БАСТАУЫШ МЕКТЕП – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ БАСТАУЫ

21c40651-37ea-48e1-9ab2-44478a0a2476

Ағымдағы айдың 15-і күні Нұрсұлтан қаласындағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында еліміздің бастауыш сынып мұғалімдерінің «Бастауыш сынып – білім мен ғылымның бастауы» тақырыбындағы съезі болып өтті.

Республикамыздың әр өңірінен, барлығы 300-ден астам педагог қатысқан съезд жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, БҒМ-нің жауапты мамандары, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы мен білім басқармаларының жауапты өкілдері, білім беру ұйымдарының әдіскерлері, жоғарғы оқу орындары және педагогикалық колледждердің оқытушылары, біліктілікті арттыру институттарының мамандары, ал, өзіміздің ауданымыздан бір ғана делегат – №5 Ақарал ЖОББ мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Бәбіжанова Райхан Жолдасқызы  қатысты. Жоғарыда аталған оқушылар сарайының дәлізінде съезге қатысушылар танысу үшін бастауыш сынып мұғалімдеріне академиялық қолдау көрсететін «InteIIectum» дамытушы ойындар жиынтығы, анықтамалық және көрнекі құралдар, электронды мектеп сайттары мен визалды құрылғылардан тұратын көрме ұйымдастырылыпты.

Съезд жұмысы кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады. Оған қысқаша тоқталсақ: – Бірінші мәселе, бастауыш сынып деңгейі бойынша типтік оқу жоспарларымен қоса, типтік оқу бағдарламаларын да жаңартамыз. Оның
ішінде, тақырыпты бекітуге, қайталауға арнайы уақыт бөлу керек. Дағды қалыптаспайынша, бала тақырыпты түсінбейінше, күнде жаңа тақырып өткізу – өте күрделі. Оқу мақсаттарын қайта қарау керек. Соның ішінде, тәрбие мақсаттарын бөлек қарастырған жөн. Оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелері бағдарламада болуы қажет екені айтылуда. Бұл мәселені де ескеруіміз керек.

Оқу мақсаттарын ғылыми тілмен емес, түсінікті тілмен жазу мәселесін қолға алатын боламыз. Бастауыш пен 5-сыныптың бағдарламасын бір-біріне үйлестіру мәселесін қарастыру маңызды. Балалардың жазу, оқу дағдыларының қалыптасуы бастауыш сыныптарда басталады. Сондықтан, грамматика мәселесін күшейтуге көңіл аударып, тиісті жұмыс жүргіземіз. «Математика» пәні бойынша 1-сыныптың үшінші тоқсанында есептер, көбінесе, мәтінмен беріледі. Бала жаңа ғана «Әліппемен» қоштасып
жатқанда, мәтінмен берілген есептер күрделірек сияқты. Сондықтан, осындай тұстарды да қарап, «Математиканы» бастауышта бөліп оқыту мәселесін де қарастырамыз. «Дүниетану» мен «Жаратылыстану» пәндері бойынша қайталану тақырыптары бар екені айтылуда. Болашақта магистр дәрежесі бар әріптестерімізді бастауыш мектепке шақырып, соған жағдай жасауымыз керек. Бастауышқа келетін мұғалімдердің дәрежесі бакалаврдан төмен болмауы қажет. «Көркем еңбек» пәні мен «Бейнелеуді» бөлек
оқыту бойынша ұсыныстар бар. Сондықтан, бұл орынды ұсыныс деп санаймын, Бірақ, оны әлі де зерттеп көру керек. Бастауыш сынып пәндерінің арнайы кабинеттерін жабдықтау бойынша қазіргі уақытта №70 бұйрыққа өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бүгінгі күні бастауыш сынып мұғалімдерінің саны жеткіліксіз. Сондықтан, биыл да грант санын көбейтеміз, – деді А.Аймағамбетов өз сөзінде.

Съезд жұмысы секциялық іс-шара, фасилитация мен пленарлық отырыстан тұрды. Панельдік секцияларда бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру, бастауыш білім берудің әдістемелік жүйесі, білім алушылардың оқу жетістігін бағалау, сонымен қатар, бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуетін арттыру мәселелері талқыланып, қорытындысы съезд қарарына ұсынылды. Әр облыстан келген мұғалімдер 1-4 сыныптардың пәндік құзыреттілігі бойынша тұщымды жауаптар алып, ол үшін съезд жұмысын ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша тиісті қарарлар қабылданып, мәселелерді шешу жолдары зерделенді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *