Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, кемел келешектің кепілі. Сондықтан, халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бүгінгі шыбық ұстаған бала ертеңгі күні бір отбасының ғана емес, бір қауымның, бір елдің тұтқасын ұстайтынын ежелден ескерген. Сондықтан, әрбір баланың қызық қуған балғын шағынан бастап, тұғырына қонған тұлға болып қалыптасуына дейін қоғам болып жауапкершілікпен қараған.
Халқымызда бала тәрбиесіне қатысты «…он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» – деген аталы сөз бар. Бұл мақалдың астарына үңілсек, ұрпақ тәрбиесінің өте күрделі кезеңдерді қамтитынын, әр кезеңнің өз уақыт-сәті мен тәсілі барын және оған байыппен қарау керек екенін анық ұқтырады. Айталық, жас талшыбық қай жақтан жел күшті соқса, сол жаққа қарай майысады емес пе? Сол секілді, өскелең ұрпақтың да жас жеткіншек кезінде «бөгде желдің» ығына жығылмауын қадағалау маңызды. Осы мәселеге келгенде, дәл осы тұста, қоғамға жүктелетін жауапкершіліктің маңызы тіптен жоғары болса керек. Өйткені, балалықтан бет бұрып, жастықтың шәрбатына масайған жеткіншекті жолдан тайдыруға дайын тұратын «көлденең көк атты» өмір жолында қашан да көптеп кездеседі. Сондықтан, әрбір жеткіншек үлкен өмірге қадам баса, болашақтың бұлыңғыр жиегіне жетіп, жақсы мен жаманның арасына тоқтағанда оларға түзу жолды сілтейтін бағдаршам біз болуымыз керек екен.
Осынау жазылмаған өмір заңдылығын ескеру әрбір үлкеннің парызы болса, ал оны ел басқарып отырған ағалардың үнемі назарда ұстауы көңілге қонымды. Елдің ертеңіне деген сенімге селкеу түсірмейді. Ондай елдің жастары бақытты, болашағы жарқын деп сеніммен айтуға болады. Ел ағалары дегенде, осы тұрғыда аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының аудан жастарына деген ерекше ықыласы мен көңілін айтқымыз келіп отыр. Аудан әкімі жастармен еркін форматта кездесу өткізуді әу баста-ақ дәстүрге айналдырды. Ондағы мақсаты – емен-жарқын сұқбат құрып, жастардың жанын түсіну, сырласу, білгенін үйретіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісу. Ауданды дамыту жолында жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың мәселелеріне назар аудару және шешу жолдарын өздерімен бірге талқылау.
Аудан әкімінің жастармен осындай кезекті кездесуі күні кеше аудандық Мәдениет үйінің конференция залында өтті. Дөңгелек үстел басында ауданның белсенді жастарымен бас қосқан Жорабек Нұрмергенұлы алдымен жастардың қоғамдағы рөлі жайында айтты. Меркілік жастардың ауданымызды көркейтуге қосып жатқан үлесін атап өтіп, ризашылығын білдірді. Аудан басшысы өзінің «Ынтымағы мен бірлігі жарасқан меркіліктер» деген үндеуіне үн қосып, ортақ мүдде жолында бір жағаға бас қоса білген жастарға алғыс айтты.
Қазіргі уақытта белсенді жастар ауданымыздың тазалығын қамтамасыз етуге, әртүрлі қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шаралардың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне атсалысып, барлық шараның бел ортасынан табылып жүр. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығы жайында жастармен ой өрбітті. Сондай-ақ, осы мақсатқа кедергі келтіретін проблемалық жағдаяттар болса, тыңдауға әзір екенін жеткізді. Өз кезегінде жастар жағы да өздерінің бірқатар ұсыныстарын айтып, аудан әкіміне өз ойларын жеткізді.
Көңілді өткен келелі кездесулер алдағы уақытта да осылай жалғаса беретініне біз сенімдіміз. Ал, өздеріне деген сенімді сезінген жастардың қашан да жолы ашық екеніне еш күмән жоқ.
Қазыбек КАМАЛ,
«Меркі тынысы»