АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ – МАҢЫЗДЫ ІС

Азық-түлік қауіпсіздігі 1

Ағымдағы аптаның сәрсенбі-бейсенбі күндері, белгілі азамат Бақыт Сауранбаев жетекшілік ететін «Меркі» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің базасында Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері: институттың жүзімнің селекциясы, сорттық зерттеу және агротехника зертханасының меңгерушісі, басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Сәуле Қазыбаева, жеміс және жидек селекциясы мен сортты зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Жанар Қадірсізова және институттың көшет шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Марина Уразаева, сонымен қатар, көшет шаруашылығы және агротехника зертханасының аға ғылыми қызметкері Азамат Ормахаевтардың арнайы дәріс оқуы негізінде кеңейтілген семинар болып өтті.

Азық-түлік қауіпсіздігі 2

Семинар жұмысына аудан әкімі Жорабек Баубеков, аудан әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары Бақытхан Әбжапаров, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев пен сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиев, аудандық тұқым инспекциясының басшысы Нышан Бәзілов, сонымен қатар, ауданымыздағы өсімдік шаруашылығымен айналысып жүрген шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жеміс-жидек өсіруге ден қоюшы азаматтар қатысты.Көпшілік алдында сөз алған Бақыт Сауранбаев қонақтармен таныстырған соң, сапалы әрі мол өнім алуға ұйытқы болып, оның негізін қалайтындықтан, өздерінің Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен тығыз жұмыс жасайтындықтарына тоқталды.

Одан кейін, өткен 2021 жылы аталған институттың мамандарымен бірлескен 2 семинар өткізілсе, бүгінгі семинардан кейін де, тамыз айында кезекті семинарды өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқандарын жеткізді. Сондай-ақ, Бақыт Оспанұлы институттың мамандары алдында семинардың ашық форматта өтуіне мән беріп, сол арқылы жеміс-жидек өсірудің агротехнологиялары мен сұрыптардың ерекшеліктері бойынша көпшілікті толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға нақты жауаптар берілуін сұрады.

Семинардың алғашқы оқу-теориялық бөлігінде «Жеміс-жидек дақылдары» бағыты бойынша «Жеміс өнімдерін өсірумен айналысатын шаруашылыққа құжаттама енгізу» атты дәріс оқыған жоғарыда аталған институттың ғылыми қызметкері Марина Уразаева іс бастауға аса қажетті құжаттарды жүргізу мен оларды қолдану жолдары бойынша слайд арқылы кеңінен түсіндіріп, артынша теориялық сабағын өткізді.

Келесі кезекте, аудан әкімі Жорабек Баубеков пен аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы күндердің еншісіндегі жоспарлары турасында әңгіме қозғап, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Сөз алған институт қызметкері Сәуле Қазыбаева «Әлемдегі және Қазақстан Республикасындағы жеміс дақылдарының жаңа селекциялық жетістіктері» атты тақырып бойынша баяндама жасап, көпшіліктің сұрақ-сауалдарына жауап берді. Семинар барысында оған қатысушылар өсімдік түрлерінің биологиялық ерекшеліктері, оларды жергілікті жерде өсіру технологиялары, әртүрлі топырақтық-климаттық жағдайларға бейімделген үлгілер мен сұрыптар жайлы және шет елдерден енгізілген жеміс-жидек үлгілерінің жиынтықтарының негізінде бәсекеге қабілетті қазақстандық жаңа сорттардың пайда болуы, ҚР-ның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында жергілікті жаңа сұрыптар өндіріске енгізіліп, олар «Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне» кіргенінен құлағдар болды.

Семинардың практикалық кезеңінде «Меркі» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің көшет өсіру алаңында болған институт ғалымдары мен көпшілік «Голден Делишес» сұрыпты алма көшеттерінің барлық агротехникалық талаптарға сай бапталған, өте сапалы екенін көріп, жоғары баға берісті. Өздерінде көп жылдан бері ғылыми тұрғыда қалыптасқан, бай тәжірибелерімен бөлісу арқылы отандық сапалы өнімді насихаттап, солайша азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алуға болатынын айтқан серіктестік басшысы Бақыт Сауранбаев жиынға қатысушыларға семинардың теориялық және практикалық курсын оқығандарын растайтын арнайы сертификаттар табыс етті.

Иә, біздер азық-түлік қауіпсіздігі жайлы көп айтамыз. Осы тұрғыда, бірқатар мәліметтерді оқырмандар назарына ұсынар болсақ, мысалы, таулы-тасты жері басым, шағын ғана мемлекет – Армения жеміс-жидек өсіруде жылдық тұтыну бойынша әр адам басына шаққанда 121 келі өнім өндірсе, біздің ұлан-ғайыр жері бар еліміз, өкінішке орай, әр тұрғынның басына шаққанда небары 14 келі ғана өнім өндіреді. Ал, тамақтану саласының мамандары әр адам жылына 100 келі әртүрлі жеміс-жидек өнімдерін тұтынуы қажет екендігін әлдеқашан өлшеп-сызып дегендей, дәлелдеп қойған. Сондықтан, климаттық жағынан өте ыңғайлы келетін оңтүстік аймақтарда, оның ішінде, Меркі жерінде сапасы жоғары отандық жеміс-жидек пен көкөніс-бақша өнімдерін көптеп өсіруді қолға алғанымыз жөн.

Еліміздегі ауылшаруашылық саласын биікке шығаруға қолбайлау болатын тағы бір кедергі – біздегі техникалар паркі де ескірген. Мәселен, елімізде 147,7 мың трактор, 38,1 мың комбайн болса (бұл әлі де болса жеткіліксіз), оның 80 пайызы техникалық-физикалық тұрғыдан алғанда тозығы жеткен екен. Осы жоғарыда айтылған цифрлық көрсеткіштерді басым бағытқа бұру үшін бізге еңбектену қажет. Жаңа Қазақстанды құру ісі адамның арқауы болар – астан, яғни, азық-түлік қауіпсіздігінен басталуы керек екенін ұмытпайық, ағайын.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,  «Меркі тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *