ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ ИЕК АРТҚАНЫМЫЗ ЖӨН – ДЕЙДІ, АУДАН ӘКІМІ ЖОРАБЕК БАУБЕКОВ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ СЕМИНАРЫ КЕЗІНДЕ

Отандық өнімге иек артқанымыз жөн 1

Түптеп  келгенде, қазақстандықтардың  әл-ауқатын  арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсім, әсіресе, қазіргідей нарық заманында әрқайсымыздың есігімізді қағып, ерікті түрде өздігінен келмейді. Ол шағын ғана мемлекет саналатын – әр отбасының «алма піс, аузыма түс» дейтұғын масылдық  пиғылдан  біржолата  арылып, белгілі  бір  кәсіппен  айналысуының  нәтижесінде  жақындайтын  нарықтық  жүйенің  жиынтығы.

????????????????????????????????????

????????????????????????????????????

Оның өзінде, нарықтық экономиканың жетегінде жүріп, оның қыр-сырын біркісідей ұғып, жиі араласпасаң, қа ны бөтен болғандықтан жатырқап кететін жездеміз сияқты жиырыла қа латын кәсіпкерлік саласының өзіндік ой-шұңқыры, бір сөзбен айтқанда, біз білгеннен білмейтініміз тағы бар.
Міне, сәрсенбінің сәтті күні, Мерей Рамаданов басқаратын Жаңатоған ауылдық округінің Қызыл сай ауылында өткен ауылшаруашылығына байланысты  дала семинарынан ұққанымыз осы болды.
Аудан әкімі Жорабек Баубеков өңір басшылығына жаңа тағайындалғанымен, барлық дерлік елді мекендерді аралап, халықтың қам-қаракетімен жергілікті жерде барынша танысып бағуда. Сондағы мақсатының бірі – қайсы ауылда қандай кәсіпті кеңейту керек, іс жүргізіп жатқандарға атқарушы билік тарапынан нендей көмек қажет пен белгілі бір мекеннің қазіргі кезде алтынмен тең – ағын суын мақсатты пайдаланып, топырағының құнарлылығы мен жер бедеріне (рельеф) қарай оны агротехникалық талаптарға сай өңдеу арқылы қандай бау-бақша және көкөніс түрін өсіруге қолайлы екендігін зерделеу де болатын.
Сонымен, Меркі ауылындағы «Ақбидай-2» шаруа қожалығының басшысы, белгілі экономист әрі ауылшаруашылығы саласының маманы Нариман Қалқабаевтың, әсіресе, құлпынай өсірудегі мол тәжірибесін көпке үлгі ету үшін бастама көтерген Жорабек Нұрмергенұлы, Нариман бауырымыздың ұйытқы болуымен, Қызыл сай ауылындағы 3 жанұяның қосалқы жерінде, жаңа технология бойынша өсіріліп жатқан құлпынайын көрмекке көпшілікті тау баурайындағы аталған ауылға бастап келді.
Топ құрамында аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев пен сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиев, ауылдық округтердің әкімдері, ауданымыздағы ірілі-ұсақты серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, тіпті, жер қадірін білуге үйірсектіктері қазірден артуы тиіс аудан жастары, сонымен қатар, семинар туралы «ұзынқұлақтан» естіп, көршілес Т.Рысқұлов ауданынан арнайы келген шаруалар да болды.
Алдымен, ауыл тұрғыны Сәкен Дидарбековтың 20 сотық жерінде құлпыра өскен «Черный принц» сұрыпты құлпынай алқабында болдық. Осы тұста айта кетсек, 1 сотық жерге 73000 теңге қаржы жұмсалады.  Аталған 1 сотықтан 150 келіге дейін өнім алсаңыз, құлпынайдың бағасы 800 теңгеден кем емес екенін ескерсек, одан 120000 теңге пайда көре аласыз. Күтіп-баптауға кететін шығыныңыз 10000 теңгені құраса, 110000 теңге таза қаражат қалтаңызға түседі. Ал, Сәкеннің 20 сотықтан жоспарлап отырған табыс көлемі 2400000 теңге болмақ.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Нариман Қалқабаевтың ауданымызда ен гізіп отырған жаңа технологиясының қыр-сырына келсек, арнайы техникалық қондырғы арқылы топырақ жал болып үйіледі де, 100 метрі 7,5 мың теңге тұратын  қытайлық резина құбыр оның бетіне түсіп, ол әлгі жалмен бірге 3 жылға дейін атмосфералық өзгерістерге немесе ауа-райының ыстық-суығына шыдас беретін пленкамен жабылады екен. Осы процестің бәрін трактор артына тіркелген бір қондырғы атқарып береді. Одан әрі жалдың үстіндегі пленканы тиісті арақашықтықты сақтай отыра тесіп, қалаған сұрыпты құлпынай көшетін егіп шығасыз. Әлгі резина құбырларға керек кезде электр су сорғысы арқылы су жіберіледі. Ал, топыраққа сіңген ол су пленка жабылғы болғандықтан, оңайлықпен құрғамайды. Үй иесі Сәкеннің айтуынша, жабылғы астынан, әдетте, арам шөп өспейді, ал, жаларалық жерге ылғал тимейтін болған соң, ол жердің шөбі шыға қоймайды. Кей жұмыстарды Сәкеннің өзі жұбайы Ұлболсынмен, сонымен қатар, ұлдары Әділет және Рамазанмен бірігіп атқарады екен.
– Көктемде Нариман Қалқабаевтың ұсынысы, сондай-ақ, сол азаматтың көмегін пайдаланып, жаңа әдіспен 3000 түп құлпынай тіктік. Суару жұмысын кіші ұлым, 5-сыныптың оқушысы Әлихан да үйреніп алған. Су сорғыны қосып, ылғал әбден сіңген уақытта түймешені басса болды, сорғы тоқтайды. Одан кейін кемі бір апта суарудың қажеті шамалы, себебі, пленка жамылғы астындағы ылғал көп уақыт сақталады. Осылайша, жас ұрпақты бала кезінен еңбекке үйретіп, заман талабын ұғып өссе деймін. Ал, құлпынай
дақылын осылай өсіруге шақырған Нариманға көп алғыс! – дейді, құлпынайдан басқа, ауласында түрлі жеміс ағаштары мен қызанақ, қиярын жайқалта өсіріп отырған Сәкен замандасымыз.
Сәкен «Тілеужан» шаруа қожалығын құрып, 22 га. жер телімінде арпа-бидайын да өсіріп отыр екен.
Келесі кезекте, «жақсыны көрмек үшін» дегендей, көршілес орналасқан Еркебұлан Омарбеков пен Мықтыбек Ахметовтың өсіріп отырған құлпынай алқаптарын да тамашаладық. Құлпынайы құлпырған Еркебұлан бір алқабына жүгері өсіріп, оның бойына қияр
егіпті.
– Иә, таң қалмаңыздар. Жүгері бойына өрмелеп шыққан қиярым жерде шірімейді, жинап алғанға да қолайлы. Ал, күзде жүгерімнің өзін қамбама жинаймын – дейді, Еркебұлан Омарбеков көпшілікке. 20 сотық жеріне Нариман Қалқабаевтың жаңаша әдісімен құлпынай еккен «Қызылсай» шаруа қожалығының төрағасы, егістік жеріндегі 30 сотық алқабында бой түзеген, екінші нан саналатын – картобын аудан әкімі Жорабек Баубековтың өзі осы семинар барысында барып көрген Мықтыбек ағамызға келсек, үй іргесіндегі қосалқы жерін де ерекше жайқалтып отырған бұл азамат шынында да атына заты сай мықты екен! Мұнда керекті көкөністің бәрі дерлік өсіп тұр. Соған қарағанда, диқаншылық тәжірибесі көпке үлгі болып жүрген Нариманнан асып түспесе де, Мәкең соған жақын барып жығылады-ау! Оған қарсы келер уәж жоқ.
Міне, осы Мықтыбек ағамыздың есік алдында семинардың теориялық түсіндіру сағаты өтті. Онда слайд арқылы құлпынай өсірудің технологиясы мен өнімнен түсетін табысы туралы тарқатып айтқан Нариман Қалқабаев шаруаларды осы іске мойын бұруға шақырып, көпшіліктің сұрақ-сауалдарына жауап берді. Ниет білдірушілер болып, 1 сотық жеріне 73 мың теңге төлесе, оның ішіне, топырақты жал ету, өзі дайындап, жеткізетін резина құбырды жүргізіп, пленкасын төсеу, су сорғы мен басқа да жабдықтары кіреді. Жер иесі тек алқапты  уақтылы суарып, Нариман айтқан кезде керекті тыңайтқыштарды жерге сіңіріп отыруы ғана қажет. Бар болғаны, осы. Бұл қарапайым халық үшін өте тиімді екенін айтпаса да түсінікті деп ойлаймыз. Ал, алқап орналасқан жерде ағын су болмаса, Нариман өзінің иелігінде бар жер астын ұңғып су шығаратын қондырғысымен тиімді бағада тіршілік көзіне қол жеткізіп береді. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда, бизнесіңіз «бір терезелік» әдіспен жүзеге аспақ. Нариманның тек қана бір шарты бар, ол – алқабыңыз 20 сотықтан кем болмауы тиіс екен. Семинар кезінде сөз алған аудан әкімі Жорабек Баубековтің айтуынша, тегінде, арпа мен бидай өсіруден гөрі рентабельділігі өте жоғары келетін қант қызылшасы десек, ал, көкөніс өсіру, оның ішінде, құлпынай өсірудің тиімділігі одан да жоғары көрінеді. Өңір басшысы осы жайтқа кеңінен тоқталды.
– Мысалы, 1 гектар жерге орналасқан, жылына 1 рет қана өнім беретін (көктемнен қара күзге дейін өнім беретін сұрыптар да бар) құлпынай өнімінен 9 млн. теңгеге дейін пайда көресіз. Басқа дақыл ондай қаражатты қалтаңызға сала қоймайды. Сондықтан, осындай тиімді әрі экологиялық-санитарлық жағынан таза отандық өнім өсіруге, сол арқылы нарық заманымен аяқты тең басуды үйренейік. Түптеп келгенде, жанұялық кәсіп бақуаттылыққа бастап, әсіресе, шалғай ауылдардағы жұмыссыздықты да күрт азайтады – деп, өзінің ауылшаруашылығы бойынша орынбасары Б.Әбжапаровқа осы іске ден қоятын шаруаларға жергілікті билік тарапынан барлық көмек түрлерін көрсету керектігін тапсырды.
Сөз соңында айтатын жайт, шаруалар құлпынай өсірудің осы тиімді әдісімен айналысқысы келсе, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне немесе Нариман Қалқабаевтың 87059674863 нөмірлі ұялы телефонына тікелей қоңырау шалып, толық мәлімет алуына болады.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *