ОРТАЛЫҚ БАЗАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

DSC_0167 копия

Өткен сенбі күні, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов орталық базардың ахуалымен танысып, ондағы тәртіп пен тазалықтың, санитарлық талаптардың орындалуын назарға алды.

Орталық базар – аудан тұрғындары көптеп жиналатын қоғамдық орындардың бірі болғандықтан, қазіргідей күрделенген эпидемиологиялық жағдайда, ол жердегі тазалықтың, әсіресе, санитарлық талаптардың қатаң сақталуы өте маңызды.

Аудан әкімі, алдымен, базардың батыс жағындағы көп уақыттан бері қараусыз тұрған апатты жағдайдағы ғимараттар мен ретсіз көлік тұрағын назарына алды. Адам өміріне қауіп төндіретін ғимараттарды сүріп, тазалау үшін округ әкімі Ғазиз Байарыстанға 10 күн мерзім беріп, әдемілеп қоршау керегін айтты. Ал, көлік тұрағын базар сыртына шығарып, ол жерден саудагерлерге орын беру мәселесін қарастыруды базар әкімшісі Салтанат Тұрсынбаеваға тапсырды (суретте).

Базардағы жалпы жағдай мүлдем көңіл көншітпейді. Сауда орындары мен аяқ киім шеберлері дүңгіршіктерінің ретсіз орналасуы, базардың қай тұсынан келсеңіз де «көздің жауын алатын» күл-қоқыстар, тіпті, базар ішіндегі контейнерлердің арасындағы қуыстарға дейін қоқысқа толған, бұлардың бәрі ешқандай талаптарға сай келмейді. Саудагерлер орын жоқ деп базардың сыртына дейін жайлап алғанда, базардың ішінде бос жатқан жерлердің бар екені де анықталды.

Көптеген сауда нүктелерінің иелері өздеріне тиесілі, белгіленген жерде сауда жасамай, базардың шығыс жағындағы Торғаев көшесінің бойын жабайы базарға айналдырып, жүргіншілерге арналған жолдың біраз бөлігін жауып тастағаны байқалады. Бұл жағдайға базарға барған әрбір аудан тұрғынының куә болып жүргені анық. Тіпті, кейбір саудагерлер көкөністерін базардың кіреберіс қақпасындағы жүргіншілерге арналған баспалдаққа орналастыруына байланысты, базарға келушілерге мүмкіншілігі шектеулі жандарға арналған пандус жолымен жүруге тура келуде екен. Бұл өз кезегінде базардың кіреберісіндегі кептелістерге әкеп соққандығын айтуға болады. Ретсіз қойылған тауарлар Руслан Маратұлының басшылығымен сол сәтте алынып тасталып, келушілердің базарға еркін кіруіне жағдай жасалды. Осыған байланысты Руслан Маратұлы саудагерлермен арнайы сөйлесіп, ретсіздікке жол бермей, базардың аумағында ғана сауда жасау керектігін айтты. Округ әкімі Ғазиз Байарыстан мен учаскелік полиция инспекторы Данияр Адамбаевқа базар сыртындағы сауданы ретке келтіріп, үнемі бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Сондай-ақ, базар ішіндегі асханаларда, эпидемиологиялық жағдайға байланысты, азаматтардың арасындағы әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық талаптар сақталмаған. Асханалардың алдындағы ыдыстардағы ас қалдықтары мен жуындылар төгілмеген. Дүкендер мен сауда нүктелерінің бұрыштарындағы қоқыстар шығарылмаған. Сонымен қатар, сатушылардың бетперде режимін сақтамағаны, тіпті, бетперде тұрмақ, қолғап кимей нан сатып жүрген азаматтардың бар екені анықталды.

Одан кейін, Руслан Маратұлы Аспара базары мен құрылыс базарларын да аралап көрді. Ол жақтарда да дәл осындай жөнсіздіктерге жол берілген.

Осындай жайттардың бәріне куә болған Руслан Маратұлы базар әкімшісі мен округ әкіміне қатаң ескерту жасап, тазалық пен тәртіпті реттеуді тапсырды. Егерде, аталған ескертпелер орындалмайтын болса, базар аумағын жалға беру туралы келісім-шартты тоқтату мәселесі қаралатынын айтты. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Дильдаш Кударова мен мониторингтік топ өкілдеріне санитарлық тазалық пен карантин талаптарының сақталуына зерделеу жүргізіп, үнемі бақылауда ұстауын тапсырды.

Тиісті лауазымды азаматтарға осындай бірқатар тапсырмаларды жүктеген Руслан Маратұлы:  «Қазіргі жағдайда адамның көңілі емес, өмірі маңызды. Індет өршіген тұста отбасылық шаралар мен тойлар азайғанымен, орталық базардағы жағдай тым нашар. Кез келген адамның базарға келіп-ақ, індет жұқтырып алу қауіпі бар. Себебі, ешқандай талаптар сақталмайды. Базар әкімшілігі де, саудагерлер де бұл мәселеге немкетті қарайды. Ал, аурушаңдық күннен-күнге артып келеді. Біз бұл мәселені қатаң бақылауға алуымыз керек. Тиісті құзырлы мекемелер тазалық, санитарлық қадағалау, қоғамдық тәртіп, көлік кептелісі және т.б. мәселелермен күнделікті айналысуы қажет. Сонда ғана біз індеттің жұғу қауіпін азайтамыз. Бізге халықтың денсаулығы маңызды», – деп қорытындылады.

Қазыбек КАМАЛ, (Сурет автордікі), «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *