АУДАН ӘКІМІ ДЕПУТАТТАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

f060f4e5-bc2d-41bb-b2e5-a184084d922f

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА КӨРСЕТІЛГЕН «ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНА СӘЙКЕС, АУДАН ХАЛҚЫНЫҢ СҰРАНЫСЫНАН ТУЫНДАП ОТЫРҒАН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗЕТІН БОЛАМЫЗ.
(АУДАН ӘКІМІ ЖОРАБЕК БАУБЕКОВТЫҢ БАЯНДАМАСЫНАН.)

98a49609-59f2-40b7-9485-8c2329ce4e07                     c739e808-ebf4-43ec-8e32-cb91f91e9d0a

3d1df18d-1d79-40e2-ae3f-4b10b9be74b1

Өткен аптаның жұмасы күні, жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 30-шы сессиясы болып, оған аудандық мәслихаттың депутаты Күлайым Шағатаева төрағалық етті.
Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, бірқатар аудандық мекеме басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Күн тәртібіне төмендегідей 4 мәселе енгізілді:
1. Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы аудандық мәслихат депутаттарының алдындағы есебі.
2. «Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құру туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2021 жылғы 19-қарашадағы №16-6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
3. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде жұмыссыздарды жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында және жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды қарауға арналған комиссия
құрамын бекіту туралы.
4. Меркі ауданы бойынша учаскелік сайлау комиссияларының құрамынан оның кейбір мүшелерін шығару туралы. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Жорабек  Нұрмергенұлы Баубеков депутаттар мен сессияға қатысушылар алдында баяндама жасады.
– Аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы жөнінде аудандық мәслихат депутаттарының алдындағы есебіндегі ескертулер мен ұсыныстардың іс-шара жоспарына 14 мәселе бекітілген болатын. Бүгінгі күнге осы 14 мәселенің 12-сі
орындалып, 1 мәселе тұрақты бақылауға алынды (әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыру) және 1 мәселе орындалу үстінде (Беларық, Ақ жол, Тәтті, Аспара, Ақермен, Кеңес ауылдық клубтарының қазандықтарын газға қосу).
Меркі ауданының 2022 жылдың 6 айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталар болсам, 2022 жылдың 6 айының қорытындысымен, аудандық бюджеттің кірістер жоспары – 7 433,3 млн.теңгеге жоспарланып, 8402,4 млн.теңгеге, немесе 113,0%-ға орындалды. Өзіндік кірістер – 1 956,3 млн.теңгеге (198,1%), трансферттердің түсімдері бойынша – 6 446,0 млн.теңгеге (100,0%) орындалды. Аудан бюджетінің шығындары – 7 595,1 млн.теңгеге жоспарланып, 7 594,1 млн.теңгесі игерілді, немесе 100,0% құрады.
Салықтың түсіміне келер болсақ, 2022 жылдың 6 айының қорытындысымен, мемлекеттік бюджетке – 3218,5 млн.теңге (2021 жылы 3 088,4 млн.теңге, яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда – 104,2 пайызға орындалды) салық және басқа міндетті төлемдер түсіп, 155,4%-ға орындалды (оның ішінде, республикалық бюджет – 103,7%, жергілікті бюджет – 169,3%), – деді Жорабек Нұрмергенұлы.
Аудан басшысының есепті баяндамасынан белгілі болғандай, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында өнім мен көрсетілген қызмет көлемі аудан бойынша – 3129,3 млн.теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі – 101,7%-ды (2021 жылы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі –2597,9 млн.теңге болған) құраған. 2021 жылы «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» аясында ауданнан жалпы құны – 257,0 млн.теңгені құрайтын 1 жоба ұсынылды. Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» аясында кәсіпкерлік қолдау картасына енгізілген «Bester Yard» ЖШС-нің «Балық шаруашылығы және балық өңдеу» жобасы 2022 жылдың ІІ жартыжылдығында іске асырылып, 45 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде екен. Бұдан бөлек, 2023 жылы іске асырылуы жоспарланып отырған «Бахор» шаруа қожалығының «Тауарлы сүт фермасы» және «Мерагро» ЖШС-нің «Ұн тарту өндірісі» жобалары кәсіпкерлік қолдау картасына енгізілген.
– 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 4913 болды, – деп жалғастырды сөзін аудан басшысы. – Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2022
жылдың қаңтар-маусым айларында – 7891,6 млн.теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі –100,6% құрады (2021 жылдың қаңтар-маусым айлары 7515,0 млн. теңге болған). Биылғы жылдың алынып отырған кезеңінің қорытындысы бойынша бөлшек сауда тауар айналымы –5818,2 млн.теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, НКИ – 126,2% -ды құрады (2021 жылдың қаңтар-маусым айларында – 4112,5 млн.теңгені құраған).
– Туризм саласын сөз етсек, ауданда 6 қонақ үй (сыйымдылығы 164 төсек-орын), 1 «Тұран» атты демалыс аймағы (сыйымдылығы 31 төсек-орын) жұмыс атқаруда. «Меркі шипажайы» (сыйымдылығы 430 төсек-орын) мен «Мейірім Меркі» (сыйымдылығы 100 төсек-
орын) шипажайы аудан тұрғындарына және еліміздің басқа өңірлерінен келетін туристер мен қонақтарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауданымызда «ММ Меркі» сауда орталығында «Astana park» кинотеатры да ауданымыздың тұрғындары мен қонақ тарына қызмет көрсетуде.
Туризм басқармасымен бірлесе отырып, аудан аумағында орналасқан 7 тарихи-мәдени ескерткіштеріне QR-код тастары орнатылды («Сандықтас», «Көккөл», «Ботбай баба» монументі, «Меркі табиғи қаумалы», «Қара кемпір» ескерткіші, «Аспара қалажұрты» және «Намаз батыр» ескерткіші). Енді кез-келген турист «Taraz Tour» мобильді қосымшасы арқылы ауданымыздағы QR-код тастары орнатылған туристік нысандар бойынша толық ақпарат ала алатын болады, – деген Жорабек Нұрмергенұлы, туристік маршруттар туралы да айтып өтті.
Баяндамашы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кеңінен тоқталды.
2022 жылдың 6 айында жалпы өндірілген өнім көлемі – 9 млрд. 302,3 млн. теңгеге жетіп, нақты физикалық индекс көлемі –104,2%-ды құраған (2021 жылы 6945,3 млн.теңге). Есепті кезеңде, ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына – 1581,1 млн. теңге, немесе өткен жылмен салыстырғанда, 118,5%, тамақ өнімдерінің негізгі капиталына – 919,4 млн.теңге, немесе өткен жылмен салыстырғанда, 116,8 пайыз инвестиция тартылған. Осы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі барлығы – 102400 гектарға орналастырылған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда, 1200 гектарға арттық, немесе – 100,6 пайыз.
Аграрлы аймақ үшін мал азығын дайындаудың маңызы зор. 2022-2023 жылдарға мал қыстату науқанына жоспарланған – 177600 тонна шөптің 103890 тоннасы, яғни, 58,5 пайызы; жоспарланған – 7000 тонна пішендеменің – 7000 тоннасы, 100 пайызы; жоспарланған – 47700 тонна сабанның –34571 тоннасы, яғни, 72,5 пайызы дайындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Кооперативтердің жұмысына келсек, аудан бойынша барлық ауылдық округтерде мүшелері бар сүт бағытында – 6 АШК (ауыл
шаруашылық кооперативі), ет бағытында – 5 АШК құрылып, жұмыстарын жүргізуде. Ет бағытындағы кооперативтер – 201 тонна ет өндірсе, сүт бағытындағы кооперативтер – 333,1 тонна сүт өндірген.
Баяндамада пилоттық жоба да назардан тыс қалмады. Жалпы, Сұрат ауылдық округі бойынша – 519 млн. 542 мың теңгеге 181 несие берілген, оның ішінде, 494 млн. 252 мың теңге – 3786 бас мал сатып алуға, 15 млн. 700 мың теңге – 2 жылыжай құрылысын жүргізуге, 9 млн. 590 мың теңге – шырын өндіру цехын ашуға жұмсалыпты. Сонымен қатар, 24 млн. 300 мың теңге АШК-нің айналым қаражатына, 97 млн. 275 мың теңге – 22 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға беріліп, тиімді жұмыс ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, биылғы жылға Ақермен ауылдық округін пилоттық жобаға енгізу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінуде екен.
Жорабек Нұрмергенұлы, сонымен қатар, каналдар мен ұңғымалар, жер саласы, оның ішінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу және мемлекеттік жер қорына қайтарылған жер телімдері бойынша нақты ақпараттарын ортаға салды. Білім саласы бойынша: күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары, мектеп қазандықтарын газдандыру және т.б. туралы сөз қозғады. Әлбетте, денсаулық, мәдениет, спорт, құрылыс, жол, жарықтандыру салалары мен инфрақұрылым, газдандыру мен ауыз су мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Мәселен, ауыз суға тоқталар болсақ, аудандағы 45 елді мекеннің 40-ы орталықтандырылған ауыз сумен, ал 5 елді мекен орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған, немесе 88,8% (2021 жылы – 88,8%; 2020 жылы – 84,4%; 2019 жылы – 71,1%). Жыл соңында орталықтандырылған 41 елді мекен, яғни, Арал қыстақ ауылында орналасқан ауыз су жүйесін – 46 600,0 мың теңгеге ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы ауданның ауыз сумен қамтылу үлесі –91,1% болады деп күтілуде. Аталған жұмыстар ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталмақ. Осы бағытта, орталықтандырылмаған Кеңес ауылын ауыз сумен қамту үшін аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, қазіргі таңда сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Андас батыр ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келісім шартқа сәйкес құны – 851 055,0 мың теңге, құрылыс жұмыстарының ұзақтығы – 10 ай.
Осы ретте, ағымдағы жылы тозығы жеткен Ақтоған және Меркі ауылдарының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту мақсатында сметалық құжаттамалары әзірленуде екенін де айта кеткеніміз жөн.
Халықты жұмыспен қамту орталығы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бағдарламасы» аясында жұмыстар атқаруда. 2022 жылы аталған бағдарламаға жалпы – 397688,0 млн. теңге бөлінсе, оның ішінде: республикалық бюджеттен – 85810,0 млн. теңге, облыстық бюджеттен – 23893,0 млн.теңге, аудандық жергілікті бюджеттен – 287985,0 млн.теңге бөлініп отыр. Биылғы жылы облыстық басқарма тарапынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға берілген жоспар –
4020 адам. Бос жұмыс орындары бойынша берілген жоспар – 2461 болса, алты айда – 1581 адам тұрақты жұмысқа орналасып, бұл – 64,2 %-ды құрап отыр (обл.көрсеткіш 56,2%). Оның ішінде, әйелдер – 706; 29 жасқа дейінгі жастар – 546. Аудан бойынша жұмыссыздар ретінде ресми тіркеуде тұрғандар саны – 1139, оның ішінде, әйелдер – 596, ал, 29 жасқа дейінгі жастар – 308.
Осы жылы 3 айлық қысқа мерзімді кәсіби оқуға – 170 адам жоспарланып, оның 130-ына 23,9 млн.теңге бөлінген. Ал, қалған 40 адамға тиісті қаражат бөлінген жағдайда жұмыс берушілер «Орталық Азия қант бірлестігі» ЖШС-гі және «Мералко» ЖШС-гі кәсіптік оқытуды ұйымдастыратын болады.
Сессия жұмысы барысында, баяндаманы талқылауға қатысқан аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Сейсенбаев, аудандық мәслихат депутаттарының жыл басынан бері сайлаушылармен 147 кездесу өткізіп, жеке тұлғалардан 345 өтініш қабылдағанын жеткізді. Сонымен бірге, тұрғындар көтерген мәселелердің бірнешеуіне тоқталып өтті. Олардың қатарында, Ақарал ауылдық округі аумағында иесіз иттердің көбейіп кеткендігі және осындағы су құбырларының тозығының жеткендігі, Жамбыл ауылдық округінің Ә.Ысмайылов,  Жауғаш батыр мен О.Үмбетов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату мәселесі, аудандық бюджеттің қыруар қаражатына орнатылып, бүгінгі таңда жұмыс істемей тұрған бейнебақылау камераларының жайы және жер қойнауын пайдаланушылардың өрескел әрекеттері мен заң бұзушылықтары туралы айтып өтті.
Одан соң, аудандық мәслихат депутаты Назерке Айдарбек сөз алып, ол да тұрғындармен кездесу кездерінде көтерілген маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, Т.Рысқұлов ауылына жаңа медпункттің қажеттігі, Беларық ауылы мен Жамбыл ауылының Смағұлов көшесіндегі жарық қуатының төмендігі, Гранитогор ауылындағы көше жолдарын жөндеу қажеттігі жөнінде тоқталды. Және де, Ойтал, Меркі, Андас батыр, Кеңес, Ақермен, Тәтті және Сұрат ауылдық округтеріндегі қоқыс полигондарына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін ортаға салды. Бұл ретте, аудан аумағындағы қоқыс тастайтын орындарда экологиялық және заң талаптары сақталмай отырғандығын қынжыла жеткізді және аудан басшысының осы мәселелерді шешуге ықпал етуін өтінді.
Баяндаманы талқылауға қатысқан депутаттар аудан әкімі Жорабек Баубековтың есепті баяндамасын «қанағатта нарлық» деген бағаларын берді.
Күн тәртібіне ұсынылған басқа мәселелер бойынша да депутаттар өз шешімдерін білдіріп, тиісті қаулылар қабылданды.

Әтіркүл  ИСАЕВА,
«Меркі  тынысы». 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *