ӨНЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ КЕРУЕНІ

276157165_1098066931044263_2882654445721813031_n

Наурыз мерекесіне орай, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен, ішкі саясат басқармасының қолдауымен, облыс көлемінде рухани-мәдени көшпелі керуен жұмысын басталған еді.

Өткен аптада Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаевтың, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтің, аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарованың, Өнер мектебінің директоры Бакытжан Утебаевтың, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры Олжас Мусакуловтың және Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының бастауымен «Шымырлық пен шеберлік» атты өнер және мәдениет керуені Меркі ауданында болып өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – аудандар арасында  рухани-мәдени шығармашылық бағытында тәжірибе алмасу, рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, қалың жұртшылыққа насихаттау болып табылады.

Ауданымызда аталған керуен жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Спорт кешенінің алды көрнекілік құралдарымен безендірілсе, асық атып, ләңгі тепкен, қол күрестіріп, гір тасын көтеруден жарысқан жастар қауымы той-думанның көрігін қыздырды.

Шапандарын киіп қонақтарды күткен ақсақалдар, кимешек пен камзол киген апаларымыз бен ұлттық нақыштағы ормалдарын таққан қыз-келіншектер  тәтті тағамдарын ұсынып, ілтипат көрсете Т.Рысқұлов ауданынан келген ағайындарды қарсы алды.

Әне, Т.Рысқұлов ауданының қонақтары да «Киелі менің Құланым» әнін шырқатып, қонақ кәдесін орындап жатты. Қонақтарға қошемет көрсетіп, зор ықыласпен қабыл алған меркіліктер де «Туған жер» әнін қосыла шырқап, алыстан келген ағайынға ұлттық тағамдар мен сусындарымызды ұсынып, төрге шығарды.

Аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері биыл мерейжастары атап өтілетін ұлтымыздың белгілі ақын-жазушыларының кітаптарынан көрме ұйымдастырып, қонақтарға тарту етті.

Содан соң, рысқұловтықтар «Шымырлық пен шеберлік» керуені аясында өздерінің дайындаған ұлттық қолөнер көрмелерін паш етті. Көрме барысында, алдымен ұлттық өрнектермен әшекейленген, қыздарға арналған киімдер, көрпе-жастық, қыз жасауы, ат әбзелдері, ағаш және тері бұйымдары, киіздер мен алаша сынды ұлттық жәдігерлеріміз  көпшіліктің назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, рысқұловтық қолөнер шеберлері халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде фольклорлық үлкен маңызға ие қамшы түрлерінің үлгілерін жасау тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ, жиналған көпшілік Т.Рысқұлов ауданы қолөнер шеберлерінің киіз басу, ою салу, саздан қыш ыдыстарды дайындау,  зергерлік ісі, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, сурет салу сынды өнерлерімен танысып, олар дайындаған  қолөнер туындыларына зор баға берді.

Жалпы, көрме барысында ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертетін, руханиятымыз бен мәдениетімізді паш ететін барша жәдігерлер қамтылып, жиналған қауым рухани тұрғыда сусындап, тамаша әсерге бөленді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *