ЕЛ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

DSC_0078

Өткен бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрымова Гүлдара Алданышқызы ауданымызға арнайы іс-сапармен келіп, жалпыхалықтық референдум өткізу алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Халық қалаулысын қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Күлайым Шағатаевалар Меркі өңірінің жеткен жетістіктері мен алға қойған игі істері, жұртқа жайлы болар жоспарларымен таныстырып өтіп, алдағы референдумға байланысты атқарылып жатқан жанды жұмыстардың тізбегін ұсынды.
Заң талаптарына сай әр істің ауқымды һәм жүйелі екендігіне оң бағасын берген Гүлдара Алданышқызы ел тілегін орындау жолындағы толыққанды жұмыстарды одан әрі жалғастыра беру керектігіне басымдық жасады.

Одан кейін мәжілісмен Г.Нұрымова жергілікті жерде ұжымдарды аралап, халықпен кездесулер өткізуді өзінің басты мақсаты санайтынын білдірген соң, алдымен, ел болашағы – жастар мәселесі, оның ішінде, мүгедек балалардың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысу үшін аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына бет алды. Аталған мекеменің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Клара Рақаева орталықтың иппотерапия алаңына бастап, ондағы атқарылу үстіндегі жұмыстармен іс жүзінде таныстырды. Арнайы жасақталған иппотерапия алаңындағы екі ат осында кезең-кезеңімен ем алып жатқан барлығы 25 бала үшін қызмет жасайды екен. Әр бала 25 минуттан атқа мініп, ем қабылдауының арқасында оң нәтижелер де көріне бастаған. Одан әрі мекеме алдында тұрған басты мәселелерді атап өткен К.Рақаеваны тыңдап, өзінің тарапынан барынша көмек қолын созатынын айтқан Мәжіліс депутаты Г.Нұрымова ұжым қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысындағы басты тақырып – Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткізілетін саяси науқанның мақсаты мен маңызы туралы кеңінен түсінік берген Г.Нұрымова көпшілікті дауыс беруге шақырып, бірқатар сұрақ-сауалдарға тұщымды жауап берді. Әрине, көпшілік, негізінен, алдағы референдум жайлы сұрап, одан күтілетін нәтижелер турасында ақпар алды. Дегенмен, Гүлдара Нұрымова Мәжілістегі Әлеуметтік даму комитетінің мүшесі болғандықтан, ұжым арасындағы әйел азаматтар өздерінің зейнет жасын біршама төмендету мәселесін жоғарғы жаққа жеткізуді сұрап жатты.

DSC_0027DSC_0009DSC_0030DSC_0035DSC_0045DSC_0061
Келесі кезекте Гүлдара Алданышқызы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автодәлізінің Т.Рысқұлов ауылына жақын орналасқан, ауыл тұрғындары үшін өте қат болғанымен,құрылысы толық аяқталмай тұрған көпірде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Алдымен, алдағы саяси науқанның мән-мағынасы мен барысы туралы сөз қозғалып, рысқұловтықтар болса, оны толық қолдайтынын жеткізді.
Ал, екінші көкейтесті мәселеге келсек, мұндағы жиналған халықтың айтары мен сауалы бір арнаға тоғысып, ол «созбалаңға салынған көпір халық үшін қашан қызмет жасайды?» мен «оны айта-айта шаршаған жұрт енді қайда жүгінедіге» тірелді. Олардың тағы бір айтқан базынасы: «Рас, пандемия болды, түсінеміз. Алайда, ауыл іргесіндегі көрпір жұмысы қаңтарылып тұрса, ай даладағы осы сынды көпірлер не үшін бітуге жақын?» болды. Ол туралы жауап берген қытайлық «Синь-Синь» компаниясының өкілі барлығы пандемия мен оның салдарының кесірі және соңғы кезеңдегі әлемдік ахуал мен геосаяси тұрақсыздықтың соңы керекті құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына алып келгенін айтып, ақталмақ болды. Бірақ, халықтың да өзінің айтары бар емес пе? Осы ретте, ауыл тұрғындары Серікжан Бұланов пен Ермек Исмақұловтар пандемияға дейін  ақ жайбасарлыққа салынған компанияға деген өкпелері қара қазандай екенін жеткізіп, бұл уәждердің кезекті «шығарып салмақ» екенін ортаға салды. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тиісті органдарға өз тарапынан депутаттық сауал жолдайтынын, ал, бүгін (27.05. 2022 жыл) осы мәселе бойынша аудан әкімі Жорабек Баубековтың қабылдауына кіретінін айтты. Бұл іс-сапары кезінде Г.Нұрымова Тәтті ауылында жұмысы жансызданып, «сақалды құрылысқа» айнала бастаған дәрігерлік амбулаторияға да ат ізін салды. Құрылыстың мердігері тарапынан мәселенің мәнісін тәптіштеп сұраған Г.Нұрымова ендігі кезекте аталған құрылыстың жүру жұмысы өзінің бақылауында болатынын жеткізді.
Одан кейін Тәтті ауылдық округіне қарасты Ақ жол ауылында бол ған мәжілісмен Г.Нұрымова ауыл тұрғындарымен кеңес құрып, референдум бойынша  түсінік  берді.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *