АҒАШ ЕГУ АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

DSC_0245

Бейсенбі күні, көктемгі абаттандыру, көгеріштендіру екі айлығының аясында, Жамбыл және Меркі ауылдық округтерінде тал егу акциялары өткізілді.

Жалпы, айнала ортаның тазалығы, жасарып, жайнап тұрғаны айна секілді қоғамның шынайы бейнесін ашып көрсетеді емес пе? Сондықтан, ауданымыздың гүлденуі, көріктенуі – әрбірімізге тікелей байланысты. Туған жердің жаңарып, түрленуі жолында бәріміз бірдей атсалысып, ұйымшылдықпен жұмыла тірлік істеу – өзін осы қоғамның бір мүшесімін деп есептейтін әрбір азаматқа парыз болуы тиіс.

Міне, осындай бастаманы қолға алған аудан басшылығы, атап айтсақ, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов бастаған аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекемелердің басшылары, ерікті жастар, жалпы зиялы қауым өкілдері Жамбыл және Меркі ауылдық округтерінде тал егу акциясына қатысты. Аталмыш іс-шараның алғашқы күні Жамбыл ауылында, яғни, ауданның кіреберіс орталық көшесіне Меркі аркасынан бастап 134 түп арша ағашы отырғызылса (суретте), Меркі ауылдық округіндегі орталық көшелердің бірі Қ.Сарымолдаев көшесінің бойына дәл осындай 350 түп арша ағашы егілді.

Жалпы, акция аясында аталған округтерде барлығы 645 түп арша ағашы отырғызылды. Осы орайда, атап өткеніміз жөн болар, сәндік ағаштардың барлығы көрші Өзбекстан елінен арнайы тапсырыспен алыныпты. Әрқайсысының бойы 2 метрден жоғары, түп-түзу, көркі көз тартарлық. Ендігі жерде сол ағаштар аяланып, күтіліп, өз бабында ұсталса, игі болар еді.

Акцияның алғашқы ағашын отырғызып, бастап берген Руслан Маратұлы: «Баршаңызды осынау іс-шараның басталуымен құттықтаймын! Ағаш егу бұл халқымызда бұрыннан бар дәстүр, шарапаты мол, сауапты іс деп білемін. Сондықтан да, көктем мезгілі келіп, айналамыз гүлденіп жатқанда, ауданымызды одан әрі көркейту мақсатында осынау іс-шараны қолға алып жатырмыз. Міне, осындай сәндік ағаштарды ауданымыздың кіреберісіндегі күре жолдың бойынан бастап отырғызуымыздың да ең басты себептерінің бірі осы. «Сырт көз – сыншы» деген, сырттан қонақтар келгенде ауданымыздың жайнап, көзді тартып тұруы бәрімізге абырой емес пе? Сондықтан, бәріңізді осынау іс-шараға белсенді атсалысуға шақырамын», – деп атап өтті.

Аталмыш акцияға Нұрғали Билібаев, Талғат Ділдетаев сынды жеке кәсіпкерлер мен «Меркі су», «Жасыл Меркі» сияқты мекемелер де құнарлы қара топырақ пен су жеткізіп, техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті.

Қазыбек КАМАЛ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *