ЕЛ ДЕГЕНДЕ ЕЗІЛЕДІ ЖҮРЕГІМ

f1bb5fc7-3bf9-4fa5-a84e-bbbd4ecdaeac

9846518 копия

…Дейтұрғанмен, асқар тұлға – Асанбай Асқаровтың басып өткен өмір белестеріндегі мағыналы ғұмырының әр сәті де текке өтпегеніне біздің көзімізді жеткізеді. Асекеңнің көшелі іске ұйытқы болған көсемдігі, шешіліп сөйлейтін шешендігі, ғалымдық кемеңгерлігі мен ұстаздық  әлімгерлігі, ақынға тән ұшқыр шабыты, саясатшыға тән ұстамдылығы, кесімді пікір, кесекті ойымен баурайтын жазбалары, қанатты сөздері – осының бәрі де мағыналы ғұмырының мәнін аша түсетіндей.
«Ел дегенде езіледі жүрегім,
Елімді мен бақытым деп білемін».
Сөз жоқ, Асекең – елін, жерін жан жүрегімен қалтқысыз сүйген жан. Ұлтына деген ұлы сезімін өн бойына өлшеусіз сіңірген тұлға. Халқының бақытын өзінің бақытына балаған басшы. Бұған Асекеңнің ел мұраты үшін атқарған игілікті шаруалары толық дәлел.
Асекең атқа мінген жылдарда ел-жұртының шын жоқшысы болды. Алмас қылыштай өткірлігімен, ешкімнен тайсалмай асқақ үн қатып, батыл істерге барды. Сол үшін де ол барлығына бірдей жақпады. «Өз халқының мұң-мүддесін түсінген адамды ұлтшыл деп кінәлауға бола ма, – дейді Асекең, – өйткені, адам ұлттық  сана-алмайды. Халық қалай итере салсаң, солай жығыла салады деп есептейтіндер қателеседі. Халықтың күші оның ұлттық сана-сезімінде екенін ұмытпау керек… Халықтың өзіне тән категорияларымен ойлайтын адам елінің мүддесінсіз өмір сүре алмайды. Өз халқын сүю басқа халықты да сыйлауға итермелейді».
Асекеңнің халқына деген риясыз сүйіспеншілігі бақай есеппен күнелткен әлдебір  жандайшап опасыздарға таптырмас пұрсат берді. Олар осы бір алмағайып кездің осал тұсын сәтті пайдаланып, арызды қардай боратты. Әрқашан таланттылардан қаймығып келген коммунистік режим Асекеңнің ұлтына деген қалтқысыз пейілі мен «іскерлігінен» сескеніп, егде тартқан шағында есіл ерді істі қылады… Мұны сол кездің трагедиясы дегеннен басқа айтарымыз жоқ, әрине. Әйтпесе, арда өскен асыл азаматтың ел-жұртын көркейтуден басқа жазығы жоқ еді. Сұрақ көп, жауап жоқ…
Амал нешік, қазір бізде халқының жайын емес, қарақан басының қамын күйттеп кеткен бишікештер мен олигархтар аз ба?! Осындайда, әттең, аса байлары көп, «Асанбайлары» жоқ дүние- ай дейсің!
Өмірдің тәттісін де, талқысын да теңдей татқан Асанбай аға ғұмыры бізге ұлт үшін күюдің оңай  еместігін ұғындырады. Өйткені, тарихтың қай бетін парақтамайық, жұрты үшін жанын салып, елі үшін терін төккен арлы арыстардың атына күйе жағылмағаны аз болмапты.
Сөз арасында айтудың реті келеді, бізде билік тізгінін ұстаған басшылар аз болған жоқ қой!? Алайда, билікте жүрген кезінде қолпаштауды көп көргенімен, тізгін тапсырып, тақтан түскен соң олардың халық қаперінде қалғаны, жұрт назарында жүргені аз. Есте қалғанынан ұмытылып жатқандары көп сияқты. Керісінше, ел ардақтысы Димекең мен Асекеңнің жұрт жүрегінен түпкілікті орын алуы неліктен? Меніңше, бұған Асекеңнің: «Халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын» дейтін риясыз жүрек сыры толық жауап беретін тәрізді.
Асекең – артына соны соқпақ қалдырған айтулы тұлға. Сол соқпақпен бүгінде талай жас мақсат-мұратына беттеп келеді. Асекеңді үлгі тұтқан көптеген жеткіншек елі мен жеріне еңбек етуге құлшына кірісуде. Еңбектің ащы тері кескіндеген Асекең бейнесі уақыт озған сайын биіктей түсетіні, ұрпақ ауысқан сайын асқақтай беретіні шүбәсіз. Біз бұған кәміл сенеміз.

Намазалы ОМАШҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *