЖІБЕКҚЫЗЫ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *