Бүгін Ақтоған ауылдық округіндегісаябақта ауданаралық байқауларда халық әндерін көпшілікке ұсынып, қазақы салт-дәстүрді дәріптеп жүрген «Дәсүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аналары елу түп Гибискус – сирия розасын отырғызды.
Бұл – облыс және аудан әкімдігінің бірлесе өткізіп жатқан «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» акциясы аясында ауылдарды абаттандыру, көгеріштендіру мақсатында өткізілген іс-шара. Оған аудан әкімінің орынбасары Н.Нәрікбаев пен Ақтоған ауылдық округінің әкімі Д.Әбдіразақ, ауыл қариялары мен округ қызметкерлері қатысты.
Аналар «Осы отырғызып жатқан ағаштарымыз мәуелеп өсіп, болашақ ұрпақтарымыз осылардың аясында рахаттанып, қызығын көріп, бақытты ғұмыр кеше берсін» деген батасын білдірді.
Әлемді әлдилеген аналарымыздың жылы алақанымен, мейірімімен, аналық жүрегімен отырғызылған ағаштар әлбетте жайқалып өседі деген сенім мол.
Сенбілік соңы әжелердің «Дедімай-ау» – «Алма ағаштың гүліндей» деп басталатын әнімен өрнектеліп, соңы Қара жорға биіне ұласты.