ҰЛЫ ТҰЛҒА ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұлы тұлға ұлықталды 1

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Асанбай Асқаровтың ғасыр жасқа толуы кең көлемде аталып, сол арқылы елге белгілі азаматқа лайықты бағасы берілді. Осы ретте, елім деген ерін ұлықтау үрдісінде аудан әкімдігінің Айваз Османов басқаратын дене шынықтыру және спорт бөлімі, Абырой Иманжанов жетекшілік жасайтын аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы мен президенттік лауазымына Тынышбек Кембай бекітілген аудандық шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы федерациясы да қалыс қалмады.

Ұлы тұлға ұлықталды 2
Олар жыл басынан бері Асанбай ағамыздың құрметіне көптеген спорттық іс-шараларды өткізіп, Алаштың арда азаматының ел есінде қалуына өзіндік үлестерін қоса білді. Соның бірі, 11-қыркүйек күні А.Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжінде жылдам шахматтан (рапид) өткен аудандық фестиваль- турнир болатын.
Бұл шахмат фестиваліне Алматы, Түркістан, Кентау, Тараз қалалары мен Қырғызстанның Талас, Қарабалта шаһарларынан келген, барлығы 14 команда қатысты.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, фестивальдің салтанатты ашылуы кезінде сөз алған Айваз Османов спортшыларға сәттілік тілесе, Меркі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әметқұлов Асанбай Асқаровтың өмір жолына тоқталып, естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін сөз кезегіне ие болған Тынышбек Кембай спортшыларды фестивальдің ашылуымен қызу құттықтап, әрқайсысы 3 ер және 1 әйел спортшыдан тұратын, барлығы 14 команда мүшелеріне жарыстың швейцарлық жүйемен 6 турда өтетінін хабарлады.
Өте тартысты өткен жарыстың соңғы нәтижесінде 1-орынды Тараз қаласының командасы жеңіп алды. Ал, 2-орынға Жамбыл облыстық шахмат федерациясының командасы жайғасса, 3-орын түркістандықтарға бұйырды. Біздің «Меркі-2» командасы (құрамында Бақытжан Кембаев,
Илья Кармаев, Даниил Кочерга, Ақерке Сейітқазиева сынды шахматшылар болды) 4-орын алса, 5-орын Қарабалтадан келген қырғыз ағайындардың қанжығасына байланып, 6-орынға Кентау қаласының шахматшылары ие болысты.
Жеңімпаздарды марапаттау кезінде алдыңғы 3 орынды жеңіп алған спорт- шыларды құттықтаған колледждің құрылтайшысы Қырғызбай Раушанбек пен кеңесші Жанна Қырғызбай командаларға арнайы кубок, диплом мен медаль, сонымен қатар, ақшалай сыйлықтар табыс етті. Қалған жүлдегер командалар да ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Фестиваль барысында жақсы өнер көрсеткен «Меркі-3» командасы (Бақыт Ерсайын, Ерасыл Мырзакерім, Қасым Қайсарұлы, Диана Сүлейманова) демеушілер тағайындаған арнайы сыйлықты алып, мерейлері үстем болды.
Сөз соңында айтарымыз, аудандық шахмат федерациясының басшылығы аталған жарыс кезінде демеушілік жасаған колледждің құрылтайшысы Қырғызбай Раушанбек пен «Күншуақ» және «Сезім» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілеріне үлкен алғысын білдіреді.

Әлихан  НҰРАЛИЕВ, «Меркі тынысы».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *