ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

DSC_0385 копия

Өткен жұма күні, аудан әкімдігінде, аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың төрағалығымен жиын болып өтті. Онда әртүрлі әлеуметтік мәселелер қаралып, алдағы күннің күн тәртібінде тұрған іс-шаралар жоспары талқыланды (суретте).

Жиынға ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелердің басшылары және т.б. қатысты.

Жиынды ашқан Руслан Маратұлы, алдымен, ағымдағы айдағы іс-шараларға тоқталып өтті. Мұғалімдердің тамыз конференциясы мен ҚР-ның Конституциясы күнін тиісті деңгейде өткізу қажеттігін, жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталатындықтан, оқу орындарының дайындығы мен карантиндік талаптардың қатаң сақталуын ұйымдастыруды пысықтау керектігін тапсырды.

Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында еліміз бойынша республикалық «Мектепке жол» акциясын өткізу дәстүрге айналған. Руслан Маратұлы округ әкімдерін, мекеме мен бөлім басшыларын осы қайырымдылық акциясына белсене қатысуға шақырды.
– Бұл ешкімге мәжбүрлі түрде тапсырылмайды. Округ әкімдері, бөлімдер мен мекемелер басшылары, бәріміз осы акцияға бірдей атсалысып, әрқайсымыз қолымыздан келгенше екі-үш балаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып берейік. Осылайша қайырымдылық жасауға шақырамын. Қазағым ешқашан жетімін жылатпаған, әрқашан да жесіріне қамқор бола білген. Ел боламыз, жұрт боламыз десек, игі іске барлығымыз бірлесе кірісіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созайық. Жақсылығымыз пендеден қайтпаса да, Алладан қайтады. Әрбір істеген ізгі амалымыз қашан да өзімізге еселеніп оралады. Қазіргі уақытта ауданымызда «Жомарт Жүрек» атты қайырымдылық қоры ашылды. Бұл қорға жиналған қаражат жетім-жесірлер мен көмекке мұқтаж көпбалалы аналардың қажеттіліктеріне жұмсалатын болады. Қордың арнайы реквизиттері бар, жиналған қаражатты ардагерлер мен билер кеңесінің, қоғамдық кеңестің мүшелерінен және әкімдік қызметкерлері мен қордың өкілдерінен құралған комиссия тобы бақылайтын болады. Аудан бойынша әр елді мекенде көмекке мұқтаж отбасылар бар. Біз қайырымдылықты қаншалықты көп жасаған сайын, сол отбасыларға көмектесуге, тіпті, үй алып беруге мүмкіндігіміз болады. Сондықтан, баршаңызды қайырымдылық жасауға бір үйдің баласындай атсалысуға шақырамын, – деді аудан әкімі.

Одан кейін Руслан Маратұлы салалар бойынша өзінің орынбасарлары мен ауыл әкімдеріне, бөлімдер мен мекемелердің басшыларына арнайы тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жөнінде сөз қозғаған Руслан Маратұлы орынбасары Берік Бегалиев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаевқа идеологиялық жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жеткен жетістіктері, еліміздің дамуы жолында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектері жүйелі түрде халық арасында дәріптелуі керектігін айтты. Сондай-ақ, қазіргідей халықтың еңсесі түскен қиын жағдайда ауылдық округтерде концерттік іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.

Ауыл әкімдеріне ел ішіндегі әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелерді, нақтырақ айтсақ, өткен жылдары жөндеуден өткенімен мәселе туындатып отырған нысандар мен көшелер бойынша жыл соңына дейін зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырып, кепілдік мерзімдері бітпей тұрып мердігерлерге қайта істету керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаевқа электр жарығы нашар және ауыз су мәселесі бар көшелерді зерделеп, жазбаша баяндауды тапсырды.

Қазіргі уақытта дала шөптерінің бәрі қурап, өрт қаупінің артуына байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөліміне, карантиндік талаптар бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тиісті шаралар қолдану тапсырылды. Сондай-ақ, халықты коронавирусқа қарсы екпе алуға шақыру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігі ескертілді.

Руслан Маратұлы «Асарлатып үй салу» жобасының ауылдарда орындалу барысын ерекше назарға алды. Жуырда ғана Рысқұлов ауылында асарлатып салынған үй өз иесіне табысталған еді. Ал, жоспарланған үйлердің қалғаны қыркүйек-қараша айларында дейін толықтай аяқталып, өз иелеріне тапсырылуы тиістігі ауыл әкімдеріне ескертілді.

Жиын соңында Руслан Маратұлы жиналғандарды «Жомарт жүрек» қорына 500-1000 теңгеден болса да қаражат салып, қолдау көрсетуге шақырды. Ол қорға жиналған қаражаттан мұқтаж отбасыларға көмек берілетінін айтып, бұл да асардың бір түрі екенін түсіндірді.

P.s. «Мектепке жол» акциясы бойынша мұқтаж балаларға киім алып беремін деуші азаматтар болса, әкімдік тарапынан арнайы бекітілген өкіл Райкүл Сапарғалиеваға 87023282421 байланыс нөмірі бойынша хабарласуға болады. Ал, мүмкіндігінше, өз жағдайына қарап, қорға ақша аударғысы келетін қайырымды жандар үшін төмендегі реквизиттерді ұсынамыз:

«АТФ Банкі» АҚ-ы;
банктік сәйкестендіру коды
(БСК/БИК): ALMNKZKA;
бизнес-сәйкестендіру нөмірі
(БСН/БИН): 010441000299.

«Жомарт Жүрек » қоғамдық
қайырымдылық қоры :
БСН/ЖСН: 200740023709;
KZT: KZ94826Н0KZТD2A0W0KR;
Код: 18.

Қазыбек КАМАЛ, (Сурет автордікі), «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *