ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

DSC_0260

Бүкіл әлемге, оның ішінде, мемлекетімізге қауіп  төндіріп, өзінің нацистік диктатурасын жүргізбек болған  фашистік Германия толық тізе бүккен 9-мамыр – Ұлы  Жеңіс күні жалпыхалықтық мереке ретінде 77-ші  рет аталып  өтті.

Иә, адамзат үшін айтып келмеген пандемия кесірінен соңғы 2 жылда бұл мерекені айналып өткеніміз бар. Дегенмен, осы күнге дейін, миллиондардың қаны төгіліп, әр шаңырақты соғыс өрті шарпып, қыршынынан айырған Ұлы Отан соғысының жаңғырығы асылып, түтіні сейілмегені болар, әркім көз жасына ерік беретін басты мереке ел жадынан шықпақ емес. Оны ұмыту – майданда опат болған есіл ерлердің рухын қадірлемеумен тең, ол ұрпақтар сабақтастығына да сын. Қазіргі таңда еліміз бойынша небары 387 соғыс ардагері қалса, оның 3-еуі қан майданда қан төккен өзіміздің меркілік жерлестер. Оларға тағзым етіп, ұрпақтық парыз ретінде жадымызда сақталуы мақсатында есімдерін атап өтсек – Меркі ауылдық округінің тұрғындары Сенюшова Евгения Петровна, Баннов Василий Иванович пен Ақарал ауылының азаматы Әзім Жармұханбетовтар Ұлы Жеңістің 77-і көктемін бірге қарсы алып, арамызда жүр. Сонымен, 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күні аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бақытхан Әбжапаров бастаған, құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, қоғамдық кеңес мүшелері, тыл және еңбек ардагерлері, мекеме-ұжымдардың басшылары, ауданымыздағы этномәдени орталықтардың жетекшілері, Меркі аудандық Шекара басқармасы және №11971 әскери бөлімінің қызметкерлері, сонымен қатар, кешегі өткен қан-қасап соғыстың зардабы санасынан өшпей, батыр аталар мен апалардың рухына бас июші аудан тұрғындары ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіш басына жиналып, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Сөз алған Б.Әбжапаров пен Қ.Иманалиевтер соғыс салған жараны жазу еш мүмкін болмаса-дағы майданда опат болған боздақтардың рухын қастерлеп, көзі тірі жауынгерлерді барынша ұлықтау – қасиетті парызымыз екенін айтып, жиналған көпшілікті Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесімен құттықтады.

Келесі кезекте, жоғарыда аталған лауазымды тұлғалар мен ҰҚК Шекара қызметі Меркі аудандық Шекара басқармасының бастығы Ерлан Бекмұратов және аталған басқарманың тәрбие бөлімінің бастығы Қанат Ыдырышхановтар, алдымен, ақаралдық соғыс ардагері Әзім Жармұханбетов, одан кейін Евгения Сенюшова мен Василий Банновтардың шаңырағында болып, майдангерлерді басты мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Б.Әбжапаров қарт жауынгерлерге 1 000 000 теңгенің сертификатын тапсырса, шекара қызметінің өкілдері «Шекара қорғауға қосқан үлесі үшін» медалі мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарық көрген «30 жыл Тәуелсіздік күзетінде» атты кітаптарды сыйға тартты. Орайы келгенде айтып өтсек, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, 77 жыл бойы бір мәмілеге келмеген, тіпті, көптеген тартыс та өтіп, биыл ғана тарихи шындық жеңіп шыққан жағымды жаңалықтарға да тоқтала кетуді жөн санап отырмыз. Оның бірі – фашистердің ордасы – Рейхстагқа 1-ші болып қызыл Ту тіккен өзіміздің Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов екендігін растайтын ресми құжаттың елімізге жеткені. Ал, тағы бір қуанарлық оқиға – ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен жамбылдық жерлесіміз, 289 жаудың көзін жойған атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовке (Невель қаласын азат ету соғысында қаза тапқан) «Халық Қаһарманы» атағының берілуі еді. Иә, ерлік ұмытылмай, ерлер тиісті

бағасына жетіп, ұлықталуы тиіс. Ұлы Жеңіс құтты болсын, ағайын!
Әлихан Нұралиев,
«Меркі тынысы».

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *