ХАЛЫҚТЫҢ ƏЛ-АУҚАТЫН КӨТЕРУ – АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА ТҰРУЫ ТИІС – ДЕДІ, АУДАНЫМЫЗҒА ЖАСАҒАН ІС-САПАРЫ КЕЗІНДЕ ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ

Обл аким 1

Иә, Жаңа Қазақстанды немесе Екінші Республиканы құру ісінде жаңсақ сөйлеп, жайбарақат басуға мүлдем болмайды. Біздер өткеннен сабақ алып, елдің мүддесі жолында адал да ашық түрде бірлесе қаракет етпесек, алға қойған стратегиялық жоспарларымыз бен бұл күндері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан тың реформаларымыздың баянды болуы неғайбыл. 

           Обл аким 3                      Обл аким 2

Міне, облыс әкімі Нұржігітов Нұржан Молдиярұлының ағымдағы аптаның алғашқы күні ауданымызда болып, өңір басшысы Баубеков Жорабек Нұрмергенұлымен бірге халықпен кездесіп, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралаған кезіндегі басты ұстанымы мен негізгі басымдық көрсетуі жоғарыдағы тәмсілдермен тығыз байланыса, астарласып жатты.
Облыс басшысын қарсы алған аудан әкімі Жорабек Баубеков ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың істер мен жобалардың Меркі өңірінде қанат жаюы туралы жалпы түсінік беріп өтті.
Оның ішінде, Тәуелсіз елдің ертеңі білімді де саналы жастардың еншісінде екенін бағамдаған Нұржан Молдиярұлы білім мен тәрбие саласына ерекше мән беретінін айтып, алдымен, шалғай жатқан – Аспараға, сондағы соңғы жылдары жиі көтеріліп, мәселесі жыр болып жүрген №2 ЖОББМ-нің жайымен танысуды жөн санады.

Обл аким 5                        Обл аким 6

Иә, кезінде атағы дүркіреген, астықты өлке – Аспарада жұмысшылар үшін жатақхана ретінде салынған ескі ғимарат физикалық және моральды тұрғыда әбден ескірген. Десек те, екі адам қатар жүре алмайтын тар дәліздің қос жағында қатар орналасқан тар бөлмелерде 300 оқушы қысыла-қымтырыла дәріс алатынын білеміз. Округтегі демографиялық ахуалдың жыл өткен сайын өсе түскенін ескерсек, келер жылдары қыстың күні тар коридорға, ал, жазғытұрым мектеп ауласына да парта қоюға тура келетіні айтпаса да түсінікті болып тұр.
Міне, осы ахуалды өз көзімен көріп, зерделеген аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзовке нақты тапсырмалар беріп, жаңа мектептің құрылысын кешеуілдетпеу жөнінде қадап айтты.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыс әкімі білім мен тәрбие жағына алдымен ойысқан соң, бұл сапары кезінде оқушылар «Үміт» сарайы, музыка мектебі мен жылына 160-200 түлек тәмамдайтын №9 Меркі колледжінің жанды жұмыстарымен жергілікті жерде жіті танысып, сонымен қатар, Гранитогор ауылындағы тозығы жеткен мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткізу мәселесін құп санады.
– Биыл біз құны 422 млн. теңге болатын, 640 оқушыға арналған №5 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы бұл тізімге 4 мектеп, ал, 2024 жылы тағы да 3 мектеп кіреді – деді, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева облыс әкіміне.
Ал, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов:
– Өңірдегі әрбір мектепте «Педагог-шебер» біліктілік санаты бар, кемінде, 1 мұғалім жұмыс істеуі керек. Меркіде 36 мектепте барлығы 25 жоғары білікті мұғалім бар. Осыған назар аудару қажет, – деді.
Келесі кезекте, Ақермен ауылындағы мәдениет үйінде округ тұрғындарымен кездесіп, ашық сұқбат құрған Нұржан Молдиярұлы олардың өтініштерін тыңдап, сұрақ-сауалдарына жауап берді. Ең бастысы, соңғы жылдары облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаны биыл Ақермен ауылына енгізу жоспарланғанын есіткен округ тұрғындары онсыз да ауданнан алыс орналасып, ал, жер телімдері жоқтың қасында тұрған ақермендіктер үшін еңсені көтеретін бұл тиімді жобаның бақуаттылыққа жетелейтінін болжап, облыс әкіміне деген алғыстарын айтты.

Обл аким 4                 23487d85-476a-4f8f-a168-3b8ba3fab2d1

Тұрғындар үшін баспана мәселесінің өткір тұрғанын білетін облыс басшысы Меркі ауылындағы тұрғын үй құрылысына арналған алқаптарда да болды. Мұнда 77 және 32 гектардан тұратын 2 алқапқа ауыз су жүйесі мен электр желісі тартылып жатқанын, осы жұмыстар аяқталған соң, яғни, инженерлік инфраструктура мәселесі шешілген кезде бұл учаскелер кезекте тұрған мұқтаж жандарға берілетіні туралы айтқан аудан әкімі Жорабек Баубеков облыс басшысына аудандағы басқа да тұрғын үй құрылысына арналған алқаптар жайында кең мәлімет берді.
Ж.Баубековтың айтуынша, қазір ауданда 10918 азамат тұрғын үй кезегінде тұр екен. Биыл үй құрылысы үшін 2015 жер учаскесін беру шаралары басталған.
Ал, облыс әкімі Н.Нұржігітов облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қ.Қорғанбаевқа облыс тарапынан шешілуі тиіс әр мәселеге зер салып, жер телімдері тұрғындарға, оның ішінде, шын мұқтаж жандарға ертерек берілуі керек екеніне басымдық жасады.
Нарықтық экономиканың ажырамас бір бөлігі – инвестор тарту. Сол арқылы жергілікті жерде жұмыс орындарын ашып, бюджет қоржынына қомақты қаржы құю болып табылады.
Бұл сала бойынша да Меркіде алға  ілгерілеушіліктің нышаны анық байқалады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетсек, былтыр небары 10 мың тонна қант өндірсе, биыл 60 мың тоннаға дейін қант өндіруді жоспарлап отырған «Меркі қант» ЖШС-гі мен айына 400 мың дана шөлмекке дейін спирт өнімдерін шығаратын «Мералко» ЖШС-гінің жұмысы басталып, қазіргі таңда 75 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр.
Андас батырдағы құрылысы жүріп жатқан «Bester yard» балық өсіру мен өңдеу шаруашылығы да болашақ кезеңде ауданымыздағы оң өзгерістерге, оның ең бастысы, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесінің шешілуіне ұйытқы болмақ.
Міне, облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы осы аталған кәсіпорындарда да болып, олардың жұмыстарымен танысып өтіп, оң бағасын берді.
Облыс әкімі өзінің ауданымызға жасаған арнайы іс-сапарының соңында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив жиналысын өткізді.  Жиынға облыс әкімдігінің басқарма басшылары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері, сонымен қатар, тиісті мекеме-ұжымдардың жетекшілері қатысты.
Сөз алған аудан әкімі Жорабек Баубеков арнайы слайд арқылы ауданымыздың барлық салалары бойынша ақпар беріп, есепті кезеңдегі ахуалмен таныстырды. Оның басты саналатын тұстарына тоқталсақ, жергілікті жердегі жанды жұмыстардың арқасында 2024 жылға қарай аудан бюджетінің 2 есеге өсетіні күтілсе, ағымдағы жылдың 6 айында өнеркәсіп саласы 3,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген екен. Ал, ауылшаруашылығы бойынша есепті кезеңде 9,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрап тұр. Инвестиция бойынша 2 бағытты таңдап, дайындау арқылы 2025 жылға қарай 2398 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Баубеков аудан орталығындағы күре жол кеңейтіліп (қазір ені 9 метр болса, ол 14 метрге дейін кеңейіп, бір мезетте 4 автокөлік қатар жүре алады), айналмажолдың құрылысы да жүргізіледі. Құм аймағы мен туризмді дамыту мақсатында тау ішіне апаратын жолдарды салу мәселесі де күн тәртібінде тұр екен.
Актив жиыны кезінде облыс әкімі Н.Нұржігітов жұмыс сапары барысында жинақталған ой-пікірлерімен бөлісіп, халықтың қам-қаракеті жөніндегі кейбір мәселелерді ортаға салған соң, ел арасында туындап жатқан бірқатар сұрақ-сауалдарға байланысты шешімдерді, ең алдымен,
тиісті басшылардан сұрап, сол жауапты тұлғаларға жұрт өтініштерінің орындалуы жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиын кезінде ауылдық округтердің әкімдері де облыс әкімінің әр саланы қамтыған, негізінен, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын көтеруге бағытталған сұрақтарынан сырт қалған жоқ. Мысалы, Кеңес ауылдық округінің әкімі Есберген Жапарқұлов, Тәтті ауылдық округінің әкімі Талғат Әлметовтер ел ішіндегі әр мәселеге өте қанық екендіктерін танытып, тұщымды жауаптарын беріп отырды.
Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан мен Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Сәбит Бәбіжановтар да ел мүддесі жолындағы еңбектерімен әбден ысылған, ауылдың тыныс-тіршілігін іштей білетін халық қалаулылары екендіктерін білдірді.
Осы ретте, Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Сәбит Бәбіжанов осы жылдың 27-мамырындағы облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының ауданымызға сапары барысында берген тапсырмаларына және алдағы жопарларына байланысты хабарлама жасады.
– Ауылдық округтің 2025 жылға дейінгі даму жоспары жасалып, аудан әкімінің алдында қорғалды. Соған сәйкес, 2025 жылға дейін жалпы құны 1 млрд. 767 млн. теңгенің 29 жобасы жүзеге асырылып, жаңадан 425 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде, ауыл шаруашылығында 12 жоба (411 млн. теңге, 83 жұмыс орын); өнеркәсіпте 1 жоба (736 млн. теңге, 200 жұмыс орны); кәсіпкерлікте 13 жоба (340 млн. теңге, 92 орын); денсаулық сақтау бойынша 2 жоба (230 млн. теңге, 42 жұмыс орны) және жолаушылар тасымалдауда 1 жоба (50 млн. теңге, 8 жұмыс орны).
– 2022 жылға 10 жоба жоспарланса, бүгінгі күнге оның 7-уі жүзеге асырылды. Соның ішінде, ең ірісі «Мералко» ЖШС-гі, содан кейін шағын орталық, қызмет көрсету, «Мейірім- Меркінің» диагностикалық орталығы, техникалық қызмет көрсету орталығы, дүкен, қоғамдық тамақтандыру
орталығы. Жалпы қаражаты – 964 млн. теңгені құрады, 233 жұмыс орны ашылды, – деген Сәбит Әбілғазұлы, облыс әкімінің жеке қабылдауында болған тұрғындардың сауалдарының орындалуы, тұрғындардың табыстарын арттыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндап өтті.
Одан кейін мінбеге көтерілген, Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан Нұржан Молдиярұлының «Меркі ауылдық округінің аумағындағы күл-қоқыс тастайтын полигонды көшіру мәселесі қалай шешілуде?» – деген сауалына:
– Полигонның орнын ауыстыру туралы мәселе зерделенді. Оның пайдалануға берілген мерзімінің аяқталуына 3 жыл бар, сондықтан да Жер қатынастары бөлімімен кеңесе отырып, полигонды ауыстыруды 3 жылға кейінге қалдырдық. Осы уақытта жерін анықтап, құжаттарын әзірлейтін боламыз, – деді Ғазиз Доғдырбайұлы.
Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы соңғы 2 жылда қайта оралған ұлттық болмысымыздың ерекше бір қасиетті тармағы – асар әдісі жайлы да сөз қозғады. Облыс бойынша 2 жылда барлығы 230 шаңырақ асар әдісімен бой көтергенін жеткізген Нұржан Нұржігітов осы үрдістен жаңылмай, бұл істі одан әрі дамыта түсуді тапсырды.
Актив жиынын қорытқан Нұржан Нұржігітов Меркі жеріндегі игі істерге көңілі толатынын айтып, өткен жылы жергілікті қант қызылшасының өндірістегі үлесі 39,2 пайыздан 52,3 пайызға өскенін тілге тиек етті. Ендігі кезекте, Жамбыл ауданынан 2000 гектардағы, ал, Байзақ ауданынан 700 гектардағы қант қызылшасын қабылдауды ұйымдастырып, логистикалық байланыс орнатуды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаулар мен көмектер әр ауылға, шаруалар мен кәсіпкерлерге жетуі керектігі жөнінде айтып өткен аймақ басшысы жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажеттігіне назар аударды.
Нұржан Молдиярұлы, одан кейін аудан әкімі Жорабек Баубековтың алға қойған жоспарларының жүзеге асуына тілек білдірген соң, өз кезегінде, облыс тарапынан тиісті көмектер болатынын ортаға салды.

Әлихан НҰРАЛИЕВ,
Меркі тынысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *