САНАЛЫ ҰРПАҚ – САПАЛЫ БІЛІМНІҢ НӘТИЖЕСІ

DSC_0096

«Жастай алған білім – тасқа қашап жазғандай», – демекші, баланы жастайынан білімге баулу мен ой-өрісін дамыту – оның болашақ өмірден өз орнын тауып, үлкен азамат болып қалыптасуының негізгі алғышарты болмақ. Сондықтан, әрбір ата-ана баласының білім алуына жағдай жасауы керек. Бұл ретте, Абай айтқан «Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма» деген ұлағатты сөз ата-аналардың ұстанымына айналуы тиіс.

Ал, қазіргідей, білім мен ғылымға негізделген жаңа дәуірде балалардың бойында білімнің іргетасын кешенді түрде қалыптастыру, тіптен, маңызды. Бұл орайда, тек мектепте алған білім аздық етеді. Сондықтан болар, қазіргі қоғамда қосымша білім беру мекемелері мен оқыту орталықтарының маңызы артып келеді.

Осы орайда, бұл бағытта орын алып жатқан аудандағы жаңалыққа тоқталып өтсек дейміз. Қазіргі уақытта ауданымызда жалпы 6 қосымша білім беру мекемесі мен бірнеше оқыту орталығы бар болса, жақында аудан орталығынан «Сапа.білім» атты тағы бір оқыту орталығы ашылып, өз жұмысын бастады.

DSC_0005     DSC_0073

Әрине, мұндай орталықтардың көбейгені халық үшін жақсы. Себебі, сан көбейген жерде бәсекелестік болады, ал, бәсеке бар жерде – сапаның артары сөзсіз. Ал, кез келген ата-ана баласының сапалы білім алғанын қолдайды.

Біз дәл осы, сапалы білім беруді басты мақсат еткен «Сапа.білім» орталығының директоры Іңкәр Мұсақызымен (басты суретте) сұхбаттасып, азды-кемді ақпар алған едік, ендеше сол жайында баяндап өтсек. Аталған орталықта мектепалды даярлық тобы мен он бірінші сыныптың оқушыларына дейін білім беріледі. Яғни, балалар жас ерекшеліктеріне немесе сыныптарына қарай, мектепалды даярлық, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, ұзартылған оқыту топтарына, ағылшын тілі және т.б. курстарға жазылып, қосымша білім ала алады. Бастауыш сыныптың оқушыларына көркем жазу, қызықты математика, ана тілі-әліппе, логика сабақтары ойын форматында өткізіледі. Ал, бастауыштан жоғары сыныптың оқушыларына негізгі пәндерден: математика, ағылшын тілі, биология, химия, физика, тарих, дүние жүзі және Қазақстан тарихы, құқықтану және т.б. пәндер бойынша сабақтар жүргізіледі. Мұнда сабақтар мектеп бағдарламасымен, яғни, жаңартылған оқу бағдарламасының негізінде оқытылады. Оқу жылы басталғаннан кейін сабақ кестесі мектептегі сабақ кестесімен ыңғайластырылып жасалады екен. Іңкәрдің айтуынша, балаларға ауырлық салынбайды, ата-аналардың өтініштері бойынша, жекелеген сабақтар да өткізіледі. Арнайы жеңілдіктер де бар. Мысалы, көпбалалы отбасылардың балалары болса немесе бір үйден бірнеше бала орталыққа жазылған жағдайда, сондай- ақ, жаз айларында жазылып үлгерсеңіз, айтарлықтай жеңілдіктер болады екен.

«Сапа.білім» орталығында 11-сыныптың оқушыларымен ерекше жұмыс жасалады. ҰБТ бойынша 5 пәннен арнайы даярлық сабақтары оқытылса, қосымша кураторлық сабақтар да жүргізіледі. Сондай-ақ, пайдалы кино-тайм, тест талдау және көмпьютерлік тестілеу жұмыстары да жүргізіледі.

Аталмыш орталықтың тағы бір ерекшелігі – мұнда балаларға сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, баланың жан-жақты толық адам болып қалыптасуына бастайтын мәні зор тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, күнделікті «Сапа.білім» орталығына келген балалар таңғы сағат 9.00-де ғимарат алдындағы алаңда мемлекеттік Әнұранды шырқаса, содан соң Іңкәрдің басшылығымен таңғы дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Одан кейін барып қана, 9.30-да сабақ басталады.

DSC_0013      DSC_0048

Осы орайда, орталық директоры Іңкәр Мұсақызы орталықтағы мұғалімдердің барлығы білікті, өз істерінің шеберлері екенін айтады: «Бізде әрбір мұғалім өзінің біліктілігін дәлелдеген соң ғана жұмысқа қабылданады. Себебі, «Сапа. білім»-де балалардың психологиясына, олардың сабақтарды қабылдау қабілеттерінің деңгейіне қарай, әрбір баламен жеке қарым-қатынас орнатылып, сабақ жүргізіледі. Өйткені, біз тек қана білім беріп қоймауымыз керек, сондай-ақ, баланың қабілетін ашып, оның икемділігі мен бейінділігіне қарай бағыт-бағдар беруіміз керек. Бұдан бөлек, біз балалардың күнделікті өмірде жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, олардың тек қана білімді емес, сонымен қатар, мәдениетті де тәрбиелі, болашақта ұлттың, елдің мүддесіне қызмет істейтін азаматтардан болуы үшін танымдық жұмыстар жүргіземіз. Бұл бізден күнделікті ізденісті, тоқтаусыз еңбек етуді талап етеді. Әрине, бұл заман талабы. Ал, біз әрқашан саналы ұрпақ – сапалы білімнің нәтижесі деп есептейміз. Сондықтан, сол жолда аянбай еңбек етеміз. Біз үшін сан емес, сапа маңызды», – деп өзінің жұмыс істеу принциптерімен бөлісті Іңкәр қарындасымыз. Ой түбіндегі тәмсілді осылай түйіндегеніне қарап-ақ, Іңкәрдің жас та болса, өз ісін шынайы сүйетін маман, білікті педагог екені байқалады.

Қазіргі уақытта, орталықта 40 бала 3 топқа бөлініп оқып жатыр. Дегенмен, орталыққа жазылу шаралары әлі жалғасуда. Сондықтан, баласының болашағына бей-жай қарамайтын ата-аналар балаларын «Сапа білім»-ге сеніп тапсыруына болады.

Қазыбек КАМАЛ, (Суреттер автордікі), «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *