БҮГІНГІ КҮННІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Улан кездесу4 копия

Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінің фейсбук парақшасында «Бүгінгі күннің қаһармандары» тақырыбында онлайн кездесу өтті.

Тақырып та «Бүгінгі күннің қаһармандары» деп бекер таңдалған жоқ. Меркі жері батырлардан кенде болмаған, солардың бірі – Сыпатай Әлібекұлының туғанына биыл 240 жыл толды. Сыпатай бабамыз ұлтымыздың тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігін сол бір арпалысқа толы кезеңдерде армандағаны белгілі. Міне, арада ондаған жылдар салып, қазақ жұрты өзінің Тәуелсіздігін де алып отыр.

Иә, биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Осы уақыттың ішінде еліміз өркендеудің дара жолына түсіп, түрлі жетістіктерімен әлемге танылды. Оның ішінде, медицина саласы да бұрынғымен салыстырғанда қарқынды дамуда.

Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ал, адам өмірі ең бағалы болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөле қарауы қажет. Сәт сайын өзгеріп отырған жаһанда әлемді дүрліктірген коронавирус дерті елімізді де әбігерге салғаны рас.

Осы орайда, аудандық музейде жоғарыда аталған тақырып аясында аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Көктеубаев Ұлан Жолдасбекұлымен (суретте оң  жақта) кездесу ұйымдастырылып, ол өзінің өмір жолына кеңінен тоқталған соң, ауданымыздағы медицина саласының жай-күйімен таныстырып өтті.

Осындай қиын кезеңде халқымызға қолдау көрсетіп жатқан Ұлан Көктеубаев еңбек жолын бастаған күннен халықтың денсаулығын сақтауға зор үлесін қосып келе жатқан азамат. Ол өз қызметтерін атқару кезінде білімі мен кәсіби біліктілігін қызмет барысында тиімді қолданып, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін көрсете білді.

Ұлан Көктеубаев 1980 жылы 20-қыркүйек күні Меркі ауылында дүниеге келген. №17 Трубицын атындағы мектепті аяқтаған соң, Бішкек қаласындағы Қырғыз медициналық академиясында оқыды. 2004 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтап, Қырғыз-Славян университетіне хирургия мамандығы бойынша клиникалық ординатураға оқуға түсті. 2006 жылы ординатураны аяқтап, туған жері Меркіге оралды. Еңбек жолын аудандық орталық ауруханадағы қабылдау бөлімінің дәрігері болып бастады. 2009-2020 жылдары хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. 2020 жылдан бастап, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары болып тағайындалды. 2021 жылдың сәуір айынан бастап, орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарған.

Қазіргі таңда бас дәрігердің орынбасары болып қызмет атқарады. Біз, Ұлан Жолдасбекұлына және аудандық ауруханадағы барлық дәрігерлерге, мейірбикелерге шын жүректен алғыс айтамыз.

Б.Алдабергенов, аудандық тарихи-өлкетану
музейінің бұқаралық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі
нұсқаушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *