АСҚАРОВ – САЯСИ ҚАЙРАТКЕР ЖӘНЕ ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ

94615

…А.Асқаровтың өзіне тән басқару стилі болды. Осы стилдің кейбір бағыттарына тоқтала кетейін.

1. Өзі басқарған салалардың, аудандар мен облыстардың даму ерекшеліктерін терең білу. Ол үшін сол салаларды зерттеу қажет болды. Сол салалардың қиындықтары мен сұраныстарын білу. Мысалы, соғыстан кейінгі жылдары халықтың негізгі сұранысы мен талабы нан мен киімге
қол жеткізу, сол жолда аянбай еңбек ету. Соғыста жоғалған қиындықтардың орнын толтыру, балаларды оқыту мен білім беру. Бұл қарапайым сұраныстар  еді. Осы сұраныстарды жүзеге асыру үшін аз жылдарда қираған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қалпына келтірілді. Мал басы көбейді. Еңбекшілердің табысы артты. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорындар, темір жолдар, мектептер мен ауруханалар ашылды. А.Асқаров басқарған Жамбыл облысында ауыл шаруашылығының жаңа дақылы– қызылша өсіру қолға алынды. Тез арада Мойынты – Шу темір жолы салынды. Осы және басқа жұмыстардың бәрі де аса зор  ұйымдастырушылық деңгейде атқарылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл облысының ондаған өкілдері Мәскеуден жоғары мемлекеттік наградалар алды. Ал, 25 жасар Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров Ленин орденімен марапатталды. Одан көп ұзамай «Қызыл Ту» орденімен наградталды.
2. А.Асқаровтың стилінің келесі ерекшелігі оның іскерлігінде. Ол жоқтан бар жасай білген адам. Істің көзін табушы. Мысалы, Шымкент облысында қоқысхананың орнында бұрын-соңды болмаған демалыс аймағын тұрғызды. Бұл ешбір пенденің басына, тіпті, түсіне де кірмеген ғажап жаңалық еді. Бүкіл қаланың қоқысы сол аймаққа төгілетін. Қоқысхана желдің өтінде болып, оның жағымсыз исі қаланы тұншықтырып тұрды. Осы жерде бүгінгі күні қаланың демалыс аймағы болып отырған дендробақ, зоопарк, ипподром, балалар темір жолы салынды. Төле би ауданының Қасқасу ауылының жоғарғы тұсынан Шымкенттік Медеу мұз айдынын бастаған еді. Бірақ, оның қызметтен кетуі бұл істі мүлдем тоқтатты.
3. Асқаровтың стилінің тағы бір ерекшелігі ол қай жерден қандай құрылыс, жол тағы басқа объект салу қажеттігін дәл көре білді. Шымкент қаласында Фосфоршылар мәдениет сарайы бар. А.Асқаров обкомның бірінші хатшысы болып келгенде жергілікті басшылар мақтанышпен осы мәдениет сарайын көрсеткен. Еске алушылардың айтуына қарағанда А.Асқаров: «Бұл сарайды мына жерге қандай ақымақ тұрғызған?» депті. Шынында, сарай өте терең жерге салынған. Ал, сарайдан тура 50 метр жерде аса биік бос алаң жатқан. Ал, сарай қаншама үлкен болғанымен, шынында сырттан байқалмайды. Сол биікке салынса, өте тамаша көрінген болар еді.
А.Асқаров Шымкент қаласына айналма жол салуды бастаған. Бұл Т.Рысқұлов даңғылы болатын. Бірақ, бұл жол А.Асқаровтың кезінде Сайрам көшесінен басталып, Байтұрсынов көшесінен аяқталған еді. Ал, оның сұлбасы Қатын көпірдегі Темірлан тасжолына дейін салынып қойылған болатын. Бірақ, осы сұлбаның өзі А.Асқаров кеткен соң тоқтап қалып, 20 жылдан кейін аяқталды. Қазіргі Қонаев даңғылының сұлбасын да А.Асқаров салдырып кеткен. Бұл даңғыл қаланың солтүстігінен оңтүстігіне әлі де өте алмай жатыр. Сөйтіп, әлі де Шымкенттің көшелері қыйсық-кесік болып қалып отыр. Себебі, қаланың батысынан – шығысына, оңтүстігінен – солтүстігіне шығатын жол әлі жоқ. Айналма жол туралы айту әлі де ертерек.
4. А.Асқаров стилінің тағы бір көрінісі оның жоғарғы дәрежедегі істі ұйымдастырушылық шеберлігі, жиналыстар мен облыстық партия комитеттерінің бюро мәжілістерін үлгілі дәрежеде өткізуінде. Ол обком мәжілістерін әбден пісуі жеткенше даярлатты. Сөйлеушілердің пікірлерін алдын-ала біліп отырды. Бюро шешімдерін нақты және терең деңгейде дайындады. Өзін асқан салқынқандылықпен ұстай білді. Артық сөздерге жол бермеді. Бюро мәжілістерінде шыбынның ызыңымен қатар, оған қатысушылардың кейбіреулерінің демалуы да естіліп тұрды. Бюроны жүргізу барысында А.Асқаров жаңа мән-жайларды байқаса, шешімдерін де өзгертіп отырды.
Берілген тапсырмаларды дер кезінде орындау, оларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету, бақылаудан алу А.Асқаров істеген қызметтерде жоғары деңгейде жасалынып отырды. Ол 1972 жылы партия комитеттерінің жұмысындағы бақылау мен шешімдерді жүзеге асыру туралы кітап жазған болатын. Бұл тақырыптағы еңбектер сол кездегі Кеңес Одағында сирек болды. Ол жиналыста сөйлеуге мұқият дайындалатын. Аудиторияны бірден- ақ баурап алып кететін. Басқалардан да осыны талап ететін. Бұның бәрін А.Асқаров мектебі деуге болады.

Ғаппар  МАЙМАҚОВ,
(«Қайраткер  Асанбай  Асқаров»  атты
кітабынан  ықшамдалып  алынды).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *