БИІКТЕРДЕН КӨРІНЕ БЕРІҢІЗДЕР!

index25

Ауданымызда, мал шаруашылығы, оның ішінде, ет өндіру мәселесіне келгенде, Берік Елубайұлы Егембердиев басқаратын «Меркі-Ет» комбинаты» ЖШС-гін айналып өте алмаймыз. Себебі, ауыл шаруашылығында өзіндік үлесі бар серіктестік мүшелері күн-түн демей еңбек етіп, нәтижелі жұмыстарымен қуантып жүр.

Комбинат малшылары жаздай «Қара қыстақ» тау жайылымын мекен етіп, қарамақтарындағы 8 отар қойды бағып, қоңын көтеріп қайтса, бүгіндері 2 отар қой – Арғы құмда, 6 отары – Орта құмда бағылуда. Малдың қоңы жақсы, қойшылардың үй-жайы жылы, қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.

Негізінен, «Меркі-Ет» комбинаты» өңірдегі ет өнімдерін шет елге, дәлірек айтсақ, Дубай мен Бахрейнге жіберіп отырған бірден бір кәсіпорын. Өткен 10 айда бұл елдерге 500 тоннадай ет өнімдері жөнелтілген.

–Серіктестік құрамында: «Нұр-Б», «Олжа» шаруа қожалықтары, Мықандыда мал бордақылау алаңы және ет комбинаты бар. Барлығы 90-дай адам еңбек етеді. Қай кезде болса да, табысқа жетудің бір себебі – маман кадрлар (суретте). Сондықтан да үнемі осы жағына мән беремін, – дейді Берік Елубайұлы, бізбен әңгімесінде.

Шынында да, серіктестіктің бас зоотехнигі, 35 жылдық еңбек өтілі бар – Болат Тәнекеев, 32 жылдық тәжірибесі бар зоотехник – Ердалы Рысқұлов, 35 жылдан бері мал дәрігері болып жүрген – Сайлаубек Жолымбеков… бәрі де аудан шаруашылықтарында көп жылдар бойына еңбек етіп, танылған тәжірибелі мамандар. Маман демекші, ет комбинатының өзінде 3 мал дәрігері, қойда – 1 мал дәрігері, ал, ірі қара малында – 1 мал дәрігері бар. Үлкен ұжымның табыстарды еңсеруінің бір ұшы осында жатса керек.

Сөз соңында айтарымыз: Берік Елубайұлы Егембердиев басқаратын «Меркі-Ет» комбинаты» ЖШС-нің ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс, отбастарына амандық, ел игілігі жолындағы әрбір бастамаларына оңды нәтиже тілейміз.

Қашанда абырой биігінен көріне беріңіздер!
Мереке құтты болсын!

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *