КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ӨЗГЕРТУЛЕР: АЗАМАТТЫҚ БІРІГУДІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ БАСТАЛАДЫ

Конституциядағы өзгертулер мақаласына сурет

Иә, еліміздің жаңа даму жолдарын белгілеп, алға өрлейтін мүмкіндіктерді кеңінен ашатын конституциялық реформа ел Президенті Қ.Тоқаевтың наурыз айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған ең маңызды іс-шаралар тізбегі болып тарихқа еңбек.

Сонымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  Конституция – Ата Заңымызға енгізілетін  өзгерістер мен толықтырулар жобасы  бойынша ағымдағы жылдың 5-маусымында  республикалық референдум өткізу туралы 2022 жылдың 5-мамырында №888  Жарлыққа қол қойып, ол бағыттағы  науқан жұмыстары жалпы еліміздегідей,  ауданымызда да басталып кетті. Осы ретте, аудандық жабық штаб пен елді мекендерде  халықпен кездесу өткізетін арнайы топтар, сонымен қатар, мониторингтік топтың құрамы бекітіліп, олар кесте бойынша  жұмыстарын атқаруда.

Міне, жоғарыда айтылған республикалық референдумды өткізу турасындағы маңызды жайттарға кеңінен тоқталып, түсіндіруді  және зерделеуді мақсат еткен жиын өткен жұма күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында, аудан әкімі аппаратының басшысы
Амангелді Нәметқұловтың төрағалығымен болып өтті.
Жиынға аудан прокуроры Елдос Әмірхан, жергілікті полиция бөлімінің бастығы Айдос Майнаусов, аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Қанат Дәрімқұлов, аудандық референдум комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме-ұйымдардың жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, аудандық аумақтық және учаскелік  референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімі аппаратының басшысы А.Нәметқұлов референдум өткізу институты сонау 1995 жылдан бері енді қолға алынып отырғандықтан, бұл саяси науқанды өткізу тәртібі туралы негізгі ақпарат ұсынылған құқықтық база дайындалғанын,
референдумда қойылатын сауал тұжырымы: «2022 жылғы 6-мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» – деген бір ғана сұрақтан тұратынын айта келе:
–  Өткізілгелі отырған республикалық референдумның электральдыдан басты айырмашылықтарына келсек, оның өткізу мерзімі заңмен белгіленген ең аз мерзім – 1 ай шеңберінде ғана. Азаматтардың келу және дауыс беру шегі белгіленген. Егер, дауыс беретін азаматтардың жартысынан астамы оған қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Үгіт-насихат референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірін білдіру түрі ретінде қарастырылған. Сайлау қорлары құрылмайды және үгіт-насихат жұмыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды. Тағы бір атап өтетін мәселе – сайлау комиссиялары бұл күндері республикалық референдум комиссиялары деп аталады. ОСК, АСК және УСК республикалық референдум комиссияларына айналады. Ал, қоғамдық штабтардың жұмысы мен үгіт-насихат шараларын өткізу ағымдағы жылдың 6-мамырынан бастап, 3-маусымға дейінгі аралықта заңды болып есептеледі. 4-маусым күні «Тыныштық күні» болып белгіленді. Референдум өткізу – аса маңызды іс-шара. Сондықтан, оған жауапты органдар мен бөлімдер, барлық мекеме-ұжымдардың басшылары саяси науқанға аса мән беріп, оның өз дәрежесінде өтуі үшін ыждағаттылық пен кәсіби шеберлік танытып, ынта-жігерді аямай салуын сұраймын – деді. Амангелді Нәметқұлұлы одан әрі рефе рендумның негізгі мақсаттары мен міндеттері, Конституцияны жаңартуды қолдаудың маңызды себептері туралы тағы бір мәрте түсіндіріп, қоғамдық келісімге келу және бұрын-соңды болмаған сыртқы қауіп-қатерлерді ұғыну уақыты келгендіктен, Жаңа Қазақстанды құру мен ұлт болашағы үшін ынтымақты болуға шақырды.

Сөз алған аудандық референдум комиссиясының төрағасы Ш. Абылқасымов референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына аудан бойынша 1 аумақтық сайлау комиссиясының 7 және 41 учаскелік сайлау комиссиясының 271 мүшесі қызмет көрсететінін, ре ферендумға қатысу құқы бар азаматтардың нақтыланған тізімі 1-сәуірдегі жағдай бойынша 54135 болып тұрғанын айтып, өздерінің тараптарынан барлық тиісті жұмыстар уақтылы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Одан кейін жиын мінберіне көтерілген ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев жүйелік кесте бойынша жұмыстарына тоқталса, ТЖ, жергілікті полиция және т.б. бөлім мен ұжым басшылары жауапты науқанға дайындық барыстары туралы есеп берді. Жиынды қорытындылаған Амангелді Нәмет құлов барлық жауапты тұлғаларға нақ ты тапсырмалар мен нұсқаулықтар беріп, олардың орындалуы қадағалауда болатынын айтты.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *