СЫБАЙЛАС ЖЕМЌОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ІС

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес суреті жаңасы 11111

Өткен  аптаның  жұмасы  күні  ҚР  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мақажанов Ернар Әбсейітұлы мен аталған департаменттің Превенция басқармасының басшысы Омаров Дәурен Даниярбекұлы іс-шара жоспарларына сай  ауданымызда болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңнамаларға енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сыбайлас жемқопрлыққа қарсы күрес сурет жаңасы 22222                  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес 2 сурет

Облыстық қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Жорабек Баубеков кез келген саланың тежеліп, әсіресе, экономикалық апат пен қаржылық  дағдарыстың орын алуына бірден бір себепкер болатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар іс-шаралармен таныстырып, Жаңа Қазақстанды құру жолында біріге жұмыс жасау керектігін атап өтті.
Келесі кезекте, ауданымыздың басшылығы, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысқан жиынға модераторлық жасаған аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы:
– Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Осы орайда, біздер сыбайлас жемқорлықтың сан соқтыратын салдарымен емес, ең бірінші, оның себептері  мен алдын алу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізіп, сол арқылы бұл дертке қарсы иммунитетті әр жауапты тұлғаның бойына сіңіре білгенде ғана ұтпағымыз мол болады – дей келе, сөз кезегін Дәурен Омаровқа ұсынды.
Облыстық департаменттің тарапынан атқарылып жатқан жанды жұмыстар мен ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасаған Дәурен Даниярбекұлы:
– Ел Президенті Қ.Тоқаевтың ұстанымы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тоқтаусыз жүріп, оның түпкі тамырына балта шабылуы тиіс.  Осылайша, бұл дертті түгелімен жою – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бүгінгі күнге сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша  заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамалары әзірленіп, іске асырылды. Олардың бірінші топтамасы 2019 жылдың 19-желтоқсанында қабылданып, онда – бағыныстағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар, жемқорлық бойынша сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босауға тыйым, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеулер және т.б. көзделген. Осы заңнамалық өзгерістердің екінші топтамасы 2020 жылдың 6-қазанында қабылданды. Онда квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі институты енгізілгені, бір мемлекеттік органда немесе ұйымда туыстардың жұмысын құқықтық реттеу, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмысқа арандатқаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізу, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектор субъектілерінен ревизиялар, салықтық және басқа тексерулер, аудит және бағалау жүргізуді талап ету құқығымен қамтамасыз етілуі көрсетілген. Ал, ҚР Президентінің 2022 жылғы 2-ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Осылайша ел Президенті Агенттіктің алдына қойған міндеттемелері мен басымдылықтарын белгіледі. Мысалы, сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жоюға келсек, бұл бағытта басты назар – бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлық әрекеттерін азайтуға түсіп отыр. Бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында  функциялардың қайталануын жойып, және олардың тәуелсіздігін күшейте отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесі оңтайландырылады. Сонымен қатар, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру де бірінші кезекте тұр.
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалды өтеуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде де болуға тиіс. Бұл жерде құқық үстемдігін
қамтамасыз ету және сот төрелігінің мінсіз жүйесі шешуші болуға тиіс. Ықтимал сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінен қоғамға келтірілетін залалды болғызбай, жосықсыз қызметшілерді уақтылы анықтауға және жұмыстан босатуға мүмкіндік беретін парасаттылыққа тексеру енгізілетін болады. Тұжырымдамада  көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды іске асыру үшін 2023 жылы Парламент Мәжілісіне 2 заң жобасын ұсыну жоспарлануда. Ондағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасына консультативтік құжатқа заңнамалық реттеуді талап ететін – сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және ретке келтіруді регламенттеу, «Ақшаны қадағала» қағидаты бойынша қаржылық тергеу институтын енгізу, пара беру туралы уәде/ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, заңсыз сыйақыны қорқытып алуына байланысты қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмысты жетілдіру және тағы басқалар. Екінші, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс бойынша заң жобасына консультативтік құжатқа – сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды   тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, ол үшін ескіру мерзімін ұлғайту болып табылады – деді.
Жоғарыдағы баяндамадан соң, сыбайлас жемқорлықтың түбінде бір тоғытатын жері – түрмеде жазасын өтеушілер туралы, көпшілікке ой салатын департамент тарапынан әзірленген бейнеролик көрсетілді.
Сөз алған Ернар Мақажанов қызметшілердің сыбайлас жемқорлық фактілері үшін олардың тікелей басшылары да жауапқа тартылатынын, сондықтан, барлық жұмыс жүйесі жетекшінің тікелей қадағалауында болуы тиістігін айтып, сонымен қатар, әркез ішкі талдау жүргізіп отыруды тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес суреті жаңасы 33333

Жиынды қорытқан аудан әкімі Жорабек Баубеков түсіндірме жұмыстары үшін облыстық қонақтарға алғыс айтып, мұндай кездесулердің нәтижесінде қылмыстық көрсеткіштер төмендейтініне кәміл сенімді екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Жорабек  Нұрмергенұлы өзі аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның төрағасы болғандықтан, өткен аптада аталған комиссияның кезекті отырысы өткенін, жалпы зерделеу барысында аудандық білім бөлімі мен денсаулық сақтау саласы көптеген сынға түсіп отырғанын ашық айтты.
Күннің екінші жартысында аудан  әкімінің орынбасары Берік Бегалиев бастаған облыстық департаменттің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров аудандық білім, денсаулық және полиция бөлімінің, сонымен қатар, аудандық кірістер басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *