ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Тұрмыстық қатты қалдықтар 1

ЖАҚЫНДА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ МЕРКІ  АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ «ӨҢІРЛІК ДАМУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ» ОТЫРЫСЫ  БОЛЫП  ӨТТІ. 

Тұрмыстық қатты қалдықтар 2

 Кеңеске «AMANAT» партиясы аудандық филиалының қызметкерлері, «AMANAT» партиясының жанындағы «Өңірлерді дамыту және экологиялық мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңесінің» мүшелері, бөлім басшылары, «Андас тазалық» мекемесінің және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары қатысты.
Жиынға «Өңірлерді дамыту және экологиялық мәселелер жөніндегі қоғамдық кеңесінің» төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Ерғали Бадамбайұлы Қалысбаев төрағалық етті және қоғамдық кеңестің күн тәртібіне қойылып отырған: «Аудан аумағында ұйымдастырылған қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға және санитарлық ережелерге сәйкес келтіру туралы» мәселені баяндау үшін сөз кезегін Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Самат Отанбекке ұсынды.
– Ауданымыздағы 45 елді мекен 14 ауылдық округке бөлінген. Аудан бойынша 4 типтік полигон орналасқан, ал қалған ауылдық округтерде күл-қоқыс тастайтын орындар нақтыланған. 14 ауылдық округтің 10-ында эмиссияға рұқсаты бар және мемлекеттік актісі бар, сонымен қатар, полигон сырттары қоршалған. Ал, 4 ауылдық округ келісім-шарт бойынша тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) шығарумен айналысатын «Жасыл Меркі» ЖШС-мен келісім-шартқа  отырған. Аудан орталығында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бөлімнің теңгеріміңде болса, қалған полигондар ауылдық округтердің есебінде.Бөлімнің теңгерімінде тұрған полигон қазіргі таңда сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқарушы тарапынан сұрыптау жұмыстары жүргізілуде. Сұрыпталған қалдықтар Шымкент және Нұрсұлтан қалаларына жолдануда. Сонымен қатар, сенімгерлік басқарушы тарапынан сұрыптау лентасы, пресс қондырғысы орнатылып, полигон сыртындағы кездейсоқ қоқыс орындары жойылды. Аталған жерге бүгінгі күні камералар орнатылып, тақтайша орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді баяндамашы.
Жалпы, Самат Отанбектің баяндамасынан белгілі болғанындай, аудан аумағында тұрмыстық қалдықтарды жинаумен, әкетумен, тасымалдаумен және сұрыптаумен «Жасыл Меркі» ЖШС-гі айналысады. Қолданыстағы тариф 2019 жылы Меркі аудандық мәслихатының №49-4 шешімімен бекітілген. Сол тарифке сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату және көму: 1м3 үшін – 1305,9 теңге. Бір адамға – 100,12 теңгеден.
Қазіргі таңда аудан әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің теңгерімінде тұрған тұрмыстық қалдықтарды жинау полигоны сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқарушы – жеке кәсіпкер Данияр Алдабергенов. Аталған мекеме тарапынан қазіргі таңда сұрыптау жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған полигондар ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерімінде.
Аудан аумағында орналасқан 10 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының қоршалмаған 9 полигонының сыртын қоршау мақсатында сметалық құжаттамалар әзірленген болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында оның 8 полигоны қоршалды. Бүгінгі күнге аудан аумағында 538 қоқыс жинайтын контейнер, 8 сеткалы контейнер және құрамында сынабы бар шамдарды жинақтауға арналған арнайы 10 контейнер орналастырылған. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қосымша 393 контейнер сатып алынды.
Ағымдағы жылы көріктендіру және көгеріштендіру мақсатында 20000 ағаш отырғызу жоспарланған болатын. Осыған орай, қазіргі кезеңде бюджеттік өтінімдер тапсырылып, алдағы уақыттарда ағаштарды отырғызу жұмыстары жүргізілетін болады. Андас батыр ауылына тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын орналастыру мақсатындағы жұмыстар да қолға алынған. Оның мемлекеттік актісі әзірленіп, сыртын қоршау үшін ЖСҚ-сы да дайындалды. Аталған полигонның сметалық құны – 4961,8 мың теңге болатын, қоршау жұмыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады. Жиналыс барысында, кеңес төрағасы мен оның мүшелері баяндамашыға сұрақтарын қойды, «Андас тазалығы»  мекемесінің және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтты. Сонымен, «Аудан аумағында ұйымдастырылған қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға және санитарлық ережелерге сәйкес келтіру туралы» Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының есебін жан-жақты талқылай келе, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының жанындағы «Өңірлік даму және экологиялық мәселелер жөніндегі аудандық қоғамдық кеңесі» қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына, сайлауалды бағдарлама аясында бекітілген көрсеткіштің тиісті деңгейде орындалуын бақылауда ұстау; сайлауалды бағдарлама аясында іске асырылатын индикаторлар мен орындалмау қауіпі бар индикаторлар бойынша мәселелерді тоқсан сайын зерделеп, қоғамдық кеңеске ақпарат ұсыну; қоқыс шығаратын ұйымдардың жұмыстарын реттеп, бақылауда ұстау; қоқыстарды уақтылы алып кетіп отыру үшін арнайы кесте жасау және т.б. тапсырмалар берілді.

«AMANAT»  партиясы
Меркі  аудандық  филиалы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *