ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕН АЗАМАТ

DSC_0442 копия

Мерейлі Меркі жерінде саналы өмірінің жартысынан көбі кеңестік дәуірде өтіп, ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда барымызды баянды етуге алған білімі мен тәжірибесін аямай еңбек еткен азаматтар баршылық. Ілияс Бекпатшаұлы Ахметжановты солардың бірі де, бірегейі дер едік. Себебі, ол саналы ғұмырының барлығын, дәлірек айтар болсақ, 48 жылын туған жерін көркейтуге арнады.

Ілияс Бекпатшаұлы 1951 жылдың 10-қаңтарында Меркі ауданының «Қызыл еңбек» ауылында дүниеге келді. 1967 жылы орта мектепті бітірісімен арман қуып, Алматыға барды. Сондағы Ауылшаруашылық интитутының агрономия факультетіне оқуға түсті. Бар ынта- ықыласын білім алуға, лайықты маман болуға жұмсаған жас жігіт 1972 жылы дипломын алып, туған жеріне – сүйікті Меркісіне оралды.

Бұл – Меркі өңірінің қант қызылшасын өсіруден аты шығып, жетістіктерімен Одаққа танымал болып тұрған кезі-тін. Міне, осы тұста Ілияс Бекпатшаұлы, ең жауапты учаске – Меркі қызылша совхозының ІІ-бөлімшесіне, Сыпатай ауылына агрономдық қызметке жіберілді. Ол институтта алған білімін өндіріске жұмсап, іскерлігімен және еңбеқорлығымен таныла бастады. Мұны байқаған аудан басшылығы да қарап қалмады, 1976 жылы, жас деместен, Ілекеңді сол Сыпатай ауылына бөлімше  басқарушысы етіп тағайындады. Иә, ол нағыз еңбек майданында шыңдала түсті, себебі, жылдың төрт мезгілінде шаруашылық ісінен бірде-бір бос уақыты болмайтын.

1982 жылдан бастап І.Ахметжанов Меркі қызылша совхозына бас агроном болса, 1985 жылы, небары 34 жасында осы ірі шаруашылыққа директор болып тағайындалды. Шаруашылықтың І-бөлімшесі, негізінен, қант қызылшасының тұқымын өсірумен айналысатын, соған маманданған болатын. Мұның өзі барлық шаруашылықтары дерлік балтамырды баптаумен айналысатын ауданда үлкен жауапкершілікті талап етті. Ол басшылық жасаған 1985–1989 жылдары шаруашылық мол жетістіктерімен дараланды.

Иә, бәрі оңай болған жоқ. Кеңестер Одағы тарап, нарықтың қиын кезеңдерін бастан кешірдік. Елімізде экономикалық байланыстар үзіліп, шаруашылықтар тарай бастады. Мұндай ахуал Меркіні де айналып өтпеді. Осы тұста Ілекеңе тағы да жауапкершілік жүктелді. Ол 1991–1995 жылдары аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас агрономы болса, 1996–1998 жылдары сол басқарманың бастығы қызметі сеніп тапсырылды.

1998–2011 жылдары Меркі ауданы әкімінің ауыл шаруашылық жөніндегі басшысы болып, аграрлық саладағы барлық өзгерістер мен жаңалықтарды өндіріске ендіруге ықпал етті. Жекелеген шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының аяқтан тік тұруына жанын сала еңбек етті. 2012 жылдан 2021 жылдың қаңтарына дейін Меркі аудандық мәслихатының хатшысы болып қызмет етті.

Міне, Ілияс Бекпатшаұлы Ахметжанов осындай, туған жерін түлетуге айтарлықтай үлесін қосқан азамат.

Ілекең өмірлік жары Шахар әпкемізбен бірге 2 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Бүгіндері 9 немеренің атасы.

Ілияс Бекпатшаұлын кәсіби мерекесі – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, мол қуаныш, отбасына амандық тілейміз.

Суретте: Ілияс Ахметжанов
оң жақта,
(сурет отбасы архивінен
алынды).

Әлихан НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *