ЕЛ СЕНІМІ АҚТАЛУЫ ТИІС

Күлайым Шағатаева....

Иә, Жаңа Қазақстан жағдайында түбегейлі өзгеріске ұшырап, қайта жаңғырған жүйелік құрылымдардың ішінде кезінде билік партиясы аталып келген, ал, бүгінде қалың бұқараның қамын ойлап, тағдырын халықтың қаракетімен тығыз байланыстыруды басты мақсат санайтын, жаңарып, жасарған «Amanat» партиясы да бар.
Осы орайда, партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шағатаева Күлайым Жексембіқызына жолығып, филиал жұмысы, оның ішінде, атқарылған істер мен жоспарлары туралы сұхбат құрған едік.

– Күлайым Жексембіқызы, алдымен, филиалдың аудандық құрамы жайлы айтып өтсеңіз.
– Біздің партия Меркі аудандық филиалының құрамында 25 бастауыш партия ұйымы, 133 партиялық топ жұмыс жасайды. Есепте тұрған 4204 партия мүшесі бар. Филиалдың Саяси кеңесі 19 мүшеден, ал, партиялық бақылау комиссиясы 7 мүшеден тұрса, филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі 7 мүшеден құралған. Міне, осы құрамның бір мақсатқа тоғысқан іс-әрекеттері арқылы халық пен биліктің арасын жалғап, жүйелі жұмыстарды жалғастыру үстіндеміз.
– Тегінде, жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымдарына артылған жүктің жеңіл емесі анық…
– Иә, шалғай елді мекендердегі халық, аудан орталығы алыс болғандықтан, өздерін толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешімін табу үшін, көбінесе, бастауыш партия ұйымдарына жүгініп, соларға арқа сүйеп жататыны рас. Олар өз кезегінде, БПҰ-ның құзіретіне кіретін бірқатар шешімдерді жергілікті жерде реттесе, аудан шеңберінде шешімі табылуы тиіс кейбір мәселелерді ғана бізге жолдайды. Сондықтан, әсіресе, алыс ауылдық жерлердегі бастауыш партия ұйымдарының қызметіне селкеу түсірмей, олардың нағыз халықтық партия өкілі екендіктерін іспен дәлелдеп жүрулерін үнемі назарда ұстап келеміз.
– Бастауыш партия ұйымдарының ел үмітін ақтау жолындағы жауапкершілігі өте жоғары деп отырсыз. Осы ретте, олардың баспанамен және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі қай дәрежеде?
– Бүгінгі таңда 25 бастауыш партия ұйымының 23-і, яғни, 92,0 пайызы жеке қабинетпен қамтылып, жанды жұмыс атқаруға қажетті техникалық жиһаздармен толық жарақтанған. Тек «Қызыл таң» және «Бірлік» бастауыш партия ұйымдарында арнайы баспанаға ие болып, кабинет ашуға мүмкіндік болмай тұр. Бірақ, бұл мәселе бойынша жұмыс жасаудамыз. БПҰ-ның басты қызметінен тыс бірқатар жұмыстарын атап өтсек, олар ұйым жарнасының 20 пайызы есебінен «Кіші футбол», «Дарабоз», «Библио марафон», «Ауыл жастары арасынан волейбол», Балаларды қорғау күніне орай «Халықаралық қайырымдылық» және «Болашаққа жол» акциясын, «Аналар – ардақтысы елімнің», «Туған өлкем – құт мекен» және биылғы «Балалар жылы» құрметіне – «Балалардың игілігі үшін», «Бақытты бала, бақытты ел», сонымен қатар, «Әкем, шешем және мен» атты іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болды.
– Күлайым ханым, «AMANAT» әу бастан-ақ, халық арасында қоғамның қажеттілігін өтеп, жұрттың мүддесін жоғары қоятын партия ретінде  танылғандықтан, осы көпшіліктің сенімінен ажырамаудың бірден бір жолы, ол – кабинеттік жүйеден арылып, ел ішінде жиі болу мен халықпен кері байланыс орнату. Сіз осы қағидаттарды қолдайтын боларсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Жаңа Қазақстанды құру ісі құрғақ сөзбен жүзеге аспайды. Әрқайсымыз өз саламызда барынша еңбек етуіміз керек. Ал, кері жағдайда қоғамның құлдырауынан басқа күтеріміз жоқ. Біздер қазақстандық патриотизмнің асқар шыңына шықпай, ешқандай ауқымды істерді атқара алмайтынымызды, атқарсақ та оның баянсыз боларын бағамдауымыз шарт деп ойлаймын. Осы ретте, біздің партиялық жүйе де түбегейлі өзгерістер жолына түсіп, өзінің арнасын қараша халық жағына бұрып отыр. Мысалы, ағымдағы жылдың осы күніне дейін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 15 іс-шара өткізілсе, «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша – 12 іс-шара, «Бақытты отбасы» – бойынша – 7 іс-шара, «Ұлттық мұра» жобасы бойынша – 2 және «Қайсар» атты партиялық жобалар аясындағы іс-шаралар ұйымдастырылды. «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесе отыра, тазалық жұмыстарына қатыссақ, 1-маусым – Балалар күніне орай, БПҰ арасында бірқатар іс-шаралар ойдағыдай өткізілді. Ал, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық қабылдаулар мен «Библио марафон» топтық жарыстары болып өтті. Сайлауалды бағдарламаны орындау мақсатында және «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, 2022 жылы бейімделуге жататын әлеуметтік нысандарға зерделеу жүргізілді. Міне, мұның бәрі халық арасында болып, олармен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы жүзеге асып отыр. Сонымен қатар, аудандық филиалдың медиа-жоспарына сәйкес, 2022 жылғы әрбір іс-шара тұрақты түрде партия аудандық филиалының facebook, twitter, instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарына жариялануда.
– Депутаттық фракция мен қоғамдық кеңестің жұмыстары, сонымен қатар, қоғамдық және мобильді қоғамдық қабылдаулар жайлы да тоқтала кетсеңіз деген өтінішім бар.
– Аудандық депутаттық фракция мүшелері – 13 адам, оның 4-уі әйел азаматтар, 2-уі алтыншы шақырылым депутаттары болып табылады. Биылғы мәлімет бойынша аудандық мәслихаттағы 15 депутаттың бәрі біздің партияластар. Партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы 2022 жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес 3 отырыс өткізді. Сонымен қатар, фракция мүшелері аудан тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, оларды мазалаған сұрақ-сауалдарға тұщымды жауап беруде. Бізде жалпы 5 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Оның ішінде, «Партиялық бақылау комиссиясы» бойынша – 3 отырыс өтсе, «Мемлекетті басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлық жөніндегі іс-қимыл» бойынша – 3 отырыс, «Әлеуметтік мәселелер», «Өңірлерді дамыту және экологиялық мәселелер», сонымен қатар, «Жастарды қолдау» қоғамдық кеңестері бойынша – 2 отырыстан болып өтті. Біздің филиалда 1 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс атқарады. 2022 жылға бекітілген кестеге сәйкес, аудандық мәслихат депутаттарының, бөлім және мекеме басшыларының осы күнге дейін өткізген қоғамдық қабылдауларында барлығы 46 азамат болды. Биылғы жартыжылдықта аудан бойынша 6 қабылдау өтті. Шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындардың ой-пікірін естіп, мұң-мұқтажын білу үшін мобильдік топ құрылған. Топ құрамында аудандық мәслихаттың хатшысы, партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаттары мен аудан әкімдігінің бөлім басшылары бар.
– Партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы қай дәрежеде?
– Аудандық филиал тарапынан аталған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша дайындалған Жол картасы фракция отырысында талқыланып, Саяси кеңес бюросының отырысында бекітілген. Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламадағы межеленген көрсеткіштерді халыққа түсіндіру мақсатында аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен жылдық жоспар дайындалып, ел ішіндегі насихат жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
– Күлайым Жексембіқызы, көпшілік сізді кезінде ауыл басқарған әкім ретінде танып, бүгінде партия жұмысын алға жылжытып келе жатқан білікті басшы деп те бағалайды. Алайда, «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды» дегендей, ауыр жүкті жұмыла көтеріп жүрген өз командаңызға немесе қызметкерлеріңізге деген көзқарасыңызды айтып өтсеңіз. 

– Айтқанда қандай! Біздің бірлескен еңбегіміздің арқасында ғана партиямыз жұрттың көңілінен шықса, белгілі бір жетістіктерге жетуіміз де сол азаматтардың игілікті істерімен ұштасып отыр емес пе?! Мысалы, есепке алу және статистика секторының меңгерушісі Дәулет Кемелбеков пен консультант-мамандар Аружан Әубәкір мен Маржан Жамаловалар қандай құрметке де лайық жандар деп есептеймін.
– Күлайым ханым, сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақытта да ел игілігі үшін атқарып жүрген істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбатты жүргізген:
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *