ХАЛҚЫНЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТІ

Халқының адал перзенті 2

Көзі тірісінің өзінде-ақ қазақтың басына қауіп төнген аумалы-төкпелі кезеңнің белді батыры, әділ биі һәм еларалық мәмлегері атанған ер Сыпатай Әлібекұлының 240 жылдық мерейтойы өткен сенбі – 18-маусым күні  Меркі жерінде кеңінен аталып өтті.

Халқының адал перзенті 1         DSC_0338

  DSC_0247        DSC_0372

Иә, арада екі жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де ел арасындағы беделі еш аласармай, керісінше, Жамбылдың жырымен айтсақ: «…Қанша халық аралап жүрсем-дағы, Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды» – деген бағасы жыл өткен сайын биіктеген Сыпатай Әлібекұлы бабамыздың мұрасын бойтұмардай сақтаған арда қазақ тағы бір мәрте тау тұлғасын жоғары дәрежеде ұлықтап, арысын ардақтай алды. Ал, осы тойда естіген есті сөзге келсек, ел іші Ата десетін, Алаштың біртуар перзентінің 250 жылдығы республикалық дәрежеде аталып, тойланбақшы екен. Аудандық атшабарда өткен ұлы тойға республикамыздың әр түкпірінен ат арылтып жеткен зиялы қауым өкілдері, оның ішінде, есімдері елге етене таныс Намазалы Омашев, Оразкүл Асанғазықызы, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсінбаев, айыр қалпақты қырғыз ағайындар – Чуй облысы, Панфилов ауданының әкімі бастаған бір топ қонақтар, ауданымыздың әкімі Жорабек Баубеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, ата әруағын сыйлайтын аудан тұрғындары, сонымен қатар, көршілес аудандардан арнайы келген азаматтар көптеп қатысты. 15 шақты ақшаңқан киіз үйлер мен 10-ға жақын шатырлар тігілген атшабарда басы қосылған жоғарыда аталған көпшілік алдында ауданымыздың бас қариясы Қамбарбек Иманалиев жүйелі сөз сөйлеп, ата тойын ашып берген соң, сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа берілді.

DSC_0417         DSC_0383

 DSC_0229         DSC_0355

Келесі кезекте, орталық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Әбдіразақов пен «Жүніс молда» мешітінің бас имамы Дастан қари Сыпатайдай асқар тұлғамыздың әруағына арнаған Хатым құранын оқыды.
Сыпатай бабамыздың 240 жылдығына арналған мерей тойдың бас баяндамашысы журналистика саласының сардары, белгілі ғалым Намазалы Омашев болды. Ол өзінің ғылыми-танымдық баяндамасында батыр бабамыздың сан түрлі қырларын ашып, тарихи тұлғаның елге  сіңірген еңбегін екшелей келе:
–«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Сол сияқты, барын бағалай алмаған ел, сөзсіз азады. Бүгінгі той тағылымы осыған саяды. Шындығын айтсақ, әр аймақ батыры мен ақынын, биі мен шешенін орынды мақтап жатса, оған ешкім қарсы бола қоймас. Бірақ, соларды кейде орынсыз салыстырып, бірінші, екінші деп нөмірлеп кететініміз бар. Сондай тұста «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген ақын сөзін еске алып жүрсек, ол бөлінуден гөрі бірігуге көбірек қызмет етер еді деген ой ғой… Сыпатайдың құдай берген қара дауыл ержүрек күш иесі болуымен бірге, ел басқаруды, әділ билік айтуды әбден меңгерген майталман шешен болғандығына тарихқа терең үңілсек мысал жетіп, артылады – деп қорытты.
Сөз кезегін алған, қазақтың маңдайына біткен қыран қыздарымыздың бірі – Оразкүл Асанғазықызы да тіл байлығымен әр сөзін кәусар бұлақтай төгіп, көпшіліктің ортақ тойына арнаған  шашуы мен құттықтауын жеткізді.

DSC_0399              DSC_0452

Еншісі бір, ал, ауылы болса аралас, қойы болса қоралас келетін қазақ-қырғыздың достығы одан әрі шыңдалып, оған сызат түспеуі тиіс. Осы ретте, көршілес елдің аудан әкімі қазақ туғандарына арнаған жүрекжарды сөзін жеткізіп, өңіріміздің әкімі Жорабек Баубековке ата салтымен шапан жауып ұлықтаған соң, аудандық Мәдениет үйінің әртістері Сыпатай батырдың Қоқан ханы Құдиярға қарсы шығып, сөз бәсекесінде жеткен жеңісін дәріптейтін тарихи сәтін бейнелеген қойылым ел назарына ұсынылды.
Сыпатай атамызды ұлықтап келген республикалық айтыскерлер де өздерінің суырыпсалма өнерлерімен ел алғысына бөленіп жатты. Айтысты жүргізуші, ақын-журналист, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қылышбектің хабарлауымен, Бекарыс Шойбеков, Күмісай Сәрсенбаева, Аспанбек Шұғатаев, Алтынкүл Қасымбекова, Қазірет Бердіхан, Ержан Әмір, Мұрадым Мирланов, Бибігүл Тілеуболдиева, Айтбек Тұрсынбай, Нұрлан Жұмабеков сынды айтыскерлер ортаға шығып, өзара бақ пен баптарын сынасып жатты. Оның ішінде, Мұрадыммен айтысқан тараздық Алтынкүл ақынның батыры мен шешені, данасы мен көсемі көптеп шыққан мерейлі өңіріміз жайында: «…Меркіде емес, Меккеде жүргендеймін» – деп, тамаша теңеу табуы көптің көңілінен шықты.
Бүгінгі ұлы тойда дүбірлеген ат жарысы да өтіп, бас бәйгені Талас ауданының тұлпары алып кетті. Жалпы, «Ерін ұлықтаған ел азбайды» демекші, Сыпатай бабамыздың 240 жылдығын атап өту – елдігімізді танытты, сонымен қатар, Меркі жеріндегі ата ұрпағының өткен тарихты мәңгі есте сақтайтыны тағы бір мәрте белгілі болғандай.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *