ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛГЕН: ОРЫНДАЛУЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

меркі 1

Дүйсенбі күні, аудан әкімдігінің үлкен залында, аудан әкімі Р.Нұрсипатовтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиыны болып өтті. Жиынның күн тәртібімен таныстырған аудан басшысы Руслан Маратұлы алғашқы сөз кезегін ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаевқа берді.

«Көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы туралы» баяндаған Садықжан Салыұлы, ең алдымен, ауданымызда 2021 жылдың өнімі үшін жоспарланған ауыл шаруашылығы дақылдарының орналасу көлемі және нақты орындалуы туралы мәліметтермен слайд арқылы таныстырды.

Баяндамашының айтуынша, облыстық тапсырмаға сәйкес егістік алқап – 103127 гектар болса, нақты жоспар – 103945 гектар болып белгіленген. Яғни, 0,818 гектарға артық. Бүгінгі күнге 97922 гектар алқапқа егін егілген (94,21%). Күздік бидай жоспардағы 28000 гектардың орнына 28198 гектарға (100,71%), жаздық арпа 28193 гектардың орнына 28419 гектарға (100,80%) себілген. Қант қызылшасын 1907 гектар алқапқа себу жоспарланса, есепті кезеңде 0,758 гектарға (39,75%) орналастырылған. Бұл бойынша жоспарды орындауға әлі уақыт бар екені айтылды.

Сонымен қатар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен мал азығын дайындау туралы да нақты мәліметтерді саралаған С.Бұтабаев ауылдық округтер бойынша 2021 жылдың өніміне қажетті тұқымдарды қолдану жоспары, минералдық тыңайтқыштар алу, cу үнемдеу технологияларын енгізу жоспары, сондай-ақ, жаңадан лизинг және нақты бағамен алынған ауылшаруашылығы техникалары туралы нақты мәліметтер берді.

Күн тәртібіне сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ділдаш Кударова «КВИ-дің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» хабарлама жасады.
– 2021 жылдың 1-қаңтары мен 19-сәуірі аралығындағы аудандық эпидемиологиялық көрсеткішке тоқталатын болсам, осы аралықта КВИ індетіне шалдыққан 39 жағдай тіркелінді. 37 жағдай – жергілікті, 2 жағдай – сырттан әкелінген, оның ішінде, 9 жағдай – симптомды және 30 жағдай – симптомсыз. Барлық ауру ошақтарында санитариялық эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, медициналық бақылауға алынды. 34 науқас карантин уакытының бітуіне байланысты бақылаудан алынды, 5 ауру ошағы бақылауда, – деді Ділдаш Кударова.

Елді мекендер бойынша ең көп жағдай Меркі ауылдық округінде тіркелген, 18 жағдай, Сарымолдаев ауылдық округінде – 5, Андас батыр ауылдық округінде – 5, Ақтоған, Рысқұлов, Сұрат, Жаңатоған, Жамбыл ауылдық округтерінде – 2 жағдайдан, Ойтал ауылдық округінде – 1 жағдай тіркелсе, қалған Ақарал, Ақермен, Тәтті, Аспара және Кеңес округтерінде аурушылдық тіркелмеген.

Одан әрі, хабарламашы мониторингтік топ бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Үйлестіру орталығынан түскен 24 шұғыл хабарлама бойынша жалпы 24 хаттама толтырылған. Жалпы сомасы – 1 341 820 теңге (бір миллион үш жүз кырық бір мың сегіз жүз жиырма теңге), оның ішінде, жеке кәсіпкерге 1 хаттама толтырылып, 335 455 теңге айыппұл салынса, тағы 23 жеке тұлғаға хаттама рәсімделіп, олардың әрқайсысына – 43 755 теңгеден, барлығы –1 006 365 теңгеге (бір миллион алты мың үш жүз алпыс бес) айыппұл салынған. Бұл аталған айыппұлдардың жеке тұлғаларға салынған себебі, мейрамхана иелері, яғни, жеке кәсіпкерлер өздеріне салынатын үлкен соммалы айыппұлдардан жалтару үшін әрқайсысы, өздеріне тиесілі мейрамханаларын «жалға беру туралы» жеке тұлғалармен келісім-шартқа отырып алған. Осы себепті жеке тұлғаны қосымша әкімшілік жауапқа тарту үшін, оларға тиесілі әкімшілік құжаттар кіріс органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметпен айналысқандары үшін, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-бабымен әкімшілік жауапқа тарту мақсатында, Меркі аудандық кірістер басқармасына жолданды. Бұл аталған әкімшілік құжаттар бойынша қабылданған шешімдер Меркі ауданының прокуратурасы қызметкерлерімен заң талаптарына сәйкес екендіктері қадағаланып, тиісті бағыттар берілуде. Карантин талаптарын қатты бұзушы 4 нысанның қызметін тоқтату үшін әкімшілік құжаттар Тараз қаласындағы Жамбыл облысының арнайы экономикалық сотына жолданатын болады.

Ауданда КВИ-ге қарсы екпе салу жұмыстары да жүруде. 2021 жылдың 19-сәуіріне дейін екпе егудің бірінші кезеңі бойынша – 1015 адамға, сондай-ақ, екінші кезеңі бойынша – 295 адамға екпе егілген.

Осы ретте, аудан әкімі Руслан Маратұлы, мониторингтік топ жұмысының сылбырлығына назар аударып, сынға алды. Ауданның жекелеген тойхана-кафелерінде, ішінара болса да, той-томалақтар мен жиындар өткізіліп жатқаны туралы фактілер бар екенін қатты айтып, мониторингтік топ мүшелерінің жұмыстарын күшейтуді қатаң тапсырды.

Мінбеге көтерілген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Арғымбаев: «Көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы туралы» баяндады.

Қайрат Рахымбайұлы, өткен аптада аудан әкімі Р.Нұрсипатовтың тапсырмасымен, 13 ауылдық округ тарапынан 150-ден астам адам бөлініп, Меркі ауылдық округі аумағында тазалық жұмыстарының жүргізілгенін және осы жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылмағанын сынға алып, арнайы слайдтар арқылы көрсетті (суреттерде).  

меркі 4     меркі3

Талдау нәтижелері көрсеткендей, Т.Бокин көшесінің аяғында (мектеп жақ), Төлендиев, Кемелбеков, Артықбаев көшелерінде, «Ерстомнан» бастап, Т.Бокин көшесіне дейінгі бұрылыста тазалық жұмыстары жүргізілмеген. Аудандық емханадан кейінгі бағаналар сырланбаса, Низами көшесінде де әктеу және санитарлық тазалық жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмаған. Оған М.Мәметова, Ә.Мұхамеджанов, Дорбабаев, Е.Есімбеков, Н.Торғаев, Ахтамбердиев, Н.Абдиров, С.Мұқанов, Амурханов, А.Асқаров және т.б. көшелерді қосуға болады. Олардың бірінде қоқыстары шығарылмай, үйіліп жатса, енді бірінің тал-тарақтары әктелмеген, арық-атыздары тазаланбаған.

Қ.Рахымбаев, сонымен қатар, Жамбыл ауылы бойынша да екі айлық жұмыстарының нәтижесін слайдтар арқылы баяндады. Мысалы, Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы күл-қоқыстар, құрылыс қалдықтары мен құлап жатқан талдардың бұтақтары, О.Үмбетов көшесіндегі қоқыс үйінділері мен цемент қадалардың қалдықтары, Ы.Алтынсарин, Ә.Исмайылов, Исағұлов, Жауғаш батыр, Смағұлов, Б.Момышұлы көшелері мен көпқабатты үйлердің артындағы, «Ертөстік» балабақшасына барар жолдың бойындағы көз ұялтатын күл-қоқыстарды көрсетіп (суреттерде),

жамбыл2  жамбыл1  жамбыл3

берілген тапсырмалардың тиісті дәрежеде орындалмай отырғанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Руслан Маратұлы, бекітіліп берілген аумақтарында дұрыс жұмыс жүргізбеген ауыл әкімдері мен мекеме басшыларын сынға алып, тапсырылған жұмыстарды шұғыл аяқтауды тапсырды.

PS. Құрметті меркіліктер! Ауыл сыртына да, көше бойларына да, сәл көзден таса жерлерге де, тіптен, арық-атыздарға да күл-қоқыстарын, кесілген бұтақтарды, құрылыс қалдықтарын, малдың қиларын тастайтын, өздеріңіз.
Айналамызды ластамай, таза ұстау әрбір меркілік тұрғынның парызы. Осыны естен шығармасаңыздар екен.
Көктемгі тазалық жұмыстарына бәріміз біркісідей атсалысайық.

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *