КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Жуырда «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Дәрімқұловтың төрағалық етуімен Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ҚР Мемлекеттік қызметкерлерінің Әдеп Кодексі, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жол-көлік оқиғалары мен суицидтің алдын алу сияқты өзекті тақырыптар қамтылған кеңейтілген отырыс болып өтті.

Жиынға партия аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Клара Рақаева, Меркі ауданы прокуратурасының аға прокуроры Саламат Қалдыбай, Меркі АПБ-нің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Айдос Майнауысов, аудандық орталық «Меркі ата» мешітінің найб имамы Үсен Тілеубердиев, аудандық орталық аурухананың психолог-маманы Мадина Жамбаева, сонымен қатар, Меркі ауданы бойынша гарнизонның жеке құрамы қатысты.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп Кодексінің жалпы ережелерімен таныстырып, мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын айтқан Қанат Дәрімқұлов:
– Сондықтан да мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Сол себепті, мемлекеттік қызметші өзінің ісіне барлық күш-жігері мен білімін, сонымен қатар, тәжірибесін аянбай жұмсауы керек – деді.
Сөз кезегін алған Мадина Жамбаева бүгінгі қоғамның басты мәселесі – суицид болғандықтан, әсіресе, жастарды ол аты жаман жағдайдан сақтандыру – бәріміздің ортақ мақсатымыз екеніне тоқталып, бұл кеселдің, тіпті, әскерилер арасында да кездесетінін айтты. Ал, Ата Заңымыз: «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп басталатынын ескерсек, суицидтің алдын алу үшін жастар арасында жақсы тәлім-тәрбие беру керектігін ортаға салды.
Оқырмандар үшін айта кетсек, өкінішке орай, біздің еліміз суицид бойынша әлемдегі алдыңғы 5 мемлекеттің қатарында тұр. Ал, соңғы кездегі статистикаға сенсек, Қазақстанның Орта Азия елдерінде 1 орынға шығуы да ешкімнің көңілін көншіте қоймасы анық. Елімізде күн сайын 14-17 жас аралығындағы кемі 7-8 жасөспірімнің өмірмен біржола қоштасатыны да біздің елге тиесілі. Сондықтан, бұл баршамызды алаңдататын мәселе.

Жиын мінберіне көтерілген дін саласының өкілі Үсен Тілеубердиев діни экстремизм мен терроризм, олардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, Ислам діні ондай адамзатқа жат әрекеттерге қарсы екенін жеткізді. Расында бүгінгі кезде терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында ҚМДБ тарапынан бірқатар ірі жобалар іске асырылып, жан-жақты  ауқымды істер атқарылуда. Атап айтсақ, ең әуелі кадр мәселесі қолға алынып, медреселер ашу, жастардың діни және дүнияуи білімдері мен ел аумағында имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар өткізілу үстінде.
Өз кезегінде сөз алған АПБ-і ЖПҚБ-нің бастығы Айдос Майнауысов:
– Жалпы еліміздегі сияқты, ауданымызда орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларында негізгі орында жүргізушінің дұрыс емес әрекеті немесе әрекетсіздігі байқалады. Көлік құралын басқаратын кінәлі тұлғанын кез келген апатты жағдайында оның белгілі бір апатты оқиға сәтіндегі психологиялық жай-күйі әсер етеді. Көлікті мас күйде жүргізу, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарама-қарсы жол бағытына шығу, ара қашықтықты сақтамау, реттеу дабылына бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу мен жаяу жүргіншілердің арнайы жолақпен белгіленген жолдан өтпеуі сияқты заң бұзушылықтар қайғылы оқиғаларға әкеп соғады. Айтпағым, көлік қылмыстары көп функциялы, әлеуметтік, психологиялық құбылыс екендігін анық байқауға болады. Сондықтан, әркез сақ болуымыз керек – деді.
Меркі аудандық прокуратурасының аға прокуроры Саламат Қалдыбайдың да айтары көп болды. Бүгінгі жиындағы әр мәселені зерделей келе, әсіресе, сыбайлас жемқорлық індетіне баса назар аударған С.Қалдыбай:
– ТЖ бөлімі және №9 ӨСБ-нің қызметкерлері қызмет барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бұйрықтарына сүйене отырып, дұрыс шешім қабылдаулары қажет. Осы ретте, аудандық прокуратура органы тарапынан аудандық ТЖ бөлімінің қызметіне қажет болған жағдайда, кез келген уақытта заңдардың дұрыс орындалуына бақылау жүргізіліп отырады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық, басқа да заң бұзушылықтарға жол бермеу керек – деп сөзін қорытты.
Жиын соңында сөз алған Қанат Дәрімқұлов қатысушы тарап өкілдеріне маңызды ақпарлары мен түсіндірме жұмыстары үшін алғысын айтып, отырыс кезінде талқыланған әр мәселе бойынша біріге жұмыс атқару керектігін жеткізді.

Әлихан   НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *