БАСТЫ МАҚСАТ – ТАЛАПҚА САЙ ҚЫЗМЕТШІЛЕР ДАЙЫНДАУ

Басты мақсат- талапқа сай қызметшілер дайындау

Дүйсенбі күні, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облысы бойынша филиалының бастамасымен жоғарғы оқу орнынан кейін білім беру бағдарламалары бойынша 2023 жылға арналған академияның оқуға қабылдау ережелерін түсіндіру мақсатындағы жиын болып өтті.

Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Сұраншиев Нұргелді Ғалымжанұлы төрағалық жасаған жиынға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы Асанов Мәлік Назымбекұлы мен аталған филиалдың доценті Бапанов Арсений Ауданбекұлы, сонымен қатар, аудан әкімдігінің аппараты және бөлімдері және ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері қатысты.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Нұргелді Ғалымжанұлы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауапты бірегей оқу орны екенін айта келе:

– Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жыл сайын магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ниет білдірушілерді қабылдауда және тиісті мамандықтар бойынша оқытуда. Биылғы жылы 3-сәуір мен 29-маусым аралығында аталған академияға магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша құжат қабылдау жүргізілуде. Осы ретте, бұл туралы хабарламалар аудан әкімдігінің ресми сайтына, әлеуметтік желіге орналастырылып, ауылдық округтер мен әкімдіктің бөлімдеріне хат түрінде жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. Осы жанды жұмыстардың жалғасы – бүгінгі кездесу болып табылады. Сондықтан, Мемлекеттік басқару академиясына  түсуге ниет білдіруші тұлғалар оған түсудің мүмкіндіктері мен маңыздылықтары бойынша сұрақ-сауалдарыңызды қойып, оған тұщымды жауаптар алсаңыздар болады, – деп көпшілікті ашық сұхбатқа шақырған соң, сөз кезегін Мәлік Назымбекұлына берді.

Мәлік Асанов ұлттық заңнамадағы маңызды жаңашылдықтарға тоқталып, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жаңа идеялар мен заман талаптарына ашық мемлекеттік қызметшілерді дайындайтын оқу орны екенін айтқан соң, магистратура мен доктарантура бағдарламаларына қойылатын негізгі талаптар, барлығы 8 құжаттар тізімі мен конкурстық іріктеу кезеңдерінің алгоритмі және қабылдау алгоритмі, сонымен қатар, академияда білім алудың артықшылықтары турасында түсінікті түрде кеңінен әңгімелеп берді.

Келесі сөз кезегін алған Арсений Ауданбекұлы үлкен экрандағы  слайд арқылы «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтудағы бизнес-процестерді оңтайландырудың рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

Берері көп болған жиынның сұрақ-жауап кезеңінде облыстық лауазымды тұлғалар мен Нұргелді Ғалымжанұлы көпшіліктің бірқатар сұрақ-сауалдарына тиісті деңгейде жауап беріп, байланыс нөмірлерімен алмасты.

Жиынның соңында Нұргелді Сұраншиев  ауданымызға арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, академияға түсу жолдарын түсіндірумен қатар,  сыбайлас жемқорлық бойынша дәріс оқып, үгіт-насихат жұмыстарын  жүргізгендері үшін Мәлік Асанов пен  Арсений Бапановқа  мемлекеттік қызметшілер атынан үлкен алғысын жеткізді.

Ал, енді аталған академияға оқуға түсуге ниет еткен мемлекеттік қызметшілер үшін қосымша ақпарат ұсынсақ, 2021 жылдың 26-ақпанында Президент Жарлығымен мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген-ді. Ол тұжырымдаманың негізгі міндеті – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен оны білікті әрі тиімділігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету болып отыр. Биыл үміткерлерден құжаттарды қабылдау онлайн форматта өтеді. Жаңа оқу жылына академия 8 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама әзірледі. Биылғы жылғы кейбір өзгерістерге тоқталсақ, академия түлегі – мемлекеттік қызметшінің оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыс өтеуі алып тасталды. Үш жылдық өтеу жалпы мемлекеттік қызметте жүзеге асырылады. Сонымен қатар, үміткерлер магистратураға түсуі үшін кемінде 2 жыл, ал, доктарантураға 5 жыл еңбек өтілі болуы керек.

                           Әлихан НҰРАЛИЕВ,

«Меркі тынысы»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *