ҚҰЛМАН БАБА НЕМЕСЕ ӘУЛИЕЛІГІ МЕН ИМАНДЫЛЫҒЫ ҚАТАР ЖҮРГЕН ТАРИХИ ТҰЛҒА ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Расында, мойындауымыз керек, бір Жаратушының құдіреті болар, жаугершілік жылдары басым 18-ғасырда қазақ халқының маңдайына  біткен небір марқасқа ұлдар дүниеге келді. Олар осы күнге дейін ел жадында жүрген ерліктерімен дараланса, сайын дала төсінде қалған сол бір оғландардың өшпес іздері де олардың салмақты істерінің басым екендігін көрсетеді. Солардың бірі – Меркі өңірінде дүниеге келіп, өмір сүрген әулие, жұртқа пана болып, халықты имандылыққа тартқан, Ботбайдың Шағайынан тараған Малғара-Мамыр руының белді тұлғасы Құлман Құдайбергенұлы десек, артық айтқандық емес.
Ел алдында көрегенділігімен, даналығымен әрі әділеттілігімен танылып, әділ би атанған Құлман Құдайбергенұлы қазіргі Кеңес ауылының тұсында, Ақермен өзенінің бойында Ақмешіт тұрғызып, жұртты намазға шақырумен қатар, жастардың сауатын ашуға ұйытқы болған тарихи тұлға. Иә, бір тарихтың бетін ашсаң, келесісіне де жол табасың. Осы ретте,  өз заманында Самархандағы медресені үздік аяқтап, қажылық сапарға да барып қайтқан Құлман бабаның ұрпақтары, негізінен, қазіргі Кеңес ауылын мекен етеді. Олардың бірі – кезіндегі өз сөзімен айтсақ: «Бәріміз тойшы емес, қойшы да болайық», – деп, төрт түлік малы көптігінен жер қайысқан әрі сауда жасап, шайхана ұстаған Кәрібай жарықтықтың ұрпағы, белгілі азамат, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Ахау Кәрібаев ақсақалдың бел баласы, еңбек ардагері, қазіргі кезде ауыл тарихы мен ата-баба шежіресін түгендеп жүрген Қуанышбек Ахауов ағамыз.
Қуанышбек аға демекші, ол кісінің бауыры Шопақ Ахауовтың шаңырағында баршамыздың үлкен атамыз – Ботбай бабамыздың алтынмен апталған қымқабы (шапан тәріздес сырт киім) мен шымылдығы сақтаулы тұр. Оның себебі, Ботбай атамыз жасы келгенде ұлдарының бірі – Шағайдың қолында болған. Ал, Малғара-Мамыр руына жататын Ахауовтар әулеті сол Шағайдан тарағандықтан, ұрпақтар сабақтастығы әлгі құнды жәдігерлерді Шопақ ағамызға дейін жеткізіп отыр. «Көзі тірісінде ол жәдігерлерді көрген белгілі тұлға Оспан Үмбетовтың әлденені ойлап, тұңғиыққа түскені сол, әшейінде сабырлы болғанымен, сол жолы еңкілдеп тұрып жылағаны әлі есімде… Ботбай ата бәрімізге ортақ қой» – дейді Қуанышбек Ахауұлы бір әңгіме кезінде.
Қуанышбек ағаның айтуынша, Ботбай атаның кей бөліктері таза алтын-күмістен тұратын, ал, енді кейбіріне алтын жалатылған сауыт-сайманы да болған екен. Алайда, 1928 жылы кәмпеске басталған кезде әскер шығып, халық қашуға бет алады. Сол кезде Кеңес ауылы тұсындағы Құмөткелден өтерде ол кезде дүниеден өтіп кеткен Кәрібай байдың 10 түйеге тиелген дүниесін қызыл жағалы әскерлер талан-таражға түсіруге тырысады. Әжесі Ханшай болса (Кәрібайдың қосағы), әлгі айтылған сауыт-саймандар
әскердің қолына түспеуі мақсатында, оларды амал жоқтықтан Аспара өзенінің ағысы қатты, тереңдеу жеріне тастауды бұйырған екен (өкінішке орай, көнекөз қариялар ол құнды заттар кейін табылмаған десетін). Ал, қымқап пен шымылдықты Ханшай жарықтық өзінің беліне орап, ол жәдігерлер солайша аман қалып, біздің заманға жеткен. Сонымен, кезіндегі жоңғар-қалмақтың қырғыны кезінде Ботпай ұрпақтарының басын құрап, жұртқа ақылшы болып, керек кезде төрелігін білдіріп отырғандардың бірі де бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған Құлман бабамыз екенін жасы үлкен қариялар айтып отыратын.
Иә, біз әңгімеміздің басында Құлман бабамызды әулие деп жоғары тұттық. Оның себебі де жоқ емес. Қайсы заман болмасын, сол тұстағы ақылды адамдар Алланың жердегі өкілі деп танылатын болған. Міне, Алла жолымен жүріп, ислам дінін халық арасында уағыздаушы тұлғалардың бірегейі осы Құлман әулиенің айтпасқа болмас бір керемет қасиеті – ол ел мен жұрттың, сонымен қатар, өзінің алдыңғы өмірі һәм тағдырын дәлме-дәл болжап отырған екен.
– Ерте көктемде Сарғауда төбе басына жиналған қариялар әңгіме-дүкен құрып, қымыз ішіп отырады. Сол кезде Құлман баба көкке қарап: «Қазір жауын жауып, арты селге айналады, сай-саладағы үйлер мен мал-жанды түгел қырға шығару керек, жұртқа тезірек хабар беру қажет» – дейді. Жанындағылар түсінбегендіктен аң-таң. Аспанға қарасаң шөкімдей де бұлт жоқ. Не керек, әлден уақытта кенет тұрған жел бұлт әкеліп, демнің арасында жаңбыр жауып, арты нөсерге айналады. Ел абыр-сабыр. Біраз адам мен мал саны шығын болады. Ел есін жинап, Құлман баба отырған төбеге қараса, киіз үйдің орнындай жерге көкпеңбек болып, нұр құйылып тұрғанын көріп, бәрі таңғалысады. Ал, басқа жердің бәрін сел басып, су шайған. Осыдан кейін Құлман бабаны әулие демей көр! – деген-ді, Оспанбет атты қария ана бір жылы.
Еренбай Рысбаевтың 1989 жылы жарық көрген «Жауғаш батыр» атты кітабында Әбдіқасым атты қарияның Құлман бабаның Жауғаш батырға айтқан ақылы туралы естелігі орын алыпты.
Құлман баба ол кезде жас Жауғаш батырға: «…Бүгін Іле-Топарға, жездеңе жете алмайсың, жолда жалғыз ғана талы бар «Сүлікті» деген жерге түнегенің дұрыс болады. Сондағы болған жағдайды қайтқаныңда айтарсың» – дейді.
Қысқасы, сол сапарынан қайтқан Жауғаш батыр Құлман бабаға көкжал қасқырдың терісін сыйлапты. Сонда Құлман әулие: «Балам, бағың жанайын деп тұр, көзің көргіш, көкірегің ояу екен, тегінде, жаман болмайсың. Ботбайдың ұраны сен боласың. Жапандағы жалғыз талға түнегенің өте жақсы болған. Сол «Сүліктіде» аңның сырттаны ғана емес, мал мен адамның сырттаны да бас қосады. Міне, тап сол жерде тапқырлық танытып, ержүректілікпен көкжалды алуың ерлікпен пара-пар. Түбінде халықтың
қалаулы ұлы боласың» – дейді. Расында, Құлман әулие солайша сынаған Жауғаш Қырбасұлы Абылай ханның хас батыры атанып, елшілік жұмысқа да араласып, өз дәуірінің қоғам қайраткері болған.
Құлман бабаның көріпкелдігі бойынша тағы бір мысал келтірейік. Бірде Құлман би бабамыз сыртта самалдап отырған екен. Сол кезде кейінірек ел аузында қалатын Сыйқымбай, Туғанбай және Нұрманбет үшеуі жолаушылап бара жатып, бірі: «Қарияға сәлем бере кетейік» десе, Туғанбай: «Бізді таныр деймісің, бағытымыздан бұрылмай жүре берейік» деп, кері тартады. Сонда қасындағы екеуі: «Біреуден есітсе, ұят болады, сәлемдесіп өтейік» деген соң, үшеуі Құлман бабаның киіз үйіне түседі. Туғанбай мен Сыйқымбай бір-бір кесе қымыз ішсе, Нұрманбет 3 кесе қымызды қатар сіміріп, жолдарына аттанып кетеді. Олар сәл ұзаған соң отырғандар: «Құлеке, мына үш балаңыз туралы не айтасыз?» дейді ғой, қызықтап! Сонда Құлман би: «Бәкеңнің Нұрманбетінің
желкесінен құлындар кісінеп тұр екен. Сыйқымбай кең етекті жігіт болатын сияқты. Ал, Туғанбайда батылдық бар, бірақ, ақылы жоғын байқадым. Ақылы ашуына байланысты, желкесінде қылыштың ізі бар екен» деген екен. Шындығында, кейінгі уақыт көрсеткендей, Нұрманбет мыңғыраған мал айдап, бай болды, Сыйқымбай (ҚР Жоғарғы сотының төрағасы болған Мұсабек Әлімбековтың тікелей бабасы) болыстыққа жетті. Ал, Туғанбайдың өмірі, бір сөзбен жеткізгенде, мазасыз болыпты.
«Мен 1950 жылдың қатты қысында «Кеңес» колхозына төрағалық қызметке келдім. 40-тан асқанша бала сүймеген кезім еді. Бірде жұбайым Қаламжан: «Осы іргеде Құлман әулиенің бейіті бар екен. Сонда барып түнеген әйел көп ұзамай бала көтерсе, ал, сырқат адамдар айығады деп естідім» деген соң, сонда барып, түнеген жайымыз бар. Нәтижесінде, Құлман бабаның әруағы қолдап, жұбайым өмірге Сырым атты перзентті алып келді. Осы ауылда Социалистік Еңбек Ері атанып, көршілес Меркі қой зауытына ауыстым» – деп, белгілі азамат Оңалбай Келдеубаев та еске алған.
2000 жылы Кеңес ауылының тұрғындары мен дербес зейнеткер Әліпбай Беріков, сол кездегі аудандық соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Әбдез Айнақұловтың ұсыныстары бойынша Құлман бабамыздың атына аяқ шетінде өзінің бейіті бар ауыл көшесін ұсынып, қазір Кеңестегі бұрынғы Ақермен көшесі Құлман баба деп аталады. Алдымен Аллаға жақын, жұртына жақсылығы көп, кедей-кембағалдың да нағыз жанашыры болған Құлман баба Құдайбергенұлы 11 мүшелге толып, яғни, 136 жасқа келгенінде өмірден өтіпті. Артындағы ұрпақтары Бұхарадан шеберлер алдырып, 100 серке сойып, оның майын топыраққа араластырып, кірпішінен күмбез салдырған екен. Сол күмбезді 1930 жылдардағы зұлмат кезеңнің солақай саясатын ұстанған шолақ белсенділер бұздырып тастаған. Бірақ, әлі күнге дейін орнында кірпіш сынықтары кездеседі. Сол бір сынықтар жатқан жердің өзі заманының ірі тұлғасы Құлман бабамыздың рухын асқақтатып, нұрланып тұратыны көпке белгілі. Ал, Құлман әулие болса, сол төбенің басында ұрпақтарына береке-бірлік тілеп, татулық пен имандылыққа шақырып тұрғандай әсер етеді…

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *