КЕЗЕКТЕН ТЫС КОНФЕРЕНЦИЯ

Кезектен тыс конференция

Сәрсенбі  күні, аудандық  Мәдениет  үйінде, «AMANAT» партиясы  Меркі  аудандық  филиалының  кезектен  тыс  XXXIV  конференциясы  болып  өтті.

Аудан әкімі Жорабек Баубеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, сонымен қатар, барлығы 70 делегат сайланып, оның 57-сі қатысқан конференция жұмысы ашық деп жарияланған соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Конференция жұмысына төрағалық етуші «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Күлайым Шағатаева күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе – «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының нәтижелері мен шешімдерінің бағдаршамы» атты баяндамасымен таныстыру үшін «Ақермен» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мадина Қоңырбаеваға сөз кезегін ұсынды.
Баяндамашы М.Қоңырбаева Президент Жолдауындағы басымдықтар мен бағыттардың орындалуы, олардың жай ғана қағаз жүзінде қалмай, жұрт ашық сезінгендей жүзеге асуы бойынша нақты ақпарларға сүйеніп, талдау жасады.
Келесі кезекте, жиын төрайымы Күлайым Шағатаева күн тәртібіндегі екінші мәселе – жуырда өткізілетін Ойтал ауылдық округі әкімі лауазымы сайлауына «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан үміткер ұсыну туралы шешімді ортаға салды.
Онда «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 9.8-тармағына сәйкес, партия Меркі аудандық филиалы Саяси кеңесінің Бюросы Меркі ауданының Ойтал ауылдық округі әкімінің сайлауына өзінің кандидатурасын ұсынуы бойынша партия мүшелерінен түскен өтініштерді қарап, оны Бюрода талқылай келе, Рахымбеков Арман Байетбайұлының кандидатурасы конференцияның  қарауына енгізілгенін айтқан К.Шағатаева конференция делегаттарынан дауыс берулерін сұрады.
Өз кезегінде конференцияға қатысушы барлық делегаттар дауыс беріп, Арман Рахымбековтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Одан кейін партия аудандық филиалының консультанты Маржан Жамалова көпшілікті Ойтал ауылдық округінің әкімі лауазымына кандидат Арман Рахымбековтың өмірбаянымен таныстырды.
Жарыссөзге шыққан Ойтал ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жақан Бидайбаев аталған округтің әкімі лауазымына соңғы 4 жылдан бері осы қызметті жемісті атқарып келе жатқан Арман Рахымбековтың кандидатурасын толық қолдайтындықтарын округтегі ақсақалдар кеңесі мен жалпы тұрғындар атынан жеткізді.
Конференция жұмысы кезінде сөз алған аудан әкімі Жорабек Баубеков «AMANAT» партиясының негізгі миссиясы – халықтың мұңын ұғынып, оның мүддесі үшін жанды еңбек ету болғандықтан, сол белсенділігін одан әрі арттырып, партияға берілген құқықты тиімді пайдалану арқылы партия мүшесі Арман Рахымбековты қолдап, оған сенім артуды сұрады.
Кезектен тыс конференцияның соңында делегаттардың бірауыздан дауыс берулері арқылы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша арнайы қаулылар қабылданды.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ,
«Меркі  тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *