АРЫСТАНБАЕВТЫҢ ҰСТАНҒАН БАҒЫТЫ ҚУАНТАДЫ

Арыстанбевтың ұстанған бағыты 1

Тегінде, белгілі бір кәсіпті серік етіп, тер төге еңбек етпесең, нарық заманының зілдей ауыртпашылығы иығыңнан басып, адымыңды ашпайтыны анық.

      Арыстанбаевтың ұстанған бағыты 3                    Арыстанбаевтың ұстанған бағыты 2

Бұл жай айтылған жалпылама сөз емес, ол жыл өткен сайын көпшілік барынша сезініп келе жатқан өмір шындығы, қазіргі қоғамға керек қаракеттің басты қағидаты. Жуырда ғана, «Қызыл сай» брендті қымызымен атағы қыр аса бастаған Қызыл сай ауылында құлпынай өсіру де қолға алынып, аудан әкімі Жорабек Баубековтың бастамасымен, аталмыш елді мекенде аудандық ауылшаруашылық семинары да өткенін білеміз.
Осы тәжірибе алмасу жиыны кезінде Ақаралдан келген жігіт ағасы Бауыржан Арыстанбаевқа жолығып, жаңалыққа жаны құмар азаматтың құлпынай өсіруден басқа, бұл күндері нендей тірлікпен айналысып жатқанынан құлағдар болып едім.
Міне, араға апта салып, Бауыржан Асқарұлының шаңырағында болдық, кәсібімен таныстық. Иә, шаңырағында. «Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап» – дегендей, есік алдында-ақ нәпақасының біраз бөлігін тауып отырған Бауыржан соңғы жылдары ғана көпшілік біліп жатқан, жерде өсетін кез келген дақыл – бау-бақша, және т.б. көкөністің сапасын арттырып, мол өнім алуға ұйытқы болатын бірден-бір таза тыңайтқыш – биогумус өндірісін бастап кеткен екен.
– Американың «Калифорниялық қызыл шылаушыны» аталатын, қазақшаласақ, біздегі кәдімгі жауын құртынан айнымайтын бұл тіршілік иесін арнайы технология бойынша малдың қиында өсірудемін. Оның 10 қорабын (10  шаршы метр жерді жайлайды) биылғы жылдың наурыз айында Тараз қаласынан, осы кәсіппен көптен бері айналысып жүрген бір азаматтан арнайы сатып әкелдім. Арада 4 ай өткенде шылаушын өсіретін алқабым 100 шаршы метрге жетті. Осы шылаушын қоректеніп, өзінен де өте пайдалы элементтерді бөліп шығарған, негізін кәдуілгі мал қиы құрайтын тыңайтқыштың 1 литрі (келімен емес, литрмен саудаланады екен) қазіргі нарықта 70 теңгеден кем тұрмайды. Бұл іспен айналысатын кәсіпкерлермен тығыз байланыстамын. Сатып алушылар тапсырыс берсе, дайын тыңайтқышты бірге өткіземіз. Ал, алушылар шығыс жағымыз – Алматы, батыс бетіміз – Шымкенттен бері, жетіп жатыр. Себебі, бұл биогумус тыңайтқышында өсірілген кез келген өнімнің сапасы өте жоғары, өнімділігі 1,5-2 есеге артады. Макро-микроэлементтерге бай биогумус тамырына тиіп, нәр алған өнімнің дәмдік сапасы мен сақталуы, тіптен, өзгеше. Жоғарыда айтылған Тараздағы кәсіпкер ағамыздың үйіндегі бақшада өсірілген қиярдан ауыз тидім. Дәмі базар-дүкендегі барлық мақтаулы бақша өнімдерінен мың есе артық. Кәдімгі біздің бала кездегі (Кеңес заманындағы ешқандай химикатсыз өсірілген, экологиялық-санитарлық жағынан өте таза жеміс-жидек, көкөністерді айтқаны) иісі бұрқыраған, ерекше қиярдың дәмін арада пәлен жыл өткенде ғана қайта сезінгенім рас. Сондықтан, қазіргі сапа емес, сан қуалайтын кезеңде, бәрінің де бір күдігі бар, «сырты бүтін, іші түтін» көкөніс түрлерін тұтынып, көзге көрінбес түрлі ауруларға шалдығып жатқанша, осы биогумусты өзім өндіріп, қосалқы шаруашылығымда қолданайын, артылғанын көрші-қолаң, ағайын-туысыммен бөлісіп, енді бір бөлігін саудалайын деп шешкен жайым бар – деген Бауыржан қызыл шылаушынды өсіру технологиясымен таныстырып өтті.

Расы керек, бұрындары бұл құрт жайлы елден естігенім болмаса, мен де көрмеген екем. Алайда, Бауыржан бүге-шігесіне дейін көрсетіп шыққан бұл істің өте қарапайым екенін, оны кез келген ауыл қазағы «қалғып» отырып-ақ игеріп кететініне көзім жетті. Иә, солай. Аса қымбат емес қызыл шылаушынға қол жеткізсеңіз, оның азығы – малдың қиы ауыл сыртындағы әр сайда тау-тау болып үйіліп жатқан жоқ па?! Әшейінде қоқыс саналатын сол малдың тезегінің шылаушын құрттың «қайта өңдеуінен» өткеннен кейінгі бағасын жоғарыда жеткіздім, тағы қайталайын – оның 1 литр банкасы 70 теңге тұрады. Осындайда «жұмыс жоқ» деген сылтаумен сырғи басып, бар нәрседен «жалтарып»  жүрген кей ер-азаматтарға арнап: «Айналайын-ау, осыдан басқа қандай бизнес керек еді! Жанұяң таза тамақ жесе, қалтаң да қаржыға толмайды ма?!» – деп, айқайлағым да келеді…
Кезінде Фрунзедегі (қазіргі Бішкек қаласы) политехникалық техникумды бітіріп, гидротехник мамандығын алған Бауыржан Асқарұлы осыдан 3 жыл бұрын, замана талабына сай диқаншылыққа да бет бұрды. Ұлдары: «Жасыл» стансасында темір жол шебері болып қызмет ететін төлбасы Сұлтан мен Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжінің 3-курс білімгері Ақәділдің демалыс кездерін тиімді пайдаланып, «Чизенна» сұрыпты құлпынайды 30 сотық жерге орналастырған Арыстанбаевтар жыл сайын одан 3 тоннадан өнім алуда. Сонда аталған жанұя қарапайым арифметикалық есеппен 1 ай ішінде кеткен шығынды шегеріп тастағанның өзінде 3 млн. теңге таза табыс тауып отыр. Осы ретте, құлпынай жинайтын 1 ай көлемінде 10 шақты ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып отырған Бауыржан жоғарыда айтылған биогумус тыңайтқыштарын көбейтіп алған соң, жерін құнарландырып, құлпынай алқабының көлемін 0,5 гектарға жеткізбек ойда екен.

– Жуырда аудан әкімі Жорабек Баубековтың құлпынай өсіру бойынша Қызыл сай ауылында өткізген семинарынан көп тағылым алдым. Оның бірі – топырақты жал етіп үйіп, тамшылатып суару әдісі. Сол технология маған ұнап отыр. Негізі, дала семинарларының әлденені үйренбекке, оны көрмекке құлшынған шаруаларға берері өте көп. Кезінде аудан әкімі болған Мейірхан Өмірбеков осындай іске көп мән беріп, нәтижесінде, көпшіліктің  бұрын-соңды бет бұрмаған тың істерін сол тұста бастағанын білеміз. Айтпағым, Жорабек Нұрмергенұлының да сол бағытты ұстанғанына қуаныштымын. Себебі, біздің қазақ көп естігеннен гөрі бір рет көрсе, кез келген істі оңай игеріп кетеді. Мен кезінде, 3 жыл бұрын бір семинарда таңқурай өсіру ісіне қызығып, қазір ұзындығы 50 метрден болатын 5 қатарға осы жемісті өсіріп отырмын. Сіз жаңа барып көрдіңіз, мәуелеп тұр. Яғни, биыл да өнімді көп беретіні сөзсіз. Мен құлпынай мен таңқурай алқабымды «Казводхоз» мекемесімен келісім-шартқа отырып, әзірше, ескі әдіспен – арықпен суарудамын. Бұл, әрине, тиімсіз – дейді, иелігіндегі 4 гектар алқабында арпа-бидайын өсіріп, биыл жоғары өнім алған Бауыржан ініміз.
Осы тұста айта кетерлік жайт, – Бауыржан арпа-бидайдың тұқымын сапасына күмән көп, кездейсоқ әр жерден емес, мол өнімге ұйытқы болып, репродукциясы жоғары келетін, сынақтан өткен «Сыпатай батыр» серіктестігінің қоймасынан сатып алады екен. Оның қайтарымы да еселеніп, көп болатыны сөзсіз.
Міне, ағайын, таза еңбек әрқашан да мәртебеңді көтеріп, бақуаттылыққа жол ашады. Ауыл ішінде отырып-ақ, атадан балаға мирас болып қалатын түрлі кәсіпті игеріп, ол істің игілігін көру – әрқайсымызға тән болуы шарт. Сонда ғана еліміз көркейіп, ұлтымыз
бәсекелестік жолында өзгелермен иық тірестіре алады.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *