ҚОСТОҒАН АУЫЛЫ: АҚАРАЛДЫҚТАРҒА ҚОШЕМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

3

Өткен аптаның сәрсенбісінде, қостоғандықтар Ақарал ауылында өнер көрсеткен-ді. Енді кезек ақаралдық өнерпаздарға келді.

10-сәуір, сенбі күні, түстен кейін, Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Рамаданов, ардагер-ұстаз Қайнаркүл Татығұлова бастаған тұрғындары ақаралдық әріптестерін құшақ жая қарсы алды. Осы күні ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос ауылдың бір-біріне көрсеткен құрмет-қошеметіне тәнті болыстық.

Қонақтарды әсем әндерін төгілте қарсы алған қостоғандықтар, әп-сәтте, ұлттық қолөнерлерінің көрмесін көріп, нағыз киіз басудың куәсі болды. «Келін әкеле жатыр!» деп сүйіншілеген балақайдың үніне елең еткен халық баяғыша сүйіктісін атқа міңгестірген жігітті қуана қарсы алып, жас келінді аттан түсіріп, басына ақ жібек орамал жапты (суретте).  Ақ баталарын беріп, «жайлы келін болсын» деген ниетпен шымылдық ішіне, аппақ жұмсақ бөстекке отырғызды. Үлкендер жағына – той шашу, кішкентай қыздарға – қойынға жатар, жеңгелерге – төсек салар секілді қазағымызға тән жөн-жоралғылардың сый-сияпаттарын таратып жатты…

Осынау мерекеге ақаралдықтар жан-жақты дайындалыпты. Ұлт- аспаптар оркестрі «Жігер» күйін, Ералы Әбілмәжін «Жаса, қазағым» әнін, «Шұғыла» бишілер тобы «Кешкі самал» биін орындаса, көркемсөз оқу шеберлері Ж.Жабаев пен М.Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтты.

Ортаға «Нұр» әжелер тобы шығып, сахнаға көрік бере түсті. Олар «Бұлқынды жүрек» әнін ерекше орындады. Одан соңғы «Той базар» әні де көрермен көңілінен шығып, қол соқты. №16 ЖОББМ-нің бишілері ұсынған «Түрік», №5 Ақарал ЖОББМГ-ның бишілері тартулаған «Грузин» билері сәтті шыққан туындылар болды.

«Тәуелсіздік толғауы» бағдарламалық концертін ақаралдықтар Ару Абдрасилованың орындауындағы «Елге сәлем» әнімен қорытындылады.

Жалпы, бұл екі ауылдық округ арасындағы тамаша кездесу, өнерпаздар кездесуі көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлаған, өзара сыйластық жағдайында өткізіліп, ауыл ішіндегі өнер иелерін сахнаға шығарған тамаша іс-шара болды.

Әтіркүл ТӘЖІБЕКҚЫЗЫ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *