ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАЙЫҚ!

f93e9622-b086-48a5-b12a-947608f631c6

Тегінде, халқымыз, әсіресе, кешегі өткен ата-бабалар  тек ішкі жан-дүние мен сана-сезімнің һәм рухтың ғана тазалығына емес, сонымен қатар, келер ұрпақтың еншісіне қалатын айнала ортаның аямай «азып», тұмса табиғаттың талықси «тарықпауына» да көңіл бөлгені анық. Біздің бүгінгі әңгіменің ауаны да осы тақырыпқа сай,  ауыл мен көше тазалығы жайында болмақ.

Иә, «Тазалық – табалдырықтан басталады»  – деген қазақ атамыздың тамаша айтылған нақыл сөзін ұтымды пайдаланып, оның төркінін сәл бұрмалап келтірсек,  өзін өркениеттімін дейтін қазіргі қазақ баласы сол өз үйінің табалдырығына дейінгі ортаның «ойраны» шығып жатса да айналып өтіп, неге деймін-ау, көзге ұратын келеңсіздіктерге  селк етпейді. Неге ол қоршаған ортаға  құрметпен қарап, жанашырлық жасамайды? Әлде, «Өз көйлегім өзімнің денеме жақын» деген эгоистік-өзімшілдік пиғылдың жетегіне ілесіп үлгерген  бүгінгі қоғам мүшесінің сана-сезіміне осып түсер  дырау қамшы салып, ұйқыға кеткен ұрпақтың санасына салқын су сеуіп, қайта ояту керек пе?

Қалай айтсақ та көпшіліктің «Өз үйім – өлең төсегім» дегенге саятын мақалға «малданғаны» болар, ошақ қасынан аса алмай, көшесіндегі күресінге көз ілмей,  «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі»  дейтін пәлсапаға шекесінен қарап қалғандар арамызда өте көп кездеседі.

Бұл айтылған пікірлерді  бекемдей түсетін фактілер де жоқ емес. Мысалы, мен Сарымолдаев ауылының тұрғынымын, қызметім де сол аумақта. Күнде таңертең жұмысқа шыққанымда орталық Ә.Ысмайылов көшесінің екі шетінде жерге барынша еңкейіп, тәрбие мен мәдениеттен жұрдай әлдекімнің тастап кеткен түрлі қоқысын қол дорбасына жинап жүрген бір топ қоғамдық ақылы жұмыскерлерді көзім шалады. Арасында жастар да, жасы 50-60-тың арғы жақ, бергі жағындағы зейнет демалысына жете алмай жүрген ақ шашты әз-аналар да көптеп кездеседі. Олар  өздері үшін амалсыз күнкөрістің қамымен болса-дағы бізге тазалық тартулап, күнде осылай қарбаласып жүргені. Сол ерен еңбекті  жаяу жүргіншілер  мен көлікті тізгіндеушілер күнделікті байқағанымен, арада бірер сағат өткен соң әлгі жолмен кері жүре қалсаңыз,  темекі қорабы мен тұқылы, түрлі сусындардың құтысы, тәттінің орамасы  және т.б. дейсіз бе, бір сөзбен айтқанда, түрлі қоқысқа қайта көмілген көшені көресіз. Ең сорақысы, жоғарыдағыға қосарым, қарапайым адам мініп те көрмеген, «жағдайы жоғары», білімді деген  азаматтың басқаруындағы элиталы көліктің терезесінен сыртқа ұшқан әлгіндей қоқыстарды  жиі болмаса да күніне  бір-екі рет көретінім тағы бар. Қоғамның азғаны десем болар, «тірліктеріне» қарап ел шошитын әлгі қоқыс лақтырғыштар да көше бойын тазалап жүрген азаматшаларды күнде байқап жүр.  Ал, қоғамдық жұмысшылар басқа жақтан ауып келген жоқ, олар біріміздің анамыз, біріміздің әкпе-қарындасымыз, енді біріміздің келін, жұбайымыз емес пе?.. Ойланайық, ағайын… Тазалықты өзімізден бастайық!

Міне, осы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру мен  көгалдандыру бойынша көктемгі екі айлықтың барысы туралы білмек үшін  Қайрат Арғымбаев басқаратын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылған едік.

Аталған бөлімнің бас маманы Айбек Мұсабек пен бөлім мамандары Әліби Досым мен Айдос Ниятовтың ақпарына сүйенсек,  өңір басшысының ағымдағы жылдың 18-ақпанындағы №75 қаулысы мен 23-ақпандағы №84 өкіміне орай, қары мен жауын-шашыны аралас болған көктемнің күні ашық сәттерін ұтымды пайдаланған аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойына 2 рет сенбілікке шығып, күл-қоқыстарын жинаса, Сарымолдаев көшесінде 3 рет сенбілік ұйымдастырылған.  Сонымен қатар, аудандық Орталық саябақ ішінде 1, Меркі шипажайына барар жолдың бойында 2 рет сенбіліктер өткізіліп, ондағы кемшін тұстар қалыпқа келтіріліпті.

Әліби Досымның айтуынша, ауданымыздағы қоғамдық ақылы негіздегі жұмысшылардың көмегімен Меркі ауылдық округінің тек орталық көшелері ғана емес, сонымен қатар, осы округке тиесілі үлкенді-кішілі  барлық 75 көшедегі электр бағаналары мен ағаштар әктеліп, тиісті жерлері боялып, санитарлық жоюға жататын ескі бұтақтар оталу үстінде екен. Бүгін, (14-сәуір) мысалы, Ә.Досымның қадағалауымен, Буденный, Гагарин, Айдынов, Қонақбаев көшелеріндегі аталған жұмыстар соңына шығыпты.

Ендігі кезекте, нақты цифрларға тоқталып өтелік. Оған сүйенер болсақ, ауданымыздағы екі айлық барысында егілетін тал-тарақтардың саны жоспар бойынша 7984 дана болса, бүгінгі күнге дейін  егілгені 3824 түп, гүлзарларды орналастыру жоспары 7162 шаршы метрді құраған, әзірше орындалғаны 500 ш/м болып тұр. Арық пен каналдарды тазалау жұмыстары барлығы 144,2 шақырым болса, оның 102 шақырымында тиісті жұмыстар жүргізілген. Көшелерді тазалау жоспарына келсек, ол барлығы 488 шақырымды құрайды екен, ал, нақты тазаланғаны 275 шақырым көше. Саябақтар мен скверлерді тазалау мен көріктендіру жағына ойыссақ, ол 10110 шаршы метрді құрайды, әзірше, тазаланғаны 6924 шаршы метр аумақ екен. Бұл екі айлық кезінде  кездейсоқ күл-қоқыс орындарын тазалау жұмыстары да қамтылған, сондықтан, бүгінгі күндегі ақпар бойынша 154 тонна күл-қоқыстар арнайы полигондарға тасымалданған.

Сөзімізді қорыта айтарымыз, Алаш елінде «Ауылына қарап, азаматын таны» деген мағынасы терең, пәлсапалық сөз бар. Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ. Тазалықты сақтайық, ағайын!

                                                               Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *