МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЖӘНЕ А.АСҚАРОВ

А.Асқаров

      …ХХ ғасырдағы қазақ элитасының ішінде ұйымдастырушылық еңбегімен, басшылық етуқабі летімен елімізге айрықша танылған ірі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров ағамыз ерекше көңіл қойып, зерделеп, зерттеген төл тарихымызда тұлғалар аз емес. Ол кісі, ең алдымен, болашақ жастар кімнен үлгі алуы керек деген сұраққа терең жауап іздеді. Бұл оңай шаруа емес еді. Ең алдымен, жастарды Отан сүюге, патриоттыққа тәрбиелейтін өзекті мәселелер толғандырды – ал, тарихты білмей, тарихи қызметкерлердің қызметін бағаламай Отанды сүюге тәрбиелеу мүмкін емес. Туған елге, Отанға, тарихқа деген сүйіспеншілік – патриоттық сезімді тәрбиелеудің қайнар көздері болмақ. «Тағдыр» – «Судьба» әдеби-мемуарлық романынан кейін ағамыздың тарихи тақырыпқа ден қоюының сыры да осындай тереңде жатса керек.
Биліктің жоғары шыңында жүріп, үнемі озық әдеби шығармалар мен аса маңызды тарихи кітаптарды оқып, қадағалап отыруды дағдыға айналдырған ағамыз еш уақытта қоғамдық процеске бейжай қараған емес, ол кісі қай кезде де бұл үдеріске қызу атсалысып отырған, өзінің ой-пікірлерін де ашық білдіруді парыз санаған. Тұраннан шыққан есімдері әлемге әйгілі ғалымдар, ақындар, қайраткерлер туралы VІІ ғасырдан ХХ ғасыр аралығын қамтитын аса ауқымды тақырыпты көтеруі – шын мәнінде патриоттық сезімнен туған дүние. Зейнетке шығып, одан төрт жарым жыл жалған жаламен абақтының адам төзгісіз қиянатын көрген ағамыздың халқына адал қызмет етуінің айқын үлгісі – оның қаламынан туған зерделі туындылары, зерттеу еңбектері болды. Қалам қуаты қиялын қанаттандырған қайраткер өмірінің соңына дейін еңбек етуден, қаламы жазудан, оқу-сызудан шет қалмады. Рухы күшті қайраткердің шығармашылық ізденістері әуесқойлық іс емес, бұл таза кәсіби творчестволық жұмыс. Әлдебіреулер күдік келтіретіндей емес, өз қолымен қағаз бетіне түсірілген әбден байыпталынған, тұжырымдалынған дүниелер болатын. Оның үстіне саяси қайраткер дүниеге жыр жанарымен қарайтын жаны өте нәзік ақын, тарихи процестерді зерделейтін зерттеуші, философ болатын. Ал, суретшілік таланты өз алдына.
Тұран деген аумақтың территориялық картасын жасап, сонда дүниеге келіп, еңбек еткен әлемге есімі әйгілі кісілердің өмірін зерттеп, олардың тарихта алатын орнын – кейінгі жастарға үлгі-өнеге етіп жазып қалдыруы – бабаларымызға деген перзенттік сүйіспеншілігі еді. Біздер өзге елдің тарихын біліп қана қоймай, өз тарихымызды, өзіміздің ұлы бабаларымызды білуге тиіспіз, солардың еңбегін мақтаныш етуге міндеттіміз деп білді ағамыз. Өз ана тілімізді ардақтап, өз тілімізді құрмет тұтуға тиіспіз, сонда ғана тіліміздің көсегесі, еліміздің іргетасы, халқымыздың біртұтастығы берік бола түспек. Өз тілімізді дамытып, өз мәдениетімізді өркендетіп қана прогреске жетпекпіз. Асанбай ағаның көтеріп отырған өзекті тақырыбының ішкі тіні, негізгі өзегі осыған Тұраннан шыққан тұлғалардың ішінде Асанбай ағамыз әрі паша, әрі жазушы, ақын Бабырдың есімін, сондай-ақ, оның туған бөлесі, қазақтың тұңғыш тарихшысы, халқымыздың тұңғыш классик жазушысы Мұхаммед Хайдар Дулатиге ерекше тоқталды.
М.Х.Дулати да бойына барлық өнер қонған, қаламы жүйрік жазушы һәм тарихшы, ақын, әрі дипломат еді.
М.Х.Дулати да, Бабыр да әлемнің ақыл-ой қазынасына аса зор олжа салған қайраткерлер еді. Тұтас бір кезең, тұтас бір дәуір, мәдениет өркендеуіндегі асулы бел-белестер осы екі ұлы Тұраннан шыққан қайраткер әрі қаламгер есімімен тығыз, әрі етене байланысты. Тәуелсіз Қазақстан үшін М.Х.Дулати аты ала бөтен бөлек. Есімі әлемге танылған, шығыс, батыс ойшылдарының барлығы дерлік еңбегін аса жоғары бағалап, өз зерттеулерінде пайдаланған ұлы тарихшы Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін ғана, кіндік қаны тамған ата жұртымен 5 ғасырдан соң қайта қауышты.
А.Асқаров ағамыз «Ұлы Тұранның ұлдары» – «Сыны Великого Турана» атты еңбегінде 70-ке жуық  құрылған Түркі қағанатының қағаны Бумын, Істемі, Күлтегін, Тоныкөк, сондай-ақ, Тұраннан тыс жерлерде билік еткен Атилла (Еділ), Аспарух, Жалайыр әулеті, Осман империясы, Мұстафа Кемал Өзтүрік жайындағы әдеби эсселерін алғаш рет оқырманға ұсынды. Бұл тақырыптар бұрын-соңды қазақ тарихында да, әдебиетіміздің тарихында да айтылған да, қозғалған да мәселелер емес, мүлде тың дүниелер болатын. Бұл материалдар энциклопедиялық мақалалар емес, жұп-жұмыр етіп жинақталып, баяндалған тарихи- танымдық дүниелер болатын.
«Ұлы Тұранның ұлдары» атты еңбек А.Асқаровтың тарихи тақырыпты мемлекет қайраткері, ел басқарған биік интеллект ретінде еркін меңгергенін, ой-пайымдарын мемлекеттік мүдде, биік нысана бағытын көздеп, ірі топшылаулар жасаған ойпаз тұлға екенін танытты. Тарихты терең меңгерген ағамыз тақырып аясын кеңейтіп, қаузай баяндауы– жаңа ой қорытулар жасауы жағынан кәдуілгі зерттеушілерден мүлде бөлек өрелі биіктен табылып, оқырманды өзіне баурап отырады. Тарихи тұлғалар бейнесін сипаттап, топшылаулар жасауы – әдемі бір іштей ой үйлесімділігін, ішкі тебіреніс пен әсер лебін қалам қуатымен шебер жеткізе білуімен тәнті етеді. Тұраннан шыққан қайраткерлер, ғұламалар өмірі мен қызметі Отанға қызмет етудің аса бір жарқын үлгісі. Отан, туған жер, туған ел қай кезеңде де, қай қоғамдық құрылымда да Отан, туған жер қалпында қалады, түсінігіміз, қабылдауымыз өзгергенмен ол өзгермейді. Сондықтан, Тұран деп аталатын тарихи- географиялық ұғымға ие жер бұл біздің ата мекеніміз де болып табылады.
Ұлы тұлғаларды тану бағытында қолданбалы сипаты басым еңбек жазған Асанбай ағамыз ұлы тарихшы М.Х.Дулатиға тоқталуды өзінің азаматтық парызы деп білді. Өйткені, қазақ тарихының арғы бергі дәуірінде, кезеңдерінде дәл Дулатидай ірі де алып тұлға ұшыраса бермейді. Әл-Фарабиден кейінгі Дулати өмір сүрген ғасыр аралығында М.Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Ж.Баласағұн, және т.б. ақын, ғалымдар белгілі болғанымен, алайда, ұлы ойшыл деңгейіне көтеріліп, әлем мойындаған тұлғалар сирек кездесетіні белгілі. Әлем таныған тұлғаның есімі осы
уақытқа дейін беймәлім болып, қазақ оқырмандарына бейтаныс күйде қалуы – азамат ретінде ол кісіні қатты алаңдатты, әрі бұл енжарлыққа, бойкүйездікке іштей ренішін жасыра алмады.

Төл тарихымызға деген сүйіспеншілік кісі бойында, алдымен, тарихи тұлғалар өмірі мен қызметін оқып үйренуден басталатыны белгілі. Әлемнің талай қайраткерлерімен иық тірестірер тұлғалардың Тұран топырағында дүниеге келгенін мамандар болмаса, қарапайым көпшілік, жастар біле бермейді. Асанбай ағамыз осы олқылық орнын толтыратындай еңбек ұсынған.

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
жазушы-баспагер.
(Мақала қысқартылып, ықшамдалып алынды).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *