Өткен бейсенбі күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауданымызға арнайы іс-сапармен келіп, аудандық орталық аурухананың «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік тәжірибелер орталығында» болып, онда атқарылып жатқан оң істермен танысқан соң, орталық ұжымымен ашық форматтағы кездесуін өткізді.
Ажар Ғиниятпен бірге ауданымызға Медицина және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова, Бала мен ананың денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Міндетті медициналық сақтандыру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева, Денсаулық сақтау министрінің кеңесшілері – Ақмарал Сералиева мен Әсел Полатбекова келді. Сонымен қатар, ҚР ДС министрі келген топта облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев болды.
Ажар Ғиниятты қарсы алған аудан әкімі Жорабек Баубеков өңіріміздегі медицина саласындағы жетістіктерге тоқталып, ауданымыздағы жоғарылай түскен демографиялық өсім мен жыл сайын төмендей бастаған аурушаңдық көрсеткіштерді өткен жылдармен салыстырмалы түрде, нақты цифрларға сүйене отыра, зерделеп өтті.
Одан кейін, орталықтағы әлеуметтік қызметкердің бөлмесі, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету орталығы, психолог, ауруларды басқару бағдарламасы, әмбебап прогрессивті модель, жарақаттар мен қан кетулер кезінде шұғыл көмек, халықтық кеңес, тұрғындарға шұғыл көмек көрсетуді оқыту кеңсесі мен консультативті-диагностикалық сияқты бөлімдерді аралап көрген Ажар Ғиният орталықтың мәжіліс залында медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
– Еліміздің медицина саласындағы басты бағыты – азаматтардың, оның ішінде, ана мен баланың денсаулығын қорғау болып табылады. Ол үшін кадр мәселесі оң шешілуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар кадр әлеуетін нығайтуға, ол үшін мамандарды тарту мен оларға ыңғайлы жағдай жасау керектігін түсінуі шарт. Елімізде медициналық-санитарлық алғашқы қызмет деңгейінде балалардың денсаулығы үшін қауіптердің алдын алу және анықтауда патронаждық әмбебап прогрессивті моделі ерекше бақылауда тұр. Жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызмет көр сетуді қарастыратын амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің қабылданған Ережелері – онкологиялық және гемотологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл дәлізді» енгізу, жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды.
Осы жоғарыда айтылған мақсаттар орындалуы үшін 2025 жылға қарай ҚР-да 500 МСАК нысанының, оның ішінде, Жамбыл облысында 65 амбулаториялық емхана нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Әрбір азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтаудың негізі – «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасы бекітілді және биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Сонымен қатар, қазіргі таңда медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол сақтандыру қаражаты есебінен пациенттердің денсаулығына келтірілген залалды өтеу көзделетінін айтқым келеді – деген Ажар Ғиният өзі көріп, танысқан Меркі аудандық орталық ауруханасы үздік тәжірибе орталығының жұмысына жоғары баға беріп, мұндағы жобалық басқаруды енгізудің тиімділігі мен табыстылығын ерекше атап өткен соң, ол басқару жүйесін құруға, үздік жобаларды енгізуге және МСАК қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Ал, енді тек қана ауданымыздағы медицина саласы емес, сонымен қатар, бүкіл меркіліктер үшін жағымды болатын жаңалыққа тоқтала кетсек, ҚР Денсаулық министрі Ажар Ғиният Меркі ауданының үздік практикалар орталығы ҚР-дағы МСАК-тың басқа ұйымдарына инновацияларды енгізу тәжірибесін беру үшін демонстрациялық алаңға айналатынын жеткізді.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы».