ЖАҢА ЖАҒДАЙ ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

премьер министр

Сәрсенбі, 12-қаңтар күні, аудан басшылары, аудан әкімінің аппараты қызметкерлері, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және басқа да ұйым-мекеме басшылары онлайн түрде жүргізілген  Үкіметтің жаңа құрамының отырысына қатысты.

Жиынға төрағалық еткен ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов (суретте):
– Қазіргідей күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз қажет. Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономиканың өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, сондай-ақ, лаңкестер мен бұзақылар келтірген орасан зор шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді
Премьер-министр.

Сонымен қатар, ол халықтың жаңа Үкіметтен зор үміт күтетінін атап өтіп, «Бұл кезең – Үкімет алдында болмаған күрделі міндет. Халық жаңа Үкіметтен нақты нәтиже күтуде» – деді Әлихан Асханұлы.

Одан соң Министрлер кабинеті құрамына жаңадан қосылған министрлер ант берді. Премьер-министрдің алдында Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров, Ақпарат және даму министрі А.Омаров, Денсаулық сақтау министрі А.Гиният, Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев және т.б. сөз алып, Президент тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді атқаруға бағытталған жоспарларын ортаға салды.

Келесі кезекте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық аппараттық жиынды өткізді. Ол өз сөзін облысымызда 7 түрлі тауарға бағаның қымбаттауынан бастап, тиісті басқармалардың антимонополиялық комитетпен бірлесе шұғыл жұмыстар жүргізуін тапсырды.
– Тез арада-ақ, көктем де келіп, егіс-дала жұмыстары басталады. Сондықтан да суландыру жүйелерінің жайын тексеріп, дайындық жасау керек.Тұқым мен тыңайтқыштардың жеткілікті болуы назарға алынсын. Көктемгі егіс-дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін арнайы штаб құрылсын: қанша егін егіледі, суландыру жайы, техника, жанар-жағар май және т.б. бәрі де нақты анықталуы тиіс, – деді Бердібек Мәшбекұлы.

Облыс басшысы коронавирустың қайта белең алуы туралы ескертіп, салалық басшыларға тапсырмалар берді.

Аудандық аппараттық жиынды жүргізген аудан басшысы Руслан Нұрсипатов орын алған жағдайға байланысты, Президентіміздің соңғы тапсырмаларына сәйкес атқарылар шаруалардың ауқымы кең, маңызы зор екенін айта келіп, нақты жұмыстар жүргізуді алға тартты.
– Ең алдымен, нанның бағасының қымбаттамауын, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуын, түрлі нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттарын уақтылы ұсынуды бақылауда ұстау қажет. Электр энергиясының, су мен жанар-жағар майдың бағасының өспеуін қадағалап, күнделікті ақпар беріп отырыңыздар. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі – бірінші кезекте тұруы тиіс. Ұлтаралық мәселе, учаскелік полицияның жұмысы, пандемияға қарсы вакцинациялау, бәрі де сіздер мен біздердің алдымызда тұрған басты міндеттер болып табылады, – деген Руслан Маратұлы, өзінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына, ауыл әкімдеріне атқарылар шаруаларды бірлесе орындауды тапсырды.

Әтіркүл ИСАЕВА, «Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *