ДАРЫН – ЖАНЫП ТҰРҒАН ЖАЛЫН

Дарынды бала - жанып тұрған жалын

Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін тірек мектебінде (ресурстық орталық) дарынды балаларға арналған «Дарын – жанып тұрған жалын» тақырыбында семинар-практикум өтті.

Семинар практикумға ауданымыздың мектептерінен директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Семинардың мақсаты: оқушылардың бойындағы қабілетін дәріптеп, олардың одан әрі шыңдала түсуіне, өмірдегі жауапкершілікті түсінуіне жол ашу және оқушының дарынын ашуға мұғалімнің ықпалы бар екенін түсіндіру.

Семинар-практикум жаңаша форматта өткізілді. Семинарға қатысушыларды мектеп домбырашылары  қазақтың күмбірлеген күйімен қарсы алды. Семинарды мектеп директоры Б.Бектұрғанов пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Байтүлекова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Семинар-практикум үш бөлімде ұйымдастырылды. Бірінші бөлім «Шығармашылық алаң» – «Мен өз әлемімді жасаймын» деп аталды. Алаңда мектептің дарынды оқушыларының жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Оқушылар өз жұмыстарымен таныстырды. Мектеп психологтары күндеріне сәттілік тілей отырып, келген қонақтармен тренинг өткізді.

«Шығармашылық алаң» жұмысы аяқталғаннан кейін, семинар «Дарын – жанып тұрған жалын» тақырыбында өткізілген ашық алаң бағдарламасында жалғасын тапты. Ашық алаңда дарынды балалар мен ата-аналары, ұстаздары арасында пікір алмасу жүргізілді.

Ашық алаң қонақтары ретінде магниттік мектептер №34 мектептен «Азия жұлдыздары – 2023» байқауының бас жүлде иегері, 9-сынып оқушысы Таңнұр Төстік, осы аталған мектептің дарынды оқушысы, түрлі байқаулардың жеңімпазы Айбану Әжіхан, №35 мектептен «Абай», «Мұқағали» шығармаларын сүйіп оқитын Гүлайым Бейсенбек. Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін тірек мектебінің  оқушылары, көркемсөз оқу шебері Айдана Бейсенбай, бірнеше ғылымды меңгеріп, олимпиада жүлдегері атанған, әрі домбырашы Балжан Сандық ата-анасымен қонаққа шақырылды.

Дарынды оқушылардың ата-аналарына, ұстаздарына сауалдар қойылып, пікір алмасты. Ата-аналар балаларға өз тараптарынан қолдау көрсетіп отыратынын, мектеп ұстаздарымен тығыз байланыста болатынын айтып, шәкірттерді тәрбиелеп отырған мектеп ұстаздарына алғыстарын білдірді.

Ашық алаң бағдарламасы «Жарқырайды жұлдыздар» бенифис-шоуымен жалғасын тапты. Бенифис-шоуда киелі қарашаңырақ мектебіміздің дарынды оқушыларының шеруі болды. Шоуда мектептің пәндік олимпиада иегерлері, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мақтанышпен ортаға шақырылып, шәкірттердің құрметіне «XXI ғасыр жастары» әні тарту етілді.

Келесі кезекте поэзия, проза шеберлері, бірнеше байқаудың жеңімпаздары ортаға шақырылып, «Бауыржан», «Әбіш» оқулары байқауларының жеңімпазы,  9-сынып оқушысы Индира Жұманова  қонақ кәде ретінде «Ұшқан ұя» повесінен үзінді оқып, семинарға қатысушылардың жан дүниесін шырайландырды.

«Спорт – салауатты өмір салты» – демекші, келесі кезекте  «Қол добы» спортының жеңімпаздары ортаға шақырылды. «Қол добы» спортын облысымыз бойынша ең алғашқы болып ұйымдастырған денешынықтыру пәнінің ұстаздары А.Сымтықов пен Р.Абдухалиловтар оқушылардың аз уақыт ішінде бұл спорт түріне қызығушылықтары артып,  оқушылардың қатары көбейгенін  және де топ мүшелерінің облыстық, республикалық жарыстарда 2000-2023 жылдар аралығында қоржындарын жүлделі орындармен толтырып келе жатқанын мақтанышпен айтып өтті.

Семинар соңында қатысушылар семинардың  жоғары деңгейде өткізілгенін айтып, ризашылықтарын білдірді.

«Ашық алаң» бағдарламасының, «Жарқырайды жұлдыздар» бенифис-шоуының жүргізушілері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Батырбековаға, тарих пәнінің мұғалімі Ғ.Ордабаевқа алғыстарын білдірді. Семинарды аудандық білім бөлімінің әдіскері Ж.Байтүлекова  қорытындылап, семинардың өте жақсы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілгендігін айтып, мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Венера  БИЛИБАЕВА,

Ақкөз Қосанұлы атындағы №18

жалпы орта білім беретін тірек

мектебінің  (ресурстық орталық)

қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *